Үкімет • 05 Сәуір, 2019

Түзетулер Мәжілістің келісіміне жіберілді

618 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен кеше палатаның кезекті отырысы болып, онда еліміздің 2019-2021 жылдарға арналған аса маңызды қаржылық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары қаралды.

Түзетулер Мәжілістің  келісіміне жіберілді

Бұл – Ұлттық қордан 2019-2021 жылдары бөлінетін кепіл­дендірілген трансферт және осы мерзімге арналған рес­пуб­ликалық бюджет туралы заң­дарға өзгерістер пен толық­тырулар енгізу туралы Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары. Екі заң жобасы да біртекті болғандықтан олар бірге қаралды. Заң жобалары бойынша баяндамаларды Ұлттық экономика, Қаржы ми­нистрліктері және Ұлттық банк басшылары жасап, өзгерістер мен толықтырулар 2019-2021 жылдарға арналған нақтыланған макроэкономикалық көрсет­кіш­тер негізінде әзірленіп, Елба­сының Nur Otan партиясының XVIII съезінде және жыл сайынғы Жолдауларында айтқан тапсырмаларын, Президенттің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

Баяндамалардан 2018 жылғы ІЖӨ 58,8 трлн теңгені құрағаны және бұл 2019 жылды бағалауға ба­залық көрсеткіш болғаны ай­тылды. 2019 жылы мұнай өндіру 1,5 пайызға төмендейтіні жеткізілді. Алайда, қызмет көр­сету секторы бойынша жоғары өсім күтілуде. 2019 жылға ар­налған базалық параметрлер бұ­рын мақұлданған деңгейде сақ­талғаны да айтылып, мұнай­дың 1 баррелінің бағасы 55 АҚШ доллары көлемінде, ал доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 370 теңге болады деп бол­жанғаны ескертілді. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 па­йыз, экспорт 54,4 млрд, им­порт 32,9 млрд долларға дейін ұл­ғаятыны айтылды. 2019 жылғы ІЖӨ-нің өсімі 3,8 пайызды құ­райды деп жобаланған, яғни ол 64,3 трлн теңге болмақ. Бұл 2018 жыл­ғы қарашада мақұлданған көр­сеткіштен 323,5 млрд теңгеге ар­тық. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 409,2 АҚШ долларын құрамақ.

Заң жобалары бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің төр­айымы Ольга Перепечина жасады. Өзінің баяндамасында ол аталған тапсырмаларды орындау мақсатында бюджеттің шы­ғыс бөлігі 10 трлн 727 млрд тең­ге­ден 11 трлн 895 млрд теңге­ге өсіп, 1 трлн 168 млрд теңгеге ұл­ғай­тылғанын жеткізді. Соны­мен бірге өзгерістердің нақты қан­дай бағыттарға енгізілгені аталды. Соның ішінде «Әлеу­мет­тік қамқорлық» бағдарла­масын іске асыруға 443,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат азамат­тардың кейбір категория­ларын қолдауға, аз қамтылған отбасыларын тұрғын үймен қамтуға, аймақтық инфрақұрылымдарды дамытуға және «Ауыл – ел бе­сігі» атты арнаулы жобаны іске асыруға жұмсалатын болады.

Екіншіден, Елбасы жа­рия­лаған Жастар жылында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде 24,6 млрд теңге бөлінетін болған. Экономиканың тұрақтылығын арттыру және ай­мақтарда тұрақты жұмыс орын­­дарын ашу мақсатымен Қазақ­станның инвестициялық қоры құрылып, оған Ұлттық қор­дан 370 млрд теңге бөлінеді. Со­ны­мен бірге О.Перепечина өзі­нің баяндамасында бюджеттің бұрын бекітілген кейбір ба­ғыт­тағы шығыстарының азайтыл­ғанын жеткізді. Соның ішінде 11 бюджеттік бағдарлама әкімшілігі бойынша шығыстар 102 млрд тең­геге азайтылған. Осының өзі мемлекеттік органдардың стра­­те­гиялық жоспарларын іске асы­­ра алмау қаупіне соқтыруы мүм­­­кін, деді ол. Сонымен бірге биыл­ғы әлеуметтік шығыс­тар­дың көп­тігі келер жылдардағы осын­дай тұрақты шығыстарды қаржы­лан­ды­руға қиындық туғы­затынын айтты.

Ал инвестициялық жобалар туралы ол тіпті пессимистік болжамдар білдірді. «Жобаларды іске асыратын және нәтижелерге қол жеткізетін нормативтік және методологиялық қажетті базалардың болмауы бөлінген қаражаттар көлемінің маңызы мен жеткіліктілігін бағалауға мүмкіндік бермейді, сондықтан көптеген сұрақ туады», деді ол. Ал «Ауыл – ел бесігі» жоба­сына бөлінетін қаражат тура­лы айтқанда, бұл мақсатқа бұ­рын мемлекеттік «Нұрлы жер» бағ­дарламасы бойынша қаражат қарас­тырылғанын, алайда Үкімет әлі күнге әртүрлі елді мекен­дерге арналған аймақтық стандарттар жүйесін әзірлеуді аяқтамағанын, сондықтан осы тақылеттес бағдарламалардың бәрін үйлестіру керектігі айтылды. Сонымен бірге ол Пар­ламенттің 20 наурызда бол­ған бірлескен отырысында аста­наның Нұр-Сұлтан атауына өзгеретіні және жаңа мемлекеттік орган – Елбасы Кеңсесін құру шы­ғыстары да бюджеттің осы то­лық­тыруларында ескерілгенін айтты.

Оның айтқан кейбір сын-пікір­лерін палата Төрағасы Д.Назар­баева қолдайтынын жеткізіп, ауылды дамытуға арналған бар­лық бағдарламаны үйлестіру қа­жет­тігін атап көрсетті. «Аграр­лық мәселелер, табиғатты пай­далану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитеті Үкімет­пен және бейінді министрлік­термен бірлесіп, осы мәселені нақтылауы керек деп ойлаймын, сосын біз оны Сенаттың отырысында қараймыз», деді Төраға.

Заң жобаларын талқылауда да сенаторлар үлкен белсенділік көрсетті. Соның ішінде сенатор Б.Әйтімова қаралып отырған заң жобасы әлеуметтік салаға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ба­ғыт­талған аса маңызды құжат болып табылатынын көл­де­нең тартса, сенатор Е.Мамыт­беков өзінің сөзінде бюджет қара­жат­тарын сапасыз жоспарлау мен тиімді пайдалана алмау­дың жауапкершілігін арттыру ша­раларын күшейтуді ұсынды. Он­дайға тәртіптік қана емес, әкім­шілік жауапкершілік жүктелуі керек. Сондықтан «Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі керек, деді ол.

Сенатор Дүйсенғазы Мусин бюд­жетті нақтылау туралы заң жо­басының басты ерекшелігі ха­лықты әлеуметтік қолдауды кү­шей­ту болып табылатынын атап өтті. Дегенмен, жоба шең­берінде халықтың тығыздығы, инфра­құ­рылымның жағдайы, жаңа жұ­мыс орындарын ашу мүмкін­дігі мол 1781 елді мекен ірік­телгенімен, осы жобаны іске асыруға бағытталған ұйымдас­тыру шаралары және аймақтық стандарттар жүйесін әзірлеу жұмыстарының бүгінге дейін аяқ­талмағанын көлденең тартты. Оның пікірінше, мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамыту бойынша қабылданған бағдарламалар жеткілікті, алайда оларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізетін жауапты және үйлестіруші нақты мемлекеттік органды анықтау қажет.

Жан-жақты ұзақ талқы­лау­лардан кейін «Ұлттық қордан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Ал республикалық бюджет туралы заңға Сенат енгізген 33 түзету қабылданып, келісу үшін Мәжіліске жіберілді.