Аймақтар • 05 Сәуір, 2019

Қызылордалық полицейлер ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевті еске алды

1551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінде кәсіби даярлық сабағы өтті. Полиция қызметкерлері үшін өткізілген бүгінгі сабақ «Ерлік сабағы» болып жарияланып, атыраулық Шалқар Ақымғалиевтың ерлігін ұлықтаудан басталды. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылордалық полицейлер ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевті еске алды

21 наурыз күні «102» операторына  Атырау қаласындағы орталық көпірден белгісіз азаматшаның өзенге секіргендігі жайлы хабарлама түскен. Оқиға орнына алғашқы болып жеткен Атырау қаласының полиция басқармасының патрульдік полицейі полиция сержанты Ақымғалиев Шалқар Көшкімбайұлы, азаматшаны құтқару үшін ойланбастан мұздай суға түскен. Өзгенің өмірін құтқарамын деп өз өмірін қиған жас полицей азаматшаны құтқару барысында өзі ерлікпен қаза тапты.

Ерлігі ешқашан ұмытылмайтын ерлерді ұлықтау біздің азаматтық парызымыз.  

Осы орайда бүгінгі «Ерлік сабағында» қызылордалық тәртіп сақшылары  антына адал, еліне, Отанына қызмет жасауда өзінің өмірін қию арқылы ерлік жасаған Шалқар Ақымғалиевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сонан соң полиция сержанты Ақымғалиев Шалқар Көшкімбайұлы туралы қысқаша бейнеролик қызметкерлер назарына ұсынылды.

Қызылорда облысы Полиция департаменті өз кезегінде қаза болған Шалқар Ақымғалиевтың отбасына материалдық көмек беру ұсынысын бірауыздан қолдады. Бүгінгі күні Қызылорда облысы полиция департаменті бойынша 1 800 000 /бір миллион сегіс жүз мың/ теңге көлемінде ақшалай қаражатты Шалқар Ақымғалиевтың анасы Мұханова Ләззат Мәженқызының есеп шотына аудару жұмыстары жүргізілуде.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жылдар өтсе де, Шалқар Ақымғалиевтың бейбіт өмірде жасаған ерлігі, екінің біріне беріле бермейтін батылдығы мен батырлығы халықтың жадында мәңгі жаңғырып тұрмақ, өскелең ұрпаққа, қазіргі таңда ішкі істер органдары саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлерге үлгі болып қалмақ.  

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өмірлік парызы етіп, жас та болса көзсіз ерлік көрсеткен Шалқар Отан алдындағы Антына мәңгі берік екендігін дәлелдеді.