Қазақстан • 05 Сәуір, 2019

Қазақстан биыл да ескі көліктерден арыла алмады

1040 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығы хабарлады. Олардың дерегінше 2019 жылдың алғашқы 2 айында елімізде 39,2 млрд теңгеге 5 920 көлік құралы құрастырылған.

Қазақстан биыл да ескі көліктерден арыла алмады

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көп көрсеткіш.

Алғашқы үштікті бастап тұрған  «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС көш бастаған. Зауыт қаңтар-ақпан 1 078 жеңіл көлік құрастырып,   Тәжікстанға 108 көлік экспорттаған.

«Азия Авто» кәсіпорны 1401 көлік құрастырса, «СемАЗ» 36 бірлік коммерциялық техника жинаған. «КАМАЗ  Инжиниринг» 48 жүк көлігін, ал  Daewoo Bus 16 автобус шығарған.

Ал «ҚазАвтоӨндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы соңғы 3 айда елімізде 323 988 көлік құралы тіркеуге алынғанын және бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8% артық екенін жариялады. «305 460 бірлік көлік құралы екінші рет тіркелді. Есепке бірінші рет алынған автокөліктердің саны 18 528 болды», – деп хабарлады одақтың баспасөз қызметі.

 Қазақстан ескі көліктерден арыла алмаған.

Есептік кезеңде екінші рет тіркелген көліктердің көрсеткіші 38,8%-ды құрап, көлік жүргізушілерінің дені зауыттан шыққанына 20 жыл болған темір тұлпарларды тақымдап жүргенін көрсеткен. Ал су жаңа көлік мінетіндердің қатары өткен жылы 4,7% болса, биыл 3,4%-ға түсіп қалған.

Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы ескі көлік көп сатылған аймақ деп танылған.
«Машина құрастыру саласы ел экономикасына мультипликативті әсер етуін жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда ел аумағында жүрген танымал 10 көлік брендінің 7-і отандық өнім саналады. Автокөлікті жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 14 мыңға жуық көлік сатылды. Автонесиелендіруге бөлінейін деп жатқан 10 млрд теңге мен коммерциялық техникаға қарастырылатын лизинг  тұтынушылардың белсенділігін арттырып, көлік саудасының көлемін арттырады деп үміттенеміз», – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ