Руханият • 05 Сәуір, 2019

Қойшығара Салғараұлы: Шынайы тарих халықтың рухын оятады

2786 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қойшығара Салғараұлы: Шынайы тарих  халықтың рухын оятады

– Қойшығара аға, сексеннің сеңгі­рі­­не иек артқан ғұмыр-жасыңыз баян­­­ды болсын. Ел газеті «Егеменнің» аты­нан құттықтай келіп отырған жайы­­мыз бар. Оның себебін өзіңіз де бі­ліп отырған боларсыз...

 – Рахмет қарағым! Газеттің 100 жыл­дық мерейтойы құтты болсын. Мен­ің азамат ретінде қалыптасуымда «Еге­мен­нің» рөлі зор. 1975 жылы 8 тамыз күні Алматыға «Социалистік Қазақстан» газетіне тілші болып кел­­дім. Басылымда жүріп қазақтың маңдайал­ды азаматтарымен таныстым. Оған дейін Қостанай мен Арқалықтың дала­сын кезіп жүрген радио тілшісі едім. Газет мені жауапкершілікке баулыды. Редак­цияда жұмыс атқарған 17 жылда нақақтан сотталған үш адамның түрме­ден шығуына себепкер болдым. Бұл менің емес, газеттің беделі. Одан кейін ел ішіндегі атақты еңбек адамдармен жүздесе­сіз. Бұның өзі бір мектеп.

Ең бастысы, газетте жүріп мақсатсыз өмір сүру­ге болмайтынын түсіндім. Тіпті бұған дейінгі ғұмырым босқа өткен­­дей аласұрдым. Содан алты жыл табан аудармай, бір күні академиялық кітап­хананың сирек қолжазбалар қорын­да, келесі күні ұлттық кітапханада отырдым. Осылай жұрттың шаңына ілестім, қарағым! Бұны неге айтып отырмын?

– Бәсе, неге айтып отырсыз?

– Өйткені, газетте қызмет істей жүр­іп, көзім ашылды, әсіресе, тари­хи санам оянды, көзқарасым өзгер­ді. Нәтижесінде, алдыма үлкен мақ­сат қойдым. Журналшы ретінде де кәдімгідей танымал болдым. Редак­то­рым Сапар Байжанов марқұм мені «ақмыл­тығым» дейтін. Барлық жанрға бір­дей қалам тарттым. Өткенге үңілуді үйрендім.

Бірақ мені күндіз-түні «Біз кімбіз?», «Қай­дан келдік?» «Қалай келдік?» деген сұрақтар мазалай берді. Аталмыш сұрақ­­тарға жауап табам деп үлкен ғалым­­дардың монографияларын оқуды баста­дым. Ғылыми еңбектерді оқып отырып, олар жасаған сілтемелердің ізіне түстім. Қысқасы, індете келе күллі түркі халқының, оның ішінде өзіміздің қазақ халқының тарихына зор қиянат жасалғанын аңғардым.

– Уақыт өте келе осы қиянаттың қай­­­дан келге­нін, қалай болғанын зерт­­­теуге бет бұр­дыңыз. Бұл іске кіріс­уің­ізге не ық­пал етті?

– Қиянатты сезініп, не істерімді біл­мей біраз жүрдім. Ал шешімге келуіме досым Ақселеу Сейдімбек ықпал етті. Ахаң екеуміз газетке қатар келдік. Мен Арқа­лықтан, ол Қарағандыдан. Бір күні сырласып отырып, Ахаң айтты: «Қойшеке, екеуміз Алматыға тамақ асырау үшін келген жоқпыз. Сен де, мен де жазушы болмақпыз. Шүкір, екі-үш кітап та шығардық. Онымыз мақталып та жатыр. Бірақ шедевр емес екені анық. Ал ортаңқол жазушыға қазақ кенде емес. Әдебиет деген төрт құбыласы түгел халықтың ұрпағына моральдік- эстети­ка­лық тәрбие беретін құрал ғана. Ал біздің халық 300 жылға жуық отарда бол­ған, рухы жаншылған. Қазір халыққа әдебиет­тен гөрі танымдық дүниелер керек. Байқаймын, сен де ізденіп жүрсің, мен де ізденіп жүрмін. Ендігі жерде әдеби шығарманы доғарып, танымдық дүние жазайық. Халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруға көмектесейік» деді. Осыған келісіп, қол алыстық. Көп ұзамай Ахаң «Күмбір, күмбір күмбез­дер­ді», мен «Алтын тамырды» жаздым. Екі кітап бізге зор абырой әперді. Біздің даңғыл осылай басталған, қарағым!

Білген-түйгенімді халыққа жеткізу үшін роман-эссе деген жанрды таңдап алдым. Компартияның дүрілдеп тұрған кезі. Халқымыздың төл тарихын жазуға тыйым салынған. Сондықтан халық тарихына әдебиетті бетперде етіп, бірінші кітаптың жалғасы іспеттес «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эсселерін жазып шықтым. Осы кітаптар мені халыққа танытты. Сөйтіп жүргенде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Төл тарихымыздың төл болмысын танып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерт­теу­ге, зерделеуге мүмкіндік туды.

–Тәуелсіздік сіздің зерттеушілік ісіңіз­­ге тың серпін берді емес пе?

– Әрине, өйткені тарихы дұрыс жазылмаған халық ешқашан өзін таба алмай­ды. Шынайы жазылған тарих қана халықтың рухын оятады. Қай кезде де қай заманда да солай. Өкініштісі сол, кешеге дейін тарих күштінің ығына қарай жазылып келді. Бұл дұрыс емес. Тарих тек ақиқатты арқау етіп, шындық тұрғысынан жазылса ғана қоғамның танымын дұрыс қалыптастыра алады. Одан кейін керегі – ұлттық сана. Бұл қауым­ды бір мүддеге, ұлттық мүддеге тоғыс­тырады. Үшіншісі – азаматтық сана. Бұл сана адамды пендешіліктен арыл­тып, ұлы мұратқа жетелейді. Бұ­ған мысал – өткен ғасыр басындағы Алаш аза­мат­тары. Ал тарихи санасы дұрыс қалып­таспаған халық, күнделікті саясат­­тың ығында жел айдаған қаңбақ сияқ­ты домалап күн кешеді.

Тарих дегеніміз – өткен ата-бабала­ры­мыздың өмірбаяны, атқарған іс-әреке­тінің шежіресі. Тарих ұрпақты өткен­нің өнегелі тірлігінен үлгі алып, оны одан әрі жетілдіруге, жаманынан безініп, оны қайта болдырмауға баулитын тәрбие мектебі. Менің кітаптарым – дәл осы мақсатты көздеп жазылған және жаңалығы да осы. Қажеттілік болмаса ешқандай жаңалық ашылмайды. Өмірге келетін жаңалықтың атасы – еңбек, анасы – қажеттілік.

Кешегі кеңестік жүйе тарихшы ға­лым­дар емес, тарихшы мамандар даяр­­лаумен айналысты. Оны белгілі бір кезеңнің белгілі бір оқиғасын зерт­тетіп, содан диссертация қорғату арқылы жүзеге асырды. Сөйтіп Екінші дүние­жүзілік соғыстың, партия съез­де­рінің, бесжылдықтардың, екпінді құрылыстардың, тың көтерудің т.с.с. кезеңдік оқиғалар тарихын зерттеп, меңгерген тарих ғылымдарының кандидаттары, докторлары өмірге келді. Бұларды «кәсіби тарихшылар» деп дәріптеді. Осылайша халық өзінің тарихын танудан қалды. Басқаны айтпағанда, бұған кешегі Кеңес өкіметі билік құрған 74 жылда қазақ халқының көне тарихынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған адам жоқ. Дұрысы қорғатпады. Бір өкініштісі, біздің тарихшыларымыздың көбі осындай тарихшылар. Осыдан келіп, бізде тарихшы ғалым жоқ, тарихшы мамандар ғана бар десек, мұнымыз шындыққа қиянат болмаса керек.

– Бұл тұжырымыңызбен басқа тарихшы азаматтар келісе қояр ма екен?

– Неге келіспесін, бұл шындық. Бас­қаны былай қойғанда, ұзақ жылдар тарих институ­ты­ның тізгінін ұстап кел­ген бас тарих­шымыздың қорғаған доктор­лық диссер­тациясы жаңылмасам, «Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетудегі коммунистік партияның рөлі» болатын. Егер маған сенбесеңіз, кеңестік кездегі тарих ғылымдарының докторына барып, қорғаған тақырыбын сұраңыз. Не айтар екен?

– Оларды да кінәлауға болмайтын сияқты.

– Келісем. Мен де оларды кінә­лау­дан аулақпын. Заман солай болды.

– Қазіргі таңда ұлт тарихына жа­ңа­­ша пайым, жаңаша көзқарас кер­ек дейсіз ғой. Солай ма?

– Тек ұлт тарихына ғана емес, күллі адамзат тарихын жаңаша пайымдау қажет. Қазіргі таңда генетиктер адам бала­сы жер бетінде бұдан 200 мың жыл бұр­ын пайда болды дегенді дәлелдеп отыр. Ал қазіргі ғылым 10 мың жылдан әрі аса алмауда. Оның алдыңғы 5 мың жылы қазба деректер негізінде, қалған 5 мың жылы жазба деректер негізінде жазылған. Сонда қалған 190 мың жылдың тарихы қайда? Мысалы, жеке адамның өмірі оның туған күнінен басталатыны сияқты, адамзаттың тарихы да олардың пайда болған кезеңінен басталуы тиіс қой. Мен осыған жауап іздеген адаммын.

Уақыт бір орында тұрмайды. Қазір әлем халықтары генетика ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі – ДНК тәсілі арқылы өздерінің шыққан тектерін анық­тау­да. Нәтижесінде, бұрынғы қалып­тасқан қағидалар өзгерді. Айталық, 2008 жылы мәскеулік зерттеуші Юрий Дроздов «Тюркская этнонимия древнеевропейских народов» деген кітап жазды. Бұнда «күллі Еуропа халқының түп атасы – түріктер» деген пайым ай­ты­­­лады. Осыған ілесе 2010 жылы латыш ғалымы Галина Шукенің «Были ли латы­ши тюрками?» деген еңбегі жарық көрді. Бұл зерттеуші «Бүкіл адамзат баласының түп атасы – түрік, сөйлеген тілі – прототүрік тілі» дегенді ашық жазды. Дәлел-дерегі тіпті керемет.

Генетик ғалымдар адамзат баласы бір жерде – Оңтүстік-Шығыс Африкада пайда болды дегенді айтады. Ғылым оны теріс деген жоқ. Бұған бақсақ, Африкада жаратылған тіршілік иелері өсіп-өніп, көбейе келе жан-жаққа өріс кеңейткен. Солардың белгілі бір бөлігі Азия құрлығына өткен. Көне заманда Геродоттан бұрынғы тарихшылар Кав­каз тауын жердің шеті деп есептеген. Басқаша айтқанда, олар Кавказ тауы­ның оңтүстігіне қатысты тарихи оқиға­ларды ғана баяндап, таудың сол­түс­тігіндегі ел-жұрттан хабарсыз бол­ған.

Ал бүгінгі «түркітектестер» аталып жүрген халықтар тарихы сан ғасырды бастан өткеріп, Кавказдың терістігіне, яғни Ұлы далаға өткеннен кейін бас­талады.

Ұлы далаға қоныстанғандар кейін өсе келе географиялық, аумақтық орна­ласуына қарай өзара үш үлкен бірлес­тік­ке бөлінген. Оларды: «ғұздар», «дала­лықтар» және «орман адамдары» деп атайды. Көне түрік деректерінде «дала­лықтар» кейін «қыпшақ», «орман адам­дары», «ағаш ері» деп аталады.

– Демек далалықтар мен қып­шақ­тар бір ұғым ба?

– Тура солай. Біз білетін қыпшақтар – VІІІ ғасырда оғыздарды ығыстырып, шығыстан батысқа жылжыған қыпшақ­тар. Бір өкініштісі, әлі күнге осы қып­­шақ атауының этимологиясын ғы­лы­­ми тұрғыдан анықтай алған жоқ­пыз. Бұрын «Оғыз-наманың» дерегіне сүйеніп, қыпшақты «ағаштың қуысы» деп келсек, кейін орыс ғалымы
С.Г.Кляшторныйдың зерттеуіне сүйеніп «сорлы», «жолы болмаған», «бейшара» деген сөздердің баламасы ретінде қара­с­тыра бастадық. Бұл ешқандай ғы­лы­ми негізі жоқ, бопса болжам. Шын мәнінде қыпшақ сөзі көне түрік­тің «қыбышы» және «ақ» деген екі сөзінің бірігуінен шыққан. Мұндағы «қыбышы» көне түрікше: «өнім өндіруші», «ақ» «сүт» деген ұғымды біл­дір­ді. Сонда «Қыбышы-ақтың» мағы­насы «сүт өнімін пайдаланушылар» болып шығады. Ежелгі грек, латын тілді ғалымдар осыны өз тілдеріне аударып «гиппомолги», «галактофаги» деп қолдан­ған. Өкініштісі, тарих еуропатаным негі­зінде жазылғандықтан атаулар бұрма­ланған.

– Мұндай бұрмалау­шылықтар өте көп пе?

– Баршылық. Әсіресе көне қытай деректерінен алынған елдік атаулардың «тугюден» басқасының бәрінің де нақты баламасы анықталған жоқ. Бәрі бұрма­лан­ған. Айталық, біз өзіміздің тарихы­мызды ғұннан бастаймыз. Бұл халық­ты қытай жылнамаларында «сюнну» деп атайды. Ғалымдар «бұл атау көне қытайлардың әдейі кемсіткен қорлық атауы» дейді. Сонда бұл халықтың шын атауы қалай? Әр халықтың тарихшылары елдік атауды өз ұйғарымдары бойынша әртүрлі атап келеді. Мысалы, қытайдың осы «сюнну» («кекшіл құл») деген атауын еуропалықтар «гунны», орыстар «хунну» (кейінгі кезде бұлар да «сюнну» деп алып жүр), қазақтар «ғұн» деп атады. Мұның сыртында «Һон», «хун», «хунсам», «күн» деп құбылтып алатындар да баршылық. Сол сияқты, қытай дерегіндегі «Маудун» есімі. Оны орыстар «Модэ», түріктер «Мете», қазақтар «Мөде» деп өз қалауынша жаза береді. Бұлайша құбылту ғылымға, тарихқа қиянат екенін ескеріп жатқан адам жоқ.

Басқаны қойып, әлемге әйгілі Темү­жин­­нің лақап есімі «Шыңғыс» сөзі­нің төркінін де әлі таныған жоқпыз. Осы атаудың мен білетін онға жуық бала­масы бар. «Шыңғыс» сөзі атақ па, әлде лауазым ба? Ондай болса, ол неге моңғол­дың басқа билеушілеріне берілмейді. Бүкіл Қытайды жаулап алып, Юань империясын құрған Құбылай немесе батыста Алтын Орданы құрған Батый неге «Шыңғыс хан» аталмаған?..

– Аға осы сауалыңызға жауап тап­тың­ыз ба?

– Тапқан секілдімін. Осыған орай «Мыңғұл мен моңғол және үш Шың­ғыс» атты арнайы еңбек жаздым. Сонда бәрі айтылған. Бұл арада тек түйі­нін айтсам, өткен тарихта үш Шың­ғыс хан болған. Темүжин соның соңғысы. «Шыңғыс» деген «шың» және «қыс» деген түріктің екі сөзінің бірігуі арқы­лы пайда болған атау. Мағынасы: «Құдай­дың күші» дегенді білдіреді. Мұның бәрі қытай тарихшысы Бань Гудің «Хән­намасында» айтылған. Өкініш­тісі, орыстар Н.Бичуриннің аудар­ма­сын жарыққа шығарғанда, түрік­тің мәрте­бе­сін көтеретін тұстарын абзац-абзацымен қырқып тастаған. Мұны Қытайда болып, осы еңбекті түп­нұсқасынан аудар­ғанда анықтап, қай­та­дан қалпына келтірдім.

– Сөзіңізді бөлейін, Бань Гудің «Хәннамасында» қалай деп жазылыпты?

– Бұл жылнамада «Шыңғыс» атау­ы «Шыңтыжи» деп беріліп, «сюнну билеушісінің есімі «Шыңтыжи» халқы оны құр­меттеп, «шыңли гуту – чәниүй деп атайды» деп ашық жазылған. Мұн­да­ғы «шың» Тәңір-Құдайдың балама аты, «тыжи» дене күші, қуаты. Сонда Шыңғыс – Құдайдың қаһары, Тәңірдің жазасы дегенді білдіреді. Ал «шыңли гуту – чәниүй» дегені: «Тәңірдің құты қонған – Чәниүй» деген сөз. Қазіргі тарихшылар осыдан барып «Тәңірқұтты» чәниүй лауазымының баламасы деп жүр. Бұл да қате. Дұрысы «Чәниүй» сөзінің баламасы «Тархан». Бұның неге олай екені жоғарыдағы еңбекте жан-жақты түсіндірілген.

– Соңғы кезде «Ұлы дала» деген­ді көп айтып кеттік. Бұл өзі геогра­фия­лық атау ма, әлде...

– Бұл жан-жақты ұғым. Әуелі, геогра­фиялық ауқымын анықтап ала­йық. Ұлы дала дегенміз шығысы – Хинган тау жоталарынан басталып, батысы – Карпат тау жоталарына барып тірелетін, оңтүстігі – Гималай, Памир, Еренқабырға, Иран үстірті, Кавказ секіл­ді ірі тау тізбектерімен көмкеріліп, солтүс­тігі – тундраның қалың жынысымен жиектелген орасан алып аймақ. Бұл дала­дағы тіршілікті бұдан шамамен 14 мың жыл бұрын топан су апаты жойып жібер­ген. Иен қалған алып далаға ең бірінші болып бүгінгі Кіші Азиядан Ас тайпасының адамдары қоныс тепкен.

Әлем халқының дені осы Ас тайпасынан тарайды. «Азия» атауының өзі «Ас» және «ұя» деген екі сөзден құралған. Ас – тайпаның атауы. Ұя – көне түрік сөзі: «үй», «баспана», «мекен» деген ұғымды білдіреді. Сонда «Азия» астардың мекені болып шығады. Ұяның «үй» деген мағына беретініне «Академия» сөзін мысалға келтіруге болады. Мұндағы «Академ» гректің орта дәулетті адамының есімі. Қуғыннан Афинаға келген атақты Платон осы Академнің үйін сатып алып, онда дәрістерін жүргізген. Шәкірттері дәріс алатын үйді бұрынғысынша «Академнің үйі» деп атаған. Осыдан барып Академнің үйі кейін әлем халықтарының ұғымындағы білім ордасы – Академияға айналған.

– Енді «Ұлы дала өркениеті» дегенге тоқталып өтсеңіз?

– Бұл сұрақ өз алдына жеке тақырып­тың өзегі. Қысқаша айтқанда, Ұлы дала өркениетінің бастауында «Аратта» өркениеті тұр. Аратта «ары» және «атта» деген екі сөзден құралған. Мұның «ары»-сы «әрі», «алыс», «аулақ» деген ұғым­ды білдіреді. Ал «атта» сөзі «ілгері адымда», «алға бас» деген ұғымда. Сонда «Ары – атта» атауы ілгері кеткен, алға басқан елдің атауы болып шығады. Екі дауысты дыбыстың қатар келуінен «ы» дыбысы түсіп қалып, «ары-атта» айты­луда «Аратта» болып кеткен. Бұл атау осы күйінде Шумер жазбаларында кезе­деседі.

– «Аратта» ұғымы Шумер жазба­ла­­рында бар дедіңіз бе?

– Шумерлердің бізге жеткен бес дастаны­ның барлығында «Аратта» жайлы айтылады. Бірақ бұл жер өте алыс, жеті таудан асып, жеті даланы басып барады, оның тұрғындары ат мінеді дейді. Шумерлер Араттадан лазурит тасын алатын болған. Ал «Гиль­гә­меш» дастанында олардың ата-бабасы Ұлы даланың «Кеңгір» деп аталатын жұрттан екені айтылады. Осыған қарағанда Арқаның сан салалы атақты Кеңгір өзені сол бір көне жұрттан қал­ған бір белгі болса керек.

– Сіз осының бәрін зерттегендегі мақса­тыңыз – қазақ халқының түп-тұқия­нын анықтау емес пе?

– Әрине. Тарихшылар қазақтың ежелгі тарихын жазба дерекке іліккен сәтінен бастап зерттеп жүр. Мысалы, қазақты түптегі түріктер десек, ресми тарих оны VI ғасырдан бастайды. Бұл түрік атауының алғаш 545 жылы Вей патша­лығының жылнамасына іліккен жылы.

– Шынымды айтсам, былайғы оқырманды қойып менің өзім сіздің еңбегіңіз­бен жете таныс емес екенмін. Мұны насихат­тың жоқтығынан деп ойлай­мын. Сізше қалай?

– Менің жазған дүниелерім халыққа әлі жеткен жоқ. Сіз айтқандай, насихат жоқ. «Кітап оқымайды» деп оқырманды кінәлаймыз. Олай емес, оқырманға кітап жетпейді. Оның үстіне тираж аз. Бұрын кітап 30-100 мың данаға дейін шығушы еді. Қазір бір-екі мың ғана. Менің тарих тереңіне үңіліп, үзбей ізденіп жүрге­німе жарты ғасырдай болды. Зерт­теу­ле­рімде ресми тарихта жоқ жаңа ойлар көп. Көбіне ресми мойындалған көз­қарастың қателігіне басты назар ауда­рамын, оның бұрыс-дұрысын дәлел­деймін. Осыны халық білмей жатыр. Алғаш рет айтып отырмын, менің ғылыми еңбектерімде әлемдік жаңа­лыққа татитын 35 концепциялық тұжырым бар. Осының бірде-біреуіне тарих­шылар тарапынан талдау жасалмады. Тұнжыраған үнсіздік.

– Алда қандай мақсат-жоспа­ры­ңыз бар?

– Қолжетім жердегі жоғары оқу орын­дарына ұсыныс жасап: «Сендер маған тарихқа ынтасы бар бірнеше бала беріңдерші. Білетінімді үйретейін. Ұстаздық мектеп қалыптастырайын» демек­пін. Өйткені, ғылым шәкірт арқылы дамиды. Қысқасы, жасампаз қабі­леті бар қолқанат тәрбиелесем деген ой. Жасым да ұлғайып, біраз жерге келіп қалды. Көзімнің тірісінде маман тарихшылардың қатысуымен еңбектерімді жіліктеп, жіктеп, дұрыс-бұрысын анықтап, ғылыми баға берілсе ғой, шіркін. Осыны көрмей өтем бе деп қорқамын.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

    «Egemen Qazaqstan»