Экономика • 04 Сәуір, 2019

Алып компаниялардың акциясы саудаланады

1008 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі алпауыт компаниялар Қазақстан нарығына келуге ықылас танытып отыр: Қазақстанның қор биржасының ресми тізіміне Apple, Facebook, Microsoft Corporation және Starbucks Corporation тәрізді бренд компаниялардың акциялары орналасатыны, 2019 жылдың соңында олардың айналымға шығарылатыны белгілі болды.

Алып компаниялардың акциясы саудаланады
KASE таратқан ресми ақ­парат бо­йынша, олардың ел нары­ғына келуіне қазақ­стан­дық «Фридом Финанс» компа­ниясы ықпал еткен. «Фри­дом Финанс» баспасөз қыз­метіне хабар­ла­сып бірқатар жайттарды анық­та­дық. Атап айтқанда, нау­рыз айы­ның со­ңына дейін Ford Motor Company, The Coca-Cola Com­pany, Nike, Tiffany & Co., Exxon Mobil Corporation, Tesla, Intel Corporation, Pfizer, PLLC Yandex N.V және ресейлік «Лукойл» өздерінің бағалы қағаз­дарын KASE ар­қылы ашық сау­даға шығарады. Бұл дегеніңіз әрбір қазақстандықтың атал­­ған компаниялардың акционері бо­­лу­ға мүмкіндігі бар деген сөз. «Фри­дом Финанс» компаниясына әлем­­дік бренд компания­лар­ды таң­дау оңай­ға түс­пепті. Олардың таны­мал­­дылы­ғына, фун­даментальді әлеуе­тіне және тех­ни­калық тренді мен өтімді­лі­гіне ба­сым­дық берілген. Бұл ком­пания­лар­дың қай-қайсысы да түрлі салаларда көшбасшы.
– Компаниялардың акцияларын сәуір айының алғашқы он­күндігінен бастап «Freedom24.kz» сайты арқылы сатып алуға бо­лады, – дейді компанияның өкіл­дері.
Олардың пайымдауынша, алғаш­қы үш айда акция сатып алуға ықылас білдіргендер бро­керлік және банктік комиссия шығындарынсыз, нарықтық кұнымен ғана сатып алады екен. Мұн­дай шешім шетелдік ком­пания­ларды қазақ нарығына шы­ғуға ынталандыру үшін қа­был­данған. Сатып алынған акция­лар «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңға сәйкес Де­по­зи­тарлы орталықтың бро­кер­лік есепшотында сақталады.
Шетелдік бренд компания­лардың біздің нарыққа келуі өткен жылдан басталғанын айта кету керек. «FinEx FFIN Kazakhstan Equity ETF» компа­ниясының акциясы KASE-нің ресми ­тізіміне орналастырған болатын.
– Алып компаниялардың акция­сы 3 мың теңгеден бастап 1 млн тең­геге дейін сатылады, – делінген Фридом Финанс» компаниясының баспасөз бөлімі таратқан ақпаратта.
Қазақстандық сарапшылар ше­тел­дік алпауыт компа­ниялардың қазақстандық на­рыққа келуі күтілген жағ­дай деп отыр. Себебі табыс дек­лара­циясы нәти­жесін­дегі экономи­када пайда болатын артық ақша­ны игеруге олар да ниет­ті. 2019 жыл­дың соңына табыс пен мүлік­ті заң­дас­тырудан түскен қаржыны олар көріп-біліп отыр. Сол себепті мүмкін­дікті уыстан шығарып алғысы келмейді. 
 Қаржыгер Ілияс Исаев Үкімет пен халық бұл мүм­кіндікті дұрыс пайда­лана алмаса, табыс тағы да шетел­діктердің қанжығасына кете­тінін айтады. Себебі эконо­микадағы ақша массасын айықтыру арқылы ғана инфл­я­цияны төмендетіп отыр­ғаны­мыз белгілі. Енді ондай жағдай инфляцияны тұрақ­тандыра алмайды. Өнді­рісті көтеру арқылы ғана эконо­миканың күретамырына қан жүгіртіп, инфляцияны тұрақ­тан­дыруға мүмкіндік бар.
Бізге пікір білдірген ма­ман­дардың басым көпші­лігі атағы жер жарған компания­лардың ел нарығына келуге дайын тұрғанына сенбейтінін айтты. Мысалы, кәсіпкер Сай­лау Тотықов оларға Қазақ на­рығына шығу үшін акцияларын Қазақстанның қор биржасына орналастырудың қажеті жоқ екенін айтады. Алпауыт компаниялар әлемнің кез келген нүктесінен-ақ қазақстандық компаниялардың ак­­ция­­сын сатып алады немесе са­тылымға шығара алады.
Қор биржасының жетекші маман­­дары бұл акциялар бағалы қағаз нарығын­дағы ойыншыларға ғана қызық болуы мүмкін деген пікір­де. Мысалы, Apple корпора­циясының жария болған бағалы қағаздарының саны 12,5 миллиард дана. Starbucks Corporation-ның 2,5 миллиард қарапайым акциясы мен 7,5 млн дана айрықша акцияларын саудалайды. Сон­дай-ақ КАSЕ алаңына Microsoft 24 миллиард, Facebook 5 миллиард дана бағалы қағаз шығарғаны белгілі болды. Әйгілі компа­нияларға тиесілі бағалы қағаз­дардың қай күннен бас­тап сау­даға қойылатыны беймәлім. Сондай-ақ оның қай валютамен сатылатыны да қарастырылып жатқан көрінеді. Қазақстан қор биржасының мамандары бұл өте қызық әрі тартымды акциялар екенін айтады. 
– Ірі компаниялардың акцияларын жекелеп сатып алатын ойыншылар үшін бұл тиімді, – дейді қаржыгерлер. Қазақ­стан қор биржасы басқарма төрайымы­ның орынбасары Наталья Хорошевская өткен аптада журналистермен кездесуде. 
– Акциялардың азғантай бөлігін ғана сатып алып, пайда табатын брокерлер үшін тиімді. Олардың қаржы айналымына оң әсері болады. Шетелге барып инвестиция салғаннан гөрі, елімізге өзі келген акцияларды сатып алу мүмкіндігі туды. Енді ойыншыларды сауда алаңында күтеміз, – деді ол. 
Дегенмен, шетелдік компания­лардың акцияларын 100 пайыз әкеледі деген уәдені КАSЕ де, «Фридом Финанс» компаниясы да айтып отырған жоқ. Біздің нарыққа қанша пайыз­дық акциямен келетіні олардың акционерлеріне ғана белгілі. 
– Қазақстанда басы артық қаржы­сын қандай тетік­ке саларын білмей жүрген қал­талылар жетеді. Бұл қазақ­стан­дық инвесторлардың әлем­­дік нарыққа шығуына үлкен мүмкіндік. Бізге келгелі отыр­ған компаниялардың басым көп­шілігі IT саласынан екені бел­гілі. Мәскеу немесе Украина IT ха­бын­да қазақ­стан­дық мамандар отыр. Сон­дық­тан ола­р­дың мүм­кін­­дік­терін, әлеует­терін пай­да­лануға тыры­сайық, – дейді сарапшы Жарас Ахметов.

АЛМАТЫ