Аймақтар • 05 Сәуір, 2019

Батыс Қазақстан облысының әкімі қарапайым қар тазалаушыларға алғыс айтты

884 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов биылғы қыста Орал қаласын қардан тазартып, көктемгі су тасқынының алдын алған коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесіп, еңбек үздіктеріне алғыс хат табыс етті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі қарапайым қар тазалаушыларға алғыс айтты

- Биылғы қыс Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін үлкен сынақ болды. Соңғы 30 жылдан бері болмаған қар жауды. Ауа райын бақылаушы мамандардың айтуынша, мұндай қалың қар соңғы рет 1987 жылы тіркелген екен. Ол жылы қар қалыңдығы 54 сантиметр болса, биылғы қар 60 сантиметрден асты. Осындай жағдайда сіздер ауа-райының қолайсыздығына қарамай, уақытпен санаспай үлкен қызмет атқардыңыздар. Сонымен қатар облыстағы жол, құрылыс компаниялары мен жеке кәсіпкерлер де бізге көмек қолын созды. Осындай ұйымшылдықтың арқасында табиғаттың тосын мінезіне төтеп бердік. Алдағы уақытта да халық үшін жасалатын игі істерді бірлесіп атқарамыз деп сенемін, - деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, 2017-2018 жылғы қыс маусымында Орал қаласы аумағынан 200 мың шаршыметр қар шығарылған екен. Ал биылғы қыста шаһар аумағынан тазартылып алынған қардың көлемі 1,5 млн шаршыметрден асып кетті. былтыр қар төгетін 2 полигон болса, биыл осындай 7 алаң аузы-мұрнынан шыққан.

«Жайық Таза қала», «Орал Таза Сервис», «Батыс су арнасы» ЖШС-лары мен «Жайықжылуқуат» АҚ бірлесе атсалысқан жұмыстың нәтижесінде Орал қаласында бір де бір үй суға кетпеді. «Жайық Таза қала» ЖШС директоры Қуат Ерсайынның айтуынша, көктемгі қар суы жиналған жерлерден 53 мың шаршыметр су сорылып, аулаққа төгілген. Аталған мекемеде бүгінде 750 адам еңбек етеді, 300 техника жұмыс істеп жүр. Ал жалпы көктемгі су тасқынының алдын алуға Орал қаласында 1 мыңнан аса адам жұмылған болатын.

Өңір басшысының алғыс хатын алған «Жайық Таза қала» мекемесінің бір топ қызметкері мен мекеме-кәсіпорын басшылары да қарапайым қар тазалаушыларының еңбегі еленгеніне ризашылық білдірді.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Батыс Қазақстан облысы