Әлем • 08 Сәуір, 2019

Үндістан енді ғарыш державасы ма?

1702 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлем бойынша ядролық державалар клубына кіру үшін мемлекет 6 ядролық сәтті жарылыс жасау қажет деген жазылмаған заңдылық бар. Солтүстік Кореяның алты жарылыс өткізген себебі де сол. Ал ғарыш державасы атану үшін де шарт бар екен. Ол ғарышта жүрген спутникті ракетамен атып түсіру. Жақында Үндістан осы міндетті орындап, өзін ғарыш державасы деп жариялады.

Үндістан енді ғарыш державасы ма?

4-ші держава? Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди­дың айтуынша Шакти деп аталатын миссияның аясында жер­ден 300 шақырым биіктікте, яғни ғарышта жүрген спутник А-SAT ракетасының күшімен құлатылды. Модидың сөзіне қарасақ, аталған миссия біраз уақыт бұрын жүзеге асқан, бірақ ол туралы енді жарияланды. Оған қоса, Үндістан бұл қадам арқылы өзге елдерге шабуыл жасағысы келмейді. Тек өз қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

Әрине, Үндістан осы қадамы арқылы ғарышқа әркімнің-ақ бар таласы екенін көрсетті. Себебі бұл мемлекетте 1947 жылдан бері ғарыш бағдарламасы іске қосылған. Бұған дейін тек қана үш ел – АҚШ, Ресей және Қытай көктегі спутникті атып түсірген. Енді бұл тізімге үнді елі қосылды. Америка мен КСРО сонау 1950-60 жылдары бұл істі орындап тастаған. Ал Қытай тек 2007 жылы ғана өзі­нің ескі метеорологиялық спут­нигін құлатты. Сол үшін олар 4-ші мемлекеттің ғарыш клубына қосылғанын онша жақтыра қой­ған жоқ. Себебі теориялық тұ­р­ғыда енді Үндістан да сол үш елдің көкте қалқып жүрген спут­ник­терін ракетасымен көздей ала­ды деген сөз. Яғни, бір сөзбен айт­қанда ғарышта жаңа бәсекелес пайда болды.

Әлемдік реакция. Үндістан­ның бұл миссияны орындағаны­на алғашқы болып Пәкістан нара­зылық танытты. Екі ел ақпан айында ғана Кашмир штаты үшін қайта қақтығысып қалған еді. Енді үнді елінің әскери әлеуе­ті арта түсті. Пәкістан­ның Сырт­қы істер министрлігінің өкілі Мұхамед Файсал «Үндістанның зымыранға қарсы сынақ өт­кізуі әлем жұртын алаңдатып отыр. Пәкістан ғарыш­та жантала­­са қарулануға өте қарсы. Ғарыш – адамзат үшін ортақ мұра. Сондықтан әр­бір ел оны милитаризациялайтын әрекеттерге жол бермеуді жауап­кер­шілік деп қабылдауы керек», деп өз ұстанымын жеткізді. АҚШ-тың дипломаттары қарсылығын танытпаса да, НАСА-ның өкілі «Үндістан спутникті атып түсір­ген соң ғарышта 400-дей қал­дық пайда болды», – деп Нью-Де­ли­дің көкті ластағанын жақтырмады. 
Қытай да Үндістанның спут­никті құлата алатын деңгейге жет­кеніне қуана қойған жоқ. Өйткені екеуінің арасында кезінде жер үшін соғыс болған әрі Азиядағы ең ірі бәсеке­лес мемлекеттер саналады. Қытай үкіметінің ресми өкілі «Халықаралық қоғамдастық ғарыштық кеңістікте жанталаса қарулануға жол бермеуді талап етеді, ғарыштық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету қажет» деген сы­ңайлы пікірін жеткізді.  

Ғарыш милитаризациясы. Басқа-басқа Қытайдың ғарыш қауіпсіздігі жайлы сөз қозғауы тым артық. Себебі бұл елдің өзі 2007 жылы 865 шақырым биіктіктегі «Фэнъюнь-1C» спут­нигін ракетасымен атқы­лап, көзін жойды. Ал Үндістан құлат­қан спутник тек 300 шақы­рым­да еді. Енді осы екі биіктікті, сәйкесінше қос елдің әскери мүм­кіндігін салыстыра беріңіз.   

Ал енді Үндістан бұл қадамға неге барды дейтін сұрақ туындайды. Жауаптың жартысы жоғарыда жазылды. Әлемге, әсіресе көрші­лері Қытай мен Пәкістанға өзінің әскери әлеуетін көрсету. Мінез көр­сету десе де болады. Ал спут­никті жою қандай да бір елге ар­тық­шылық бере ме? Әрине, жоқ. Бұл өзіндік державалардың қару сайысы және пиар акциясы деуге келетін шара.   

Жалпы, ғарыштың милитаризациялануы, яғни космосқа қару шығару ХХ ғасырдың ортасынан бері жүзеге асып келе жатыр. Оның негізін қалаған АҚШ пен КСРО. Мәселен, кезінде КСРО «Алмаз» орбиталық әске­ри стансасын шығарды. Ол ға­рыш­тан әскери құрылымдарды бас­қару­ға, радиотехникалық барлау жүр­гізуге арналды. Оған қоса, өзге спутниктердің шабуылынан қор­ғану үшін стансаға автоматты зең­бірек және Щит-2 ракетасы орна­тыл­ды. Яғни, нағыз әскери спутник болған. 

АҚШ та қарап қалмады. Президент Рейган уақытында  Strategic Defense Initiative, яғни Стратегиялық қорғаныс бастамасы атты бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның мақсаты – ғарышта толық басымдыққа ие болу, химиялық және ядролық лазер қаруларды ғарышқа шы­ғару және қарсыластың зымы­ран­дарын ғарыштан атып түсіру еді. Алайда 1980 жылдары бұл міндеттердің орындалуы ғылыми тұрғыда мүмкін болмағандықтан, бағдарлама тоқтатылды. 

Бүгінде арнайы ғарыш әскері 5 мемлекетте бар деп есептеледі: ол АҚШ, Ресей, Қытай, Фран­ция және Ұлыбритания. Ресей әскери мақсаттағы спутниктерді ғарышқа шығарып, сол ғарыштан төнетін қауіптердің алдын алу үшін 2015 жылы бөлек Әуе-ғарыш әскерін жасақтады. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп биыл ақпан айында Ғарыш әскерін құру туралы бұйрыққа қол қойды. Мақсаты – ғарышта Мәскеу және Пекиннен басым түсу және олардан қорғану. 

Ғарыш қауіпсіздігі және таза­лығы. Жалпы бүгін Жер орби­тасында 1950 спутник бар екен. Оның 830-ы АҚШ-тың меншігі. Қытай­да 280 спутник бар, ал Ресейде 147. Шағын ғана Люк­сембургте 33. Қазақстан да былтыр екі спутнигін Илон Маск компаниясының көмегімен көкке көтерді («Байқоңырымыз» жалға берілген). Осыншама спутниктің өз миссиялары бар. Көпшілігі коммерциялық. Байланыс орнату, ауа райын бақылау және әскери барлау жүргізетіндері де бар. Сол үшін ірі мемлекеттер ғарыш қауіпсіздігіне көп назар аударып жатыр. Айталық АҚШ-тың GPS-жүйесіне жауапты спутниктері атып түсірілсе, жерде қаншама техника, көлік, кеме, ұшақ навигациядан айырылады, апатқа ұшырайды. Сол үшін олар қорғану және шабуыл жасау мақсатында ғарышқа қару шығарудан да бас тартпайды. 

Алайда ғарыштағы спутникті атқылаудың үлкен қаупі бар. Ол – ғарышты күл-қоқысқа тол­тыру. Мәселен, Үндістан спут­­никті жойған соң аспанда 400 майда бөлік шашырап кетіп­ті. Ал 2007 жылы Қытай өз спут­нигін құлатқанда, бос кеңістікке 2 мыңнан аса қалдық тараған. Ал ол қалдықтар қауіпті ме? Әрине. Себебі олар қазір ғарышта жүрген спутниктерге немесе халықаралық ғарыш стансасына соқтығысуы мүмкін. Ал егер әрбір ғарыштағы күл-қоқыс аспанда үлкен жылдамдықпен қозғалатынын ескерсек, оның соққысы ауыр. Бұл күндері ғарышта 7200 тонна қоқыс айналып жүр екен. Биыл ұзындығы 1 см-ге жетпейтін 128 млн қалдық тіркеліпті және 10 см ұзындау 34 мың қалдық қалқып жүр. Бұл АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа және басқа елдердің ракета, спутниктерінен қалған қоқыстар. Осы қоқыстың жер бетіне жыл сайын 75 мың тоннасы түседі екен. Әрине, оның көпшілігі атмосферада жанып кетеді. Бірақ жерге жететіндері де бар. 1997 жылы АҚШ-тың Оклохомасында тұратын әйелдің иығын сондай спутник қалдығы жаралаған. 

Сонымен Үндістанның ға­рыштағы спутникті атып түсіруі нені көрсетті? Әлемде ғарыш кеңістігі үшін талас, бәсекелестік одан әрі жалғасып жатыр. Бұрын ғарышты тек технология үшін қолдану туралы түсінік бар еді. Қазір әскери мақсатта пайдалану мәселесі үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Оған ғарыш әс­кер­лерінің құрылғаны дәлел. Себебі ғарыш кез келген елге шек­сіз әскери басымдық беруі мүмкін. Алайда 1967 жылы Ға­рыш­қа қару шығармау, оны тек бейбіт мақсатта қолдану туралы халықаралық келісім жасалған. Ол құжатты қазір ірі державалар пысқыра қоймайтыны көрініп тұр.