Аймақтар • 03 Сәуір, 2019

«Ақберендіктер» кенорнындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауда

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаламқас кен орнында ағымдағы жылдың 25 наурыз күні таңғы сағат 07.10-да тұтанып, 28 наурыз күні сөнген өрттің орнын қалпына келтіру шаралары қолға алынған болатын. Оқиға орнында мамандар жұмыс жасап, жалынның жану себептерін анықтауда.

«Ақберендіктер» кенорнындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауда

 «Кәсіби  әскерилендірілген авариялық құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ақберен» Маңғыстау филиалының 4 жедел-алдын алу жұмысы жөніндегі инженері және 15 құтқарушысынан құралған жедел топ оқиға орнында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кезекшілік қызмет атқаруда.

Қаламқас кен орны №8237 ұңғымасындағы жалын тоқтағаннан бері онда апаттық-жою жұмыстарының жоспары жасақталып, «Ақбереннің» жедел тобы ұңғыма сағасында кезекшілік тәртібімен бөлшектеу жұмыстарын жасауда. Саға шахтасы тазаланып, О 426 шегендеу бағанының жоғары бөлігі тегістелді. О 426 мм бағанына бағаналық фланецтің монтажы жасалып, гидравликалық қосарланған оймалы превентор құрастырылды. Превенторды басқарудың негізгі пульті іске қосылды.

Бұрғылау ерітіндісіне арналған ыдыстар қамбадан шығарылып, ұңғыма аумағынан әріге алынып тасталды. Осыдан соң, бұрма желілері монтаждалған. Ұңғыма сағасындағы газ-ауа ортасына метанды анықтауға арналған өлшеу үнемі жасалынып, ол теріс нәтиже көрсетіп тұр.

Қаламқас кен орнында «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-і «Ақберен» Маңғыстау филиалының «Урал-44202» жедел вахталық көлігі,  «Урал-44202» жедел жүк көлігі, «Санг Ионг» көлігі және «Камаз-43118»  базасындағы жылжымалы жөндеу шеберханасы, бұранда кесуге арналған станциясы бар гидравликалық құрылғы, қолмен тұрба кескіш, станциясы бар гидравликалық гайкакескіш сынды бірқатар техника мен құрал-саймандар қолданылды. Тереңдігі 903 метрлік №8237 ұңғымасын бұрғылау кезінде газ-су қоспасы жанып, өрт аумағы шамамен 900 шаршыметрді құрап, биіктігі 10 метрге дейін жалын атқылаған болатын. Ақберендіктер кен орнына 25 наурыз күні келіп жетті. 28 наурыз күні жалын сөніп, комиссияның шешімімен, өртенген ұңғыманы жоюға дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырылған «Ақберен» Маңғыстау филиалының құтқарушылары бүгінде бөлшектеу жұмыстарын аяқтауда.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ақберен» Маңғыстау филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, серіктестіктің 19 құтқарушысы 9 күн бойы Қаламқас кен орнында кезекшілікте болып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын абыроймен атқарды. Ауа-райының қолайсыздығы мен апаттың зардабына қарамастан, жедел топ мүшелері тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.


Маңғыстау облысы