10 Наурыз, 2010

СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, СУ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ

838 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сырдария өзенінің жағасына қоныс тепкен сырбойылықтар көктем келісімен әбігерге түсетін. Өйткені, асау мінезді дарияның су тасқыны қайсыбір жылдары шабындық пен жайылымдық, егістік жерлерді ғана емес, елді мекендерді де су тасқынының астына алатын.Осы бір төтенше жағдай салдарынан су шайып кеткен егіс көлемі қысқарып, шабындық, жайылымдық жерлер де жұтаңдап, кәдеге жарамай қалушы еді. Осыған байланысты су қаупін сейілту мақсатында сырбойылықтар күн-түн дамыл таппай дария суын басты бақылауларына алып отыратын. Су тасқынының ағымдағы жылғы ахуалын білу мақсатында су шаруашылығы мамандары­мен тілдескен едік. Олардың пайымдауынша, биылғы жылы Шардара су қоймасына секөнтіне 1200 текше метр, Көксарай су торабына 300 текше метр су келуде екен. Ал, Қызылорда облысы шекарасына секөнтіне 825 текше метр су келіп жатса, осының 475 текше метрі Қызылорда су торабынан өтуде. Күні кеше Қызылорда қаласына Сырдария өзені ағысымен секөнтіне 485 текше метр су ағысы келіп, оның 10 текше метрі Жаңадария каналына жіберіліп, 475 текше метрі дарияның төменіне қарай жөнелтілген. Сөйтіп, қала тұрғындары су тасқыны қаупінен арылып, енді Сырдария өзенінің төменгі жақтарына қоныс тепкен елді мекен тұрғындары су тасқынының алдын алу шараларын күн-түн көз ілмей сақадай-сай әзірлікпен бақылауда ұстауда. Елбасының тікелей нұсқауымен Көксарай су қоймасының салынуы сырбойылықтарды жыл сайынғы су қаупінен біржолата арылтып қана қоймай, қуаныш құшағына кенелтіп, Елбасына деген ақ алғыстар айтылуда. Қызылорда Еркін ӘБІЛ.