Спорт • 03 Сәуір, 2019

«Atyrau Marathon – 2019» дәстүрлі марафоны биыл да болады

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінге дейін мың жарым қатысушы жүгіруге тіркелді, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Atyrau Marathon – 2019» дәстүрлі марафоны биыл да болады

Биыл үшінші рет өткелі отырған дәстүрлі марафон кең көлемде болады және үш мыңға жуық қатысушы бақ сынайды деп күтілуде. Бүгінге дейін Қазақстанның ірі қалалары – Нұр-Сұлтан, Алматы,  Өскемен, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудан желаяқтар бұқаралық жүгіруге қатысуға өтінім берді. Үшінші қайырымдылық жүгіру шарасындағы бес қашықтықтың біріне қатысуға шетел азаматтары-мұнай компанияларының мамандары да ниет білдірген.

-Қатысушылардың таңдауына бес қашықтық  42 км, 21 км, 10 км, 3 км, 1, 2 км (балаларға арналған) ұсынылады. Жеңімпаздар жастарына қарай 76 санат бойынша марапатталады. Жалпы жүлде қоры 5 млн теңге, -дейді «Atyrau Marathon -2019» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.

Ұйымдастырушылардың айтуларынша, ең алыс үш қашықтыққа қатысу үшін ақшалай төлем жасау керек, түскен барлық қаражат қайырымдылық мақсатқа – жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жұмсалады.

3 және 1,2 км қашықтыққа жүгіруге қатысу тегін. Марафонның барлық қатысушыларына естелік медаль беріледі, ал жүлдегерлерді демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтар күтіп тұр.

«Atyrau Marathon – 2019»  ҚР Тұңғыш Президенті жариялаған Жастар жылы аясында өтеді. Әр түрлі қашықтықтағы жүгіруге қала мен облыстағы жастар өкілдері қатысады.

-Жастар саясатын дамыту – қоғамдағы басты бағыттың   бірі. Ел болашағы жастардың қолында. Қай салада болса да жоғары нәтиже көрсетіп, саламатты өмір салтын қолдап, спортпен шұғылдану керек. Сондықтан, біз өңір жастарын марафонға белсенділікпен қатысуға шақырамыз, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.


Марафонға қатысу үшін www.atyraumarathon.kz сайтында және Құрманғазы-12 мекенжайында орналасқан INFINITY FITNESS клубында тіркелуге болады.

Айта кету керек, марафонның барлық қатысушылары үшін апта сайын жаттығу өтеді. Сейсенбі, бейсенбі күндері  сағат 19.30 – да Сұлтан Бейбарыс ескерткіші алдында, жексенбі 8.00 Х. Досмұхамедов атындағы АМУ стадионында.

«Atyrau Marathon -2019» қайырымдылық марафоны 14 сәуірде болады.