Саясат • 02 Сәуір, 2019

Аутизм мәселесі – қоғам назарында

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында ұйымдастырылған іс-шараға 300-ден аса алматылық балалар мен олардың ата-аналар қатысты.

Аутизм мәселесі – қоғам назарында

Pioneer Concept Қоғамдық қоры мен InfoJump спорттық маркетинг агенттігі бастамашыл болған мәдени іс-шараға «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы мен қалалық әкімдік қолдау көрсетті.

«Мақсат – аутизм дертіне шалдыққан балаларға шуақты мейірім мен қуаныш сыйлау арқылы осы жабық тақырыпқа қоғамның назарын аудару», - деді жиынды ашқан Pioneer Concept ҚҚ директоры Жанат Қаратай.

Бүгінде аутизм әлемдік деңгейдегі мәселеге айналған. Сондықтан, 2007 жылы 18 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында арнайы қаралып, нәтижесінде 2008 жылдан бастап, 2 сәуір аутизм туралы ақпарат тарату күні болып жарияланды.

Шынын айтқанда, аутизм Қазақстанда көп  айтыла бермейді. Статистика бойынша, елімізде 4 мыңдай бала осы дертпен есепке алынған. Диагнозы ерте анықталса, ондай баланы мектепке дейін оңалту мүмкіндігі бар екенін медицина дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар, аутизммен туған сәбилер дәрі-дәрмекпен ғана емделмейтінін көп адам біле бермейді. Оларды сауықтыру, бейімдеу үшін үлкен психологиялық көмек керек. Сол себепті, Nur Otan партиясы мен мемлекет түрлі бағдарламалар қабылдап, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, Елбасымыздың тапсырмасы бойынша, партиялық «Кедергісіз келешек» жобасы енгізіліп, инклюзивті білім беру, мүгедектерді еңбекке орналастыру сияқты шаралар тұрақты жүзеге асырылуда.

«Осы жоба аясында 2015 жылдан бері қаламызда ерекше қажеттілігі бар жандарға бөлінетін қаржы көлемі 2,4 млрд. теңгеден 4,2 млрд. теңгеге (яғни 2 есеге) артты. Тек, өткен жылдың өзінде 1 мыңнан астам мүгедек жандар жұмысқа орналастырылды. Басқа да атаулы көмектер тұрақты көрсетілуде, - деді өз сөзінде Nur Otan партиясы АҚФ төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.

Сондай-ақ, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Өскемен қалаларында бизнес көмегімен аутизмнен оңалту орталықтары құрылып, балалардың спортпен, музыкамен айналысуына мүмкіндіктер жасалып отыр. Нәтижесінде «Аутизмді жеңеміз» жобасы пайда болып, жас балалардың өмір сүруге деген құлшынысын оятты. Кішкентай ұлдар мен қыздар қандай қиындық болса да, оны жеңуге болатынын дәлелдеді. Жас бишілер, әншілер өз өнерлерін ортаға салып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Бүгінгі акция соның жарқын жалғасы деп білеміз.


 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ