Аймақтар • 05 Сәуір, 2019

Түркістан туризмін дамытуға арналған кеңес өтті

1205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысының, оның ішінде Түркістан шаһарының туристік әлеуетін арттыру мақсатында республикаға белгілі сарапшылардың қатысуымен семинар кеңес өтті.

Түркістан туризмін дамытуға арналған кеңес өтті

Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани Жаңғыру: Түркістан Туризмі» семинарына Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жанындағы Ясауитану орталығының директоры, профессор Досай Кенжетай, тарихшы Марат Тұяқбаев, Халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева, өлкетанушы Ерлан Сыздық және өлкетанушы Ғани Назарбек және Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков қатысты.

Профессор Досай Кенжетай «Дін мен мәдениет қатынасының болмыстық мәні» бағытында сөз қозғаған профессор Досай Кенжетай білім беру жүйесіндегі оқулықтар мен оқу құралдарында және гуманитарлық-әлеуметтік ғылымда дін мен мәдениетке қатысты зерттеулер, монографиялар мен сараптамалардың барлығы кешегі позитивистік, атеистік ұстанымдар негізінде тұжырымдалғандыын айтып өтті.

«Рухани жаңғыру» туған жерді танып білуден басталады, деген тарихшы Марат Тұяқбаев бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек деп санайды.

Халықаралық жоба менеджері Зарина Биюмбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы өз ойымен бөлісті.

«Рухани Жаңғыру бағдарламасы өте өзекті және орынды деп ойлаймын, өйткені ол осы жүйелердің үйлесімді дамуына жетіспей тұрған пазлды қамтамасыз етеді. Бұл пазл жан-жақты дамыған, санасы, тәні, рухы, ділі мен діні тең дамыған адам. Онсыз біз тиімді экономиканы, үйлесімді қоршаған ортаны, қалалар мен ел болашағын құра алмаймыз»,  Зарина Биюмбаева.

Үздік өлкетанушы  Ерлан Сыздық тарихи мәнге ие «Ұлы жібек жолын» жағыртып туристік нысанға айналдыру үшін сол жолдың бойында жатқан көне қалаларға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан аясындағы мұражайға айналдыру керек екенін айтты. Халықтың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын көтеру өзекті мәселенің біріне айналғанын жеткізген жас өлкетанушы Ғани Назарбек табиғат аясына демалуға шыққан азаматтар күл-қоқыстарын шашып қоршаған ортаға орасан зиян келтіріп жатқанын ашына айтты.

Сондай-ақ, Түркістан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков өңідегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және туризм саласын дамыту бағытын атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның сөзінше, облысқа келуші туристердің саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, ресми статистикалық мәліметке сүйенсек, 2018 жылы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген туристер саны 152 мың адамды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артып отыр.

«Біздің облыста аталған жоба аясында өңіріміздегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жобасы аясында өңірімізде 104 киелі орынның тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, 2018 жылы өңірдің киелі, тарихи орындары, тұлғалары туралы бірнеше анимациялық фильмдер мен телехикая таспаланды. Атап айтсақ, «Күш атасы – Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» мультфильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты телесериал түсірілді. Одан бөлек, Төлеби туралы телехикая дайындалуда», дейді Жасұлан Төлебеков.

Ұлтымыздың ұмыт бола бастаған салт дәстүрлерін жаңғыру және туризм саласын дамыту мақсатында аудан, қалаларда халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде түрлі іс-шаралар жоспары бекітіліп, Қазығұрт ауданындағы «Наурыз Қазығұрттан басталады», Бәйдібек ауданындағы «Қымызмұрындық», Шардара ауданындағы «Сафари Шардара», Мақтаарал ауданындағы «Қауын Фест», Сарыағаш ауданындағы «Сарыағаш OPEN», Төлеби ауданындағы «Қасқасу», Түлкібас ауданындағы «Ақсу Жабағылы алауым – Шұбайқызыл жалауым» және «Салбурын» фестивальдері өтті.

Өткен жылы Түркістан қаласының өзіне 1 млн аса турист қонақ болған. 2025 жылға қарай туристер санын 5 млн-ға жеткізу көзделуде.