Аймақтар • 04 Сәуір, 2019

Белгілі спортшылар атыраулық балаларды боксқа баулиды

666 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда бокстан әлемдік дәрежеде танылған спортшы неге жоқ? Ересектер арасында соңғы өткен ел чемпионатында да атыраулық боксшылар жақсы нәтиже көрсете алмады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «SULEIMEN Promotions» компаниясымен келісім-шартқа отырды.

Белгілі спортшылар атыраулық балаларды боксқа баулиды

Отандық спортшыларға қолдау көрсетіп, әлемге танытуды мақсат еткен бұл промоутерлік компания өткен жылы құрылған. Аз уақыттың ішінде АҚШ-тың ірі промоутерлік компанияларымен іскерлік байланыс орнатқан «SULEIMEN Promotions»-тің құрамында Айдос Ербосынұлы, Нұрсұлтан Жаңабаев секілді шаршы алаңның шеберлері бар. Жақында Алматыда кәсіби бокс кешін жоғары дәрежеде ұйымдастырған ұжым бұл бастаманы Атырауда жалғастыруды жоспарлап отыр.

- Жастар арасында кәсіби боксты дамытып, насихаттау бағытында промоутерлік компаниямен келісім-шартқа отырдық,-дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов. –Болашағынан үміт күттіретін жастар бар. Енді талапты спортшыларға шетелге барып, промоутерлермен байланыс орнатудың қажеті болмайды, осы келісім-шарт арқылы балалар кәсіби боксшылардан тікелей тәлім алады.

Компания құрамындағы былғары қолғап шеберлері Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаев атыраулық жас спортшыларға шеберлік сағаттарын өткізіп, жаттығуларына қатысады. Алғашқы кездесу Махамбет ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. «Мен алғаш бокс үйірмесіне 15 жасымда келдім. Қазір  бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) рейтингінде 10 орында тұрмын. Бар білгенімді үйрету-борышым. Балалардың спортқа деген қызығушылықтарын көріп, қуанып тұрмын. Біздің қолымыздан келеді»,-дейді Нұрсұлтан Жаңабаев.

Шеберлік сағаттары облыс орталығындағы мамандандырылған бокс клубында өтеді.

    АТЫРАУ