Экономика • 05 Сәуір, 2019

Ұлттық банк еліміздің сыртқы борышының көлемін жариялады

793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның сыртқы борышы 2,5 миллиард долларға қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банктың баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық банк еліміздің сыртқы борышының көлемін жариялады

2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 158,8 млрд АҚШ доллары немесе ІЖӨ-ге қатынасы 93,1% (жыл басынан бастап 9,5%-ға жақсарды) құрады.
Сыртқы борыш құрылымында 63,6%-ын бұрынғысынша фирмааралық берешек, 25,0% байланысты емес кредиторлар алдындағы «Басқа секторлардың» сыртқы борышы, 7,8% мемлекеттік сыртқы борыш (Үкімет пен Ұлттық Банк), 3,6% - «Банктер» секторының сыртқы міндеттемелері (ЕДБ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) алып отыр.
2018 жылғы 4-тоқсанда экономиканың банктік емес секторы міндеттемелерінің азаюы есебінен елдің сыртқы борышы 2,5 млрд АҚШ долларына қысқарды.
Мемлекеттік сыртқы борыштың жалпы сомасы 1,05 млрд еуроны құрайтын 5 және 10 жылдық тәуелсіз еурооблигациялардың екі траншын шығару есебінен 899,1 млн АҚШ долларына өсті.
«Банктердің» сыртқы міндеттемелері тоқсан ішінде өзгермеді, себебі бейрезиденттердің қолындағы еурооблигациялар көлемінің азаюы олардың қазақстандық банктердегі депозиттерінің өсуімен өтелді.
«Басқа секторлардың» үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы 1,6 млрд АҚШ долларына азайды, ол, негізінен, қарыздарды өтеу есебінен, оның ішінде ERG тобы кәсіпорындарының міндеттемелерін қайта қаржыландыру (963 млн АҚШ долларына азаю), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың «Сбербанк России» ПАО алдындағы (371 млн АҚШ долл.) және «Қазтеміртранс» АҚ-тың ЕҚДБ алдындағы қарыздарын өтеу есебінен орын алды.
Фирмааралық берешек ірі кен өндіруші және көліктік компаниялардың шетелдік тел ұйымдардан тартылған несиені өтеуі нәтижесінде 1,8 млрд АҚШ долларына қысқарды.
Талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымында есепті кезеңде 1,2 млрд АҚШ долларына азайып, 2019 жылғы 1 қаңтарда 22,8 млрд АҚШ долларын құрған мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы (мемлекеттік сектор капиталына 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктер мен ұйымдар) жеке көрінеді.
Қазақстан Республикасының таза сыртқы борышы 2018 жылғы 4-тоқсанда 560,5 млн АҚШ долларына азайып, 47,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте мемлекеттік сектор және «Банктер» қалған әлемге қатысты таза кредиторлар болып, ал «Басқа секторлар» таза қарыз алушылар болып табылады.