Кеңесті аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, сөз тізгінін Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамовқа берді.
Кеңес отырысына Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Абуова Мира және «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры Көзейбаев Сапар қатысты.
Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге байланысты атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов баяндады.
«Қазіргі таңда, Қазалы ауданында мемлекет қорғауына алынған 6 республикалық дәрежедегі, 53 жергілікті санаттағы және 40 алдын-ала есепке алынған, барлығы 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 93-і қала құрылысы және сәулет нысандары болса, 6-ы археологиялық ескерткіш. Үстіміздегі жылдың жаз, күз мезгілдерінде аудан әкімінің қолдауымен тарихи-мәдени ескерткіштерді толығырақ зерттеу үшін экспедиция жүргізу жоспарға енгізілген. Ескерткіш тарихы жайлы мәліметтерді баяндаған ел ақсақалдарымен сұхбат ұйымдастырып, жергілікті деңгейде бейнебаян түсіруді 2019-2020 жылдарға қолға алмақпыз. Бұл фильмдер біздің келешекке деген үлкен сыйымыз болмақ», - дейді ол.
Кеңесте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Рахымжанқызы Өркендеу елдімекеніндегі Жанкент шаһары ЮНЕСКО-ның қорғауына алынатын мәдени мұралар тізіміне халықаралық аталым бойынша енгізілетінін айтып, жұрттың қуанышымен бөлісті.