Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Оралда «Туған өлке – тұнған тарих» ғылыми-зерттеу жобасы өтті

2209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Туған өлке – тұнған тарих» ғылыми-зерттеу жобасы байқауы өткізілді. Байқауға 4 аудан мен Орал қаласынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өкілдері, барлығы 19 үміткер қатысты.

Оралда «Туған өлке – тұнған тарих» ғылыми-зерттеу жобасы өтті

Бұл байқаудың мақсаты – Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалары аясында өз туған өлкесін, ауылын, қаласын ерекше сүйетін, тарихын білетін Отан патриоттарын тәрбиелеу болатын. Тартысты өткен байқауға жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми-сарапшылық және облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы өкілдері төрелік етті.

Байқау барысында жас зерттеушілер - 1-2 курс студенттері өздерінің антропонимика, топонимика бағытында жүргізген ғылыми-зерттеу жобасын ұсынып, өңірлік ономастиканың анықтамалық әдебиеттерімен жұмыстану мәселесінде біліктілігі мен дағдысын, сөйлеу тәжірибесінде алған білімі мен іскерлік шеберлігін, туған өлке тарихының ақпараттық-талдау материалдары жүйесін құру және жүргізудегі жұмысын, қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін көрсете білді.

Облыстық байқау қорытындысында Бас жүлде – Орал ақпараттық технологиялар колледжінің 1 курс студенті Игнатьева Натальяға бұйырды. Ал Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 1 курс студенті Залина Алиева 1 орынға лайық деп танылды.

Екі екінші орынды Бәйтерек ауданы Рубежка колледжінің 1 курс студенті Бек Амангелді мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің 1 курс студенті Қадырбек Дүйсекенов өзара бөлісті.

Бәйтерек ауданы Зеленов колледжінің 1 курс студенті Елена Литвякова, Батыс Қазақстан Инженерлік-технологиялық колледжінің 2 курс студенті Гүлнәз Өтемісова және Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің   2 курс студенті Құндыз Сансызбаева жүлделі үшінші орынға ие болды.

Шыңғырлау колледжінің 2 курс студенті Амир Бикитеев пен Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің 1 курс студенті Арсен Саинов арнайы жүлдеге ие болды. Жоғарыда аталған жеңімпаздардың бәріне диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.


Суретті түсірген Рафхат Халелов


Батыс Қазақстан облысы