Ал еврей халқының ұлттың болашағы туралы мынадай бір өлшемі бар. Егер ұлттың 18 жасқа дейінгі жастарының 40%-ы ана тілінде сөйлесе, ол ұлттың 40 жыл өмірі бар, ана тілін меңгерген жастардың саны өскен не азайған сайын ұлттың жасы өседі не азая береді.
Адамды ұлтымен, тілімен қатар, мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты мен тарихы байланыстырады. Тіпті құпия көзге көрінбейтін биоэнергетикалық байланыстарының да дәнекер болатынын генетик мамандар дәлелдеген. Ғылымда бұл ағымды примордиализм дейді. Біздің шетелдердегі қазақтарды қандастарымыз деуіміз орынды.
Ұлттық сананы кейде сыртқы факторлар да оятады. «Егер немістер соғыс жариялап, жерімізге басып кірмесе, біз орыс екенімізді сезбес едік», – дейді кейбір орыстар.
«Егер антисемитизм болмаса, бізді қудаламаса, біз еврей екенімізді сезбес едік», – дейді еврейлер. Егер Мәскеу қазақты менсінбей, бір шүрегейге Қазақстанды басқаруға бермесе, қазақтардың бір қатарының намысы оянбас та еді.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының басты идеясы – өткенді танып, әспеттей отырып, құндылықтарға сүйеніп бүгінгі заманның мәнісін ұғыну. Мақала алпауыт ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінің рухани мәнін жүйелеген.
Ежелгі материалдық және рухани құндылықтар «түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге» мүмкіндік туғызады. Қазақ және басқа да түркі халықтарының рухани болмысының ортақтығын көрсетеді. Мақала ғылыми ізденістерге, пікірталастарға, әсіресе еуропацентристік, ресейцентристік авторлар жағынан да әртүрлі көзқарастар туғызады. Ішкі өмірімізде мақала елдің, қазақ халқының рухани бірлігіне, тұтастығына, ұлттық тәрбиеге қызмет ететіні сөзсіз.
Бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұстары ойландырмай қоймайды. Ең бастысы науқаншылдық, осы маңызды іске үстіртін қарау. Жеңіл-желпі әрекеттердің терең себептері бар. Егер әлеуметтану тұрғысынан келсек, халық деген біртекті емес. Еліміз қазақтарын үш буынға бөлуге болады: аға буын, орта буын, жас буын. Алдыңғы екі буын кеңес тәрбиесінен өткендер, олардың бірқатарына екіжүзділік те тән болды. Мемлекеттік саясатты сөз жүзінде қолдап, қара басының жағдайын, табысын, әл-ауқатын ойлайтын, ішкі есеппен, ішкі өз психологиясымен жүретіндер. Жоғарыдан айтылған елдік саясатты қолдау, мақтау, сол арқылы жақсы болып көріну. Рухани жаңғыру ұлттық рухы жоғары азаматтардың азаюына алаңдаушылықтан да туып отырғаны белгілі.
Екінші жағынан, аға ұрпақтар бойында кеңестік интернационализм, ұлтсыздықтың да іздері бар. Интернационализм адамдарды бірлікке, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бірақ бауырмалдық, туысқандық ниет тек таптық негізде ғана болуына артықшылық беріп, ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарайды.
Бірте-бірте орыс коммунист басшыларының солақай ұлттық саясаты, коммунистердің озбырлығы туралы ақпараттар Кремльге ағылып келіп жатады. Сонда тісі ауырып жатқан В.Ленин: «Ұлы орыстық шовинизмге өліспей беріспеймін, соғыс жариялаймын. – Ауру тісімнен құтылысымен-ақ, оны бар сау тістеріммен жеп қоямын», – депті. (Шығармалар толық жинағы, 45 том, 241 бет.)
В.Ленин шовинизмді тек орыс ұлтының мүддесі тұрғысынан ғана сынады. Бұл ұрдажық, тұрпайы саясат орыс халқының соры болатынын, бұлай бола берсе Кеңес Одағының болашағы бұлдыр екеніне күйзелді. Ол дөрекілікті орыс коммунистерінен ғана емес, өрескел орысшыл ұлттық «интернационалистерден» де сақтандырды, тіпті орыстан гөрі орыстанғандар қауіпті деді. Бірақ сананы ұлтсыздандыру тоқтамады, бірнеше ұрпақ нигилизм идеологиясының ықпалында тәрбиеленді, тілдері орыстанды, ұлттық тілдер орыс сөздері араласқан басқа бір жаңа тілге айналды. Украиндықтар оны «суржик» десе, біз шұбарланған тіл дейміз. Тіл тазалығы үшін Украинада бүгін де күресіп жатыр. Ал біздің қазақтар кейде украиндықтарды ана тілінде сөйлегені үшін «националист» деп сынап жатады.
Генералисмус И.Сталин 1945 жылы Жеңіс шеруіне арналған банкетте орыс халқының құрметіне арнап тост көтерді. Батыс тарихшылары осы біржақты құрмет орыстардың астамшылдығын, ұлы орыс шовинизмін кейінгі жылдары онан әрі асқындырып, басқа халықтардың мерейін төмендетіп, орыстандыру саясатын күшейтті деп орынды сынады.
Ұлыдержавалық астамшылықтың бетін қайтару әзірге мүмкін емес. Дегенмен Кеңес Одағының күйреуі шамалы болса да сабақ болған сияқты. Ресей Федерациясының гимні сөзінің авторы Сергей Михалков жаңа мәтінінде Кеңес Одағының гимнін көп өзгертпеген, тек «великая Русь» деген тіркесті алып тастаған. «Неге?» деген сауалға «Басқаларды ренжітіп алмайық деп ойладық», – депті.
Барлық отарланған елдерде психологиялық тұрғыдан күрделі ахуал қалыптасады. Этнопсихология ілімінде оны «екі жақты» сана делінеді. Отарлаушы билік (тұтастай ұлт емес) тәуелді елдерде өздерін жарты құдай сезінеді, өз айтқандарын істетеді, бағынышты ұлтқа да, өздеріне де беретін бағаны ақиқат деп қабылдайды, өз тілін, мәдениетін, дәстүрін, кейде дінін де таңады. Отарланған ұлт өкілдері әртүрлі деңгейде айтқандарын екі етпейді, тілін, мәдениетін, дәстүрін, көзқарасын қолдай да алмайды, осылай күн көреді, отарлаушы ұлттың маскасын киеді. Астамшылық ресми саясатқа айналады, оған тіпті киелі мән береді. Ол саясатқа қарсыларды сатқындар деп жазалайды.
Үстемдік осылай дәріптеліп, ұлттың рухани коды – тілін әлсіретуді мақсат етті. Өзін менсінбеумен бетпе-бет келіп, кемсіту азабын тартқан қазақ ұлтында да қарсылық, ұлттық патриотизм туды, жүйкесі тозып, өз ұлттық құндылықтарынан айырылып қалмаудың қамын ойлады. Бұл психология Желтоқсан көтерілісшілеріне, олармен ниеттес, тілектес қазақтарға тән болды.
Сонымен бірге ұлттық конформизм қазақтардың бойына терең сіңді. Отарлаушылардың қысымына көнгіш, икемді, тілін, дәстүрін қабылдағыш, бірте-бірте олардың сойылын соғып, өз ұлттық мүддесінен алыстаған үлкен ұлттық топ өмірге келді. Ұлттық конформизм әсіресе партия, кеңес қызметкерлеріне, қоғамтанушы ғалымдарға тән болды. Орталық билік қазақтар арасынан олардың сөзін сөйлейтін, тапсырмасын бұлжытпай орындайтын, отаршылдықты жақтайтын интеллигенцияның бірнеше ұрпағын тәрбиеледі. Қожа ұлттың бюрократиясының алдында жағымпаздық танытып, қазақтар өзара жарысып бірін-бірі «националист», «рушыл» деп кінәлады.
Ұлттық патриотизм мен ұлттық конформизм («тек жүрсең, тоқ жүресің») этнопсихологиялық ұстанымдар арасында екі ойлы солқылдақ қазақтар да аз болмады. Санаға сіңген интернационализм идеологиясы да тежеді. Айдаһардай ысқырған империя бәрібір ырқына көндіреді деушілер болды.
Сонымен бірге Қазақстан ұлттар мидай араласып, бір-бірімен сіңісіп, ассимиляцияға ұшыраған аймақ еді. Оны ресми идеология интеграция, халықтар достығы деп бағалағанымен, әсіресе өз елінде азшылыққа ұшыраған қазақтар ұлтсызданды.
Тәуелсіздік заманында халық талай жағдайды ой елегінен өткізді, дегенмен рухани салада әлі де пәрменсізбіз. Жаңа қалалар салынды, ел жаңарды, бірақ сананың жаңаруы баяу. Жалпы қоғамдық сананың дамуында сабақтастық заңдылығы да бар, өткенді санадан сылып тастау мүмкін емес. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағынымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сондай-ақ сыртқы ықпал да бар. Орыс бұқаралық мәдениеті мен орыс тілі арқылы қазақтарды орыс идеологиясы аясынан шығармау, тәуелсіздікті құнсыздандыру мақсаты бүгінде өткір күйінде тұр. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей басшыларының тәуелсіздік алған Қазақстан сияқты мемлекеттерді тәуелсіздік мерекесімен құттықтау бір аяғынан айырылып, енді бір аяғыма ғана аяқ киім аламын деп өзін жұбатқан адаммен бірдей деп сынайды. Себебі ол елдерді тәуелсіздікпен құттықтауы тарихымызға көлеңке түсіреді, олардың тәуелді болғанын мойындаумен бірдей деп есептейді. Олар тәуелді емес еді, украиндар, қазақтар, басқалар өздері Ресейге сұранып қосылды, Ресей оларға өркениет жетістіктерін әкелді, ағартушылық парызын орындады делінеді. Ал Африка елдерін тәуелсіздік мерекесімен құттықтау орынды, себебі еуропалықтар әуелі оларды күшпен басып алды, кейін мемлекеттігінен айырды, ұзақ уақыт байлығын тонады деп есептейді.
Ұлтсызданудың өмірдің рухани саласындағы көрінісі алуан түрлі және ұлтсыздық еліміздің этнорухани ахуалына өзінің жағымсыз ықпалын тигізеді. Бір кездері әкімшілік экспериментті қолдап, қазақстандық азаматтардың паспортына ұлтын көрсетпеу мақұлданды. Бір қарағанда паспорт деген адамның азаматтығын ғана көрсетеді, ал ұлттығы – санасында. Бірақ ұлттық сана терең орнықпаған, тілі, мәдениеті, ақпараттық пәрмені әлсіз этноәлеуметтік ортада бұл эксперимент нигилистік ұстанымға жетеледі.
Қазіргі жаһандану заманында ұлт деген адамдардың өзгеріп тұратын шартты қауымдастығы, адамдар отбасын, ұлтын, дінін, Отанын өзгерте береді деген конструктивтік теория кеңінен таралуда. Егер қазақ басқа тілде сөйлесе, сол тілдегі әдебиетті оқыса, басқа ұлттың тағамын дайындап үйренсе, ол байырғы ұлтынан басқа ұлтқа ауысады. Орысша сөйлеп, Л.Толстойды оқып, борщ пісірсе орыс болмағанда кім болады дейтіндер де бар. Сондықтан паспортта ұлтты көрсету, ұлттық тек, құндылық маңызды емес дейтіндер көбейді. Осылай Франция, Германия, Ұлыбритания, Түркия (олар отарлаушы елдер) мемлекеттері сияқты азаматтық қоғамға жетеміз деген жалған үміт жетегінде кетіп қалдық. Шындығында өмірдің барлық саласында ұлттық ерекшеліктерді ескеру, этностық әдепті (этика) сақтау – руханилықтың бір көрінісі. Сондықтан да халық санағында этностық статистика қатар жүреді. «Мен қазақпын, қазақ болғаныма мақтанамын, басқа ұлттың өкілі болсам да осылай мақтанар едім», – дейді қазақ жігіті. Еліміздегі этностық қауымдастық өкілдерінің саны аз болған сайын намысы зор, тілі, дәстүрлерін, мәдениетін сақтайды, этномәдени бірлестік құру үшін де олардың саны керек.
Ғасырлар бойы қалыптасқан еліміздегі ұлтаралық келісім тәжірибесі, келісім мәдениеті мен тәрбие қазақстандықтардың мінезін ұстамдылыққа бейімдеді, дау-дамайдың алдын алуға, кешірімділікке икемдеді.
Ұлтсыздық немесе нигилизм космополитизмнен егіз. Космополитизм астамшылдықпен, нигилизммен, ұлттық кемсітушілікпен ұштасады. Космополитизм ұлтсыздану үрдісіне күш-қуат беріп, жаһандану заңдылықтарымен нигилизмді негіздейді.
Глобализм әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін, өзара икемділігін санаға сіңіреді. Шындығында бұл бүкіл әлемді бір қалыпқа салу емес, бірлесу, әртүрлі, әртекті ұлттық, діни, саяси мүдделердің ықпалдасуы. Жаһанданудың сапалық мәні осында. Бірақ, жаһандану қоғамның барлық саласына ықпал ететін күрделі, екі жақты құбылыс. Оның төңірегінде бүгін екіұдай пікір қалыптасып отыр. Қазақстан интеллигенциясының бір тобы, әсіресе кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір әдебиет, өнер қайраткерлері ұлттық құндылықтарды менсінбейтін космополиттік бағыт ұстанса, екіншілері патриоттық, ұлттық мүддені жоғары бағалайтындар. Соңғыларын, шүкір, бүгін басым топ деуге болар. Бұл екіге жарылу Батыста да, Шығыста да, ұлттық, діни қауымдастықтар алыс–беріске, байланысқа қарсы емес, тек рухани үстемділікке қарсы. Еуроодақ елдері америкалық киноларға шек қояды. Әсіресе, француздар америкалық, басқа да шетел музыкасына, әртістердің ағылып келуіне, оларға ұлттық өнер иелерінен артық еңбекақы төлеуге, шетелдік қойылымдар мен киноларға шектеулер белгіледі. Француздарды басқа еуропалықтар ұлтшыл деп айыптаса да, ұлттық құндылықтарын бәрінен де жоғары қояды. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу – ол өз мәдениетін төмендетіп, басқаны қаржыландыру, қолдау деген сөз. Ал кино мен театр ол идеология, ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне ықпал етеді.
Ұлтсыздықтан арылу, ұлттың биік мерейі оның болашағына сенумен байланысты. Жан-жақты бәсекелестікке түскен қазақ елінің ұпайы түгел болар ма екен деген сауал көп қазақтың көкейінде. Мемлекеттер қарым-қатынасы әрдайым әділ, өзара сыйластыққа негізделе бермейді, біржақты үстемдік те орын алатын жағдайлар баршылық. Қайшылықтар тіпті, ымыраға келмейтін қайшылықтар кездеседі: бір жақ ұлттық мүдделерді қолдаса, екінші жақ, қарама-қарсы, ұлттан жоғары сырт мемлекеттердің мүддесін қорғайды. Осы тұста қайшылықтарды еңсеру, ортақ шешімге келу, келісу, келістіру, өзгені де ойлау, ұтылыста қалмау саяси шеберлікті, терең талдауды қажет етеді. Күтпеген, төтенше жағдайлар да айқын, күмәнсіз шешім қабылдауды талап етеді. Өзара тәуелділік, экономикалық одақтарға кіру, ұлттық мүддеге нұқсан келетін тұста олардан шығудың да жолдарын мемлекеттер ойластырады. «Мен бір рет айттым, тағы да қайталап айтам, тәуелсіздікке нұқсан келтіретін болса, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз – тәуелсіздік. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Сондықтан бұл жөнінен ешқандай күдік болмасын» – деді Н.Назарбаев.
Ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарау, талғамсыздық, ұлттық құндылықтарды менсінбеу, селқостық және оны сезінбеу ұлтсыздықты бойға сіңіре береді. Бүгін жалған руханилық, ұлттық мүдделерді сыйлаған болу, тіпті мүсіркеу, ұлтшыл болып көріну де кездеседі. Көпұлттымыз деп басқалардың қасы мен қабағына қарау да ұлттың намысын түсіреді.
Конфуций он атадан соң не боларын болжау мүмкін бе деген сауалға, дәстүр-салтқа жүгінсе, сүйінсе, ұлттық болашағын сеніммен байыптауына болады деген екен. Ал бөтеннің аруағына табыну жарамсақ елдің ісі. Басқаның ақылымен жүру оның тілін, мәдениетін қабылдауға үйретеді, ұлтқа пәле әкеледі. Дәстүрлі наным-сенім, ұлттық құндылықтар – ұлттың темірқазығы.
Ұлтсыздық, бір жағынан, отарланған ұлтқа тән көнгіш, жалтақ, еліктегіш психологияның салдары. Екінші жағынан, ұлт мерейінің төмендігі. Қазақ тек рухани жағынан қалжыраған жоқ, әлеуметтік, технологиялық, ғылыми жағынан әлеуетін әлі де жетілдіру жолында. Қазақ отарланған халқының ұлт ретінде жағдайын саралайтын, оның мәдениетін, тілін, демографиялық ахуалын, өмір деңгейін, жұмыспен қамтылуын, көші-қонын, тіпті қылмысқа қатыстылығын талдайтын бүгін қажеттілік бар. Басқа мемлекеттердің бірқатарында салыстырмалы этностық статистика жүргізіледі. Рухани жаңғыру – саяси белсенділік, ұлт мақсатындағы әлеуметтік-экономикалық жаңарумен қатар жүреді.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор