Аймақтар • 02 Сәуір, 2019

Атырауда инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды

593 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл шеберханада ерекше балалардың дамуына қажет жағдайдың бәрі бар. «Венера» инклюзивті шығармашылық шеберханасы аутизм, Даун синдромы, сал ауруы секілді дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейді. Осы жерге балаларын алып келетін ата-аналар үшін де түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Атырауда инклюзивті шығармашылық шеберханасы ашылды

Орталық жұмысы 5-15 жас аралығындағы балалардың шығармашылық қабілеттерін, инклюзивті білім беру мен моторикасын дамытуға бағытталған,- деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Орталық 25 адамға арналған, мұнда балалармен логопед, арт-терапия, логоритмика мамандары айналысады. Сенсорлық-динамикалық интеграция залы, дене шынықтыру, бейімделу залы бар. Бейіндік мамандардан бөлек АВА-терапия кабинеттері жұмыс істейді. АВА-терапияның басты мақсаты – баланың жеке қабілеттерін негізге ала отырып, мінез-құлық технологиясы мен әсер ету әдісі арқылы жаңа дағды қалыптастыруға, қоршаған ортаны өз еркімен меңгеруіне мүмкіндік жасау, - дейді орталық басшысы, ерекше баланың анасы Гүлбарам Ермұқанова.

Орталықтың ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, атқарылып жатқан шаралардың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар ерекше балалардың проблемалық мәселелерін шешу үшін барлық жағдайды жасауға дайын. «Бұл - мемлекеттің болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы, балаларды әлеуметтік бейімдеуге қолдау көрсету. Қазіргі қоғамда мүмкіндіктері шектеулі балалардың әлеуметтік дамуы өзекті мәселелердің бірі. Осы орталықтың ашылуын көптен күттік. Ерекше балаларды әлеуметтендіру үшін не істеу керек? Біз өз тарапымыздан осындай орталықтарды құруға қажет жағдайдың бәрін жасауға дайынбыз. Облыс аудандарында да осындай орталықтар ашу мәселесі күн тәртібінде тұр,-деді Нұрлан Ноғаев.

Инклюзивтік шығармашылық шеберханасына мемлекет тарапынан арнайы ғимарат берілген, ал қажет құрал-жабдықтар демеушілер көмегімен алынды.


     АТЫРАУ