Қоғам • 03 Сәуір, 2019

Көз алдаумен көшіміз түзелмейді

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметтің халықтың әлжуаз тобын әлеуметтік тұрғыда қолдауы қуанарлық жайт болғанымен, мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтарымыздың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етуіміз керек, дейді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров өзінің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке сауалында. Бұл жерде ол ШОБ-тарды қолдау мәселесін арттыруды айтып тұрғаны белгілі. Бірақ мемлекет олар үшін жағдай жасап, миллиардтаған қаражатты жеңілдікпен несиеге беріп жатыр емес пе деп ойлаймыз ғой. Сөйтсек, экономиканың ұңғыл-шұңғылын терең білетін маманның көзімен қарағанда осының өзі аз екен.

Көз алдаумен көшіміз түзелмейді

ШОБ-тың бүгінгі таңда­ғы ахуалын сараптаған ол 2019 жыл­дың 1 наурызындағы жағ­дайға сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда 10 па­йызға артқанын айтады. Үстірт қара­ған адам мұны жақсы көр­сет­кіш деп қанағаттанып қала­ды. Бірақ «бақсақ бақа екен» деген­дей бұл кәсіпкерлік бел­сен­діліктің артқаны емес, өзін өзі қам­титындарды есепке алу­дың артқанының нәтижесі екен. Азаматтарымыздың жеке кәсіп­кер ретінде тіркелгенінің бәрін статист мамандарымыз кәсіп­кер­ліктің артқаны деп есеп беретін көрінеді. Мәселен, бір адам өзінің мәшинесімен анда-санда, қолы боста кісі тасу үшін жеке кәсіпкер болып тіркелсе, статистеріміз бір кәсіп­кердің саны артты деп мәз болып, есепке кіргізеді екен. Сөйтіп, қазіргі таңда елімізде 840 мың адам кәсіпкер деп саналатын көрінеді. Егер елімізде шын мәнінде осынша кәсіпкер болса, экономикамыз қазіргіден әжеп­тәуір алға басып кетпес пе еді?

Қазір ШОБ-тың 35 пайызы алыпсатарлықпен айналысатындар екен. Ал дамыған елдерде оның үлесі 25 пайыздан аспайды. Өңдеу кәсіпкерлігі саласында еңбек ететіндердің үлесі 3 пайыздан аспайтын көрінеді, ал көптеген елдерде бұлардың үлесі 20-25 пайыздан кем емес. Депутаттың ойынша, бұл біздің жеке кәсіпкерлеріміздің елдің экономикасының дамуына қосып жатқан өзіндік үлесінің төмен екенін көрсетеді. «ШОБ-тың негізгі бөлігі өздері түк өндірмей, тек шетелдік өнімдердің бағасын өсіре сатумен айналысып жатса – мұны экономикалық ахуалдың жақсарғаны деп айтуға болмайды», дейді А.Қоңыров.

Еліміздің алдында ІЖӨ-дегі ШОБ-тың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Депу­таттың айтуына қарағанда бұл мақсатқа біз тек өндіріс пен тех­нологиялық қызмет көр­сету салаларын жедел дамыту арқы­лы ғана қол жеткізе аламыз. Маман­ның ойынша ШОБ-тың қазіргі құрылымы экономиканың тұрақтылығын арттыруға қол жет­кізбейді, кері­сінше сауда саласын ғана біржақ­ты арттырып, оның басқа салалар­дың дамуына кедергі жасауын тудырады.

Сайып келгенде, депутаттың ойын­ша мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы тек ар­­зан­­датылған несие берумен шек­­телмеуі керек. Қазір ШОБ-тың 668 жобасы 150 млрд тең­геге қаржыландырылуда, бірақ со­ның 22 пайызы ғана ин­вес­тиция­л­ық мақсаттарды көз­деген. Қал­ған­дары дамуды емес, тек айналыс құралдарын толық­тыру мен ағымдағы займдарды қайта қаржыландыруды мақсат еткен. Бұл ШОБ-ты дамыту емес, тек жұмыс орындарын азайт­пай сақ­таудың амалдары ғана. Сон­дық­тан ШОБ-ты жаңа дең­гей­ге көтеретін тиімді шаралар қолданбай, оны дамыта алмаймыз дейді депутат.

Өзінің сауалында А.Қоңыров Үкіметке осы бағытта жаңа шаралар әзірлеуді ұсынады және көбінесе, көзбояушылық үшін жасалатын статистикалық деректерге сүйеніп, алдағы жоспарлар мен болжамдарды жаса­мау керектігін ескерте келіп, ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үле­сін 50 пайызға дейін арттыру бағы­тын­да қандай жоспарлар жасал­ғанын айтып беруді сұрады. Шынын­да, бұл жалпы халықтың алаңдау­шы­лығын тудыратын мәселе екен.