Руханият • 04 Сәуір, 2019

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің шығармашылық тобы Қарағандыда болды

1144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыға ат шалдырған «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің шығармашылық тобы көрермендермен кездесу өткізді. Сондай-ақ, қаладағы «Сарыарқа» кинотеатрында аталған фильмнің көрсетілімі болды.

«Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің шығармашылық тобы Қарағандыда болды

Құрамында фильмнің бас режиссері Рүстем Әбдірашев, бас продюсері Арман Асенов, диалог мәтіндерінің авторы Ерлан Төлеутай және басты рөлдерді сомдаушылар Қайрат Кемалов, Ниязбек Шайсұлтанов, Ғазизатаңшолпан Тілеубай, Мейрхат Амангелді бар шығармашылық топты Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов қарсы алды.

Шығармашылық топ кеншілер астанасында «Сарыарқа» және «Қарағанды-1» телеарналарына сұхбат беріп, БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Кездесулер барысында режиссер Рүстем Әбдірашов «Алтын тақ» фильмінің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» киноэпопеясының жалғасы екенін атап өтті. 

– Картинаны түсіруге 500-ден астам адам жұмылдырылды. Рөлдерді  орындаушыларды Қазақстанның бірнеше облысынан жинадық. Бұған қоса, фильмде Моңғолия, Қытай және Ираннан келген актерлер ойнады. Сонымен қатар, түсірілімді ұйымдастыруға арнайы құрылған бірнеше департамент ат салысты, – деді Р.Әбдірашев. 

Айта кету керек, фильмның түсірілуіне сүбелі үлес қосқандардың арасында екі қарағандылық азамат болды. Олар – Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталған фильмде Керей ханның рөлін сомдаған Қайрат Кемалов пен диалогтар авторы, өнертанушы Ерлан Төлеутай.

– Керей хан рөліне бекітілгенімді естігенде қатты қуанғаным рас. Бірақ менің бұл қуанышым ұзаққа созылмады. Сәлден соң мен жобаның қаншалықты ауқымды екенін түсінгенде, жауапкершілік сезімі пайда болды. Тіпті бойымды үрей биледі десем де болады. Мен театрда 40 жыл жұмыс істеймін, бірақ киноның ерекшілігі мүлдем басқа. Түсірілім басталған соң 10 күн өткен соң барып барлығы ойдағыдай жүре бастады. Алғашқы уақытта маған тәжірибелі киноактерлер көмектесті, – деді Қайрат Кемалов.

Сондай-ақ, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің шығармашылық тобы Қарағанды облысының әкімі Е.Қошановтың қабылдауында болды.