Қоғам • 03 Сәуір, 2019

Ұстаздар арасында шеберлікті шыңдау сайысы өтті

1174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы №15 гимназияның Әдістемелік бірлестіктері арасында «Шеберлік шыңы» мектепішілік байқауы өтті. Жас мұғалімдерге тәжірибелік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа мектептегі 7 әдістемелік бірлестік мамандары қатысып, интерпретация (шешендік шеберлігі), педагогикалық жағдаятты шешу және суретке жан бітіріп сөйлету шеберлігі бойынша бақ сынасты.

Ұстаздар арасында шеберлікті шыңдау сайысы өтті

Әр айналым бойынша мұғалімдер тапсырманы қарсыластарынан қалыспай, жоғары деңгейде орындады. Әсіресе, үшінші айналымдағы тапсырманы мұғалімдердің орындауы ерекше қызықтырды. Байқау қатысушылары бегілі суретшілер туындыларындағы кейіпкерлердің үлгісінде киініп, картинадағы көріністі сомдап, өздерінің жаңашыл, креативті идеяларын, мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасына қатысты пікір-тілегін айтып, шеберліктерін көрсетті.

Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы  Перуза Асылбектің айтуынша, іс-шараға гимназияның директоры болған Еңбек ері, Білім беру ісінің үздігі  Мадина Ибраева, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иесі, Білім беру ісінің үздігі Нұрайым Үсенова, филология ғылымдарының кандидаты, оқу-құралдарының авторы, «Самал-білім» жобасының жетекшісі Тюкачева Елена Владимировна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Перуза Асылбек, Ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы Айбек Қалмұхан және материалдық қолдау көрсеткен Қамқорлық кеңесінің төрайымы Айнұр Нуфтиева, Михаил Юревич Запопадько, Асылбек  Ибрагимов қатысты. 

Мектепішілік мұғалімдер сайысын ұйымдастырып, оның мазмұнды өткізілуіне қолдау жасаған мектеп директоры Бұлбұл Оспанбек ұстаз мәртебесіне тоқталып,  мұғалім жауапкершілігі турасында ой қозғап, бүгінгі іс-шара барысында көрсетілген әдіс-тәсілдердің жас мұғалімдердің кәсібіне пайдалы болатындығына сенім білдірді. Әділқазылар алқасының  бағалауы бойынша жеңімпаздарды құттықтады.

Іс-шара соңында әділқазылар алқасының мүшелері мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпалы зор сайыстың жоғары деңгейде өткізілгеніне ризашылықпен пікір-тілектерін айтып, үздіксіз ізденісте еңбек ететін маманның жолы ашық, жетістіктер мол болатынын айтып, мектеп ұжымының биік жетістіктерге қол жеткізуіне тілектестіктерін білдірді. «Шеберліктің шегі» байқауының жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар берілді.



АЛМАТЫ