– Фараби форумы дәстүрлі түрде өткізілетін, халықаралық деңгейге көтерілген, ауқымы кең ғылыми-іс-шараға айналды. Сонымен қатар бұл форум белгілі қазақстандық, танымал шетелдік сарапшылардың пікір алмасу алаңына айналды.
Кезекті Форумда адамзаттың көрнекті ойшылы Әбу Нәсір әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасының маңызының арта түсуіне өз үлестерін қосып жүрген, қазіргі заманғы ғылым мен білімнің дамуына қызығушылық танытып отырған отандық және шетелдік ғалымдар баяндамаларын ұсынды.
Пленарлық мәжіліске Франция, Түркия, Гонконг, Польша, Тәжікстан, Пәкістан, Ресей ғалымдары қатысып отыр, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінң ректоры, академик Ғалым Мұтанов.
10 күнге созылатын Форумның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик Мұрат Жұрынов, Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенші және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич, Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Назир Баходур, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Франциядағы Экс-Марсель университетінің профессоры, Жиль Гастон Гранже орталығының директоры Паскаль Торонто, Түркиядағы Ұлығдағ университетінің теология факультетінің профессоры Яшар Айдынлы, шығыстанушы, дінтанушы, филология ғылымдарының докторы Дербісәлі Шейх Әбсаттар сөз сөйлеп, алғашқы мазмұнды баяндамаларын оқыды.
VI Халықаралық Фараби оқулары аясында мемлекет пен тұлғаны, қоғамды дамытудағы мәселелерді шешу үшін шетелдік және қазақстандық ғалымдардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған ірі халықаралық ғылыми іс-шаралар өтеді.
Фараби оқуларына Қазақстан университеттері мен жақын және алыс шет елдердің ғылыми мекемелерінің ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысады.
Фараби оқуларының аясында 2-3 сәуірде «Әл-Фараби және қазіргі заман» VI Халықаралық Фараби форумы, 3-12 сәуір аралығында факультеттердің халықаралық ғылыми конференциясы, 8-11 сәуір аралығында «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясы өтеді.
Ғылыми-техникалық іс-шаралар Огайо Университетінің (АҚШ), Хамад Бин Халифа университеті Исламдық зерттеулер колледжінің (Катар), Эксетер университетінің гуманистік биоархеология орталығының (Ұлыбритания), Франкофония халықаралық агенттігінің (Румыния), Пусан университетінің (Оңтүстік Корея), Каир университетінің (Египет), Челябі мемлекеттік тарихи-мәдени "Аркаим" қорығы мен РҒА философияинститутының (Ресей) және т.б.ғалымдарының қатысуымен басталды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ