Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Оралда ерекше балалар фестивалі өтті

1386 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында республикалық «Жұлдызай» фестивалінің іріктеу кезеңі өтті. Бұған Ақ Жайық өңірінің түкпір-түкпірінен келген 150-ден аса ерекше балалар қатысты.

Оралда ерекше балалар фестивалі өтті

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бұл фестивальдің аудандық кезеңіне Батыс Қазақстан облысынан 500-ге жуық бала қатысып, ерекше тартысты өткен болатын. Бұл сын – сол іріктеуден өткен өрендер үшін

Елімізде дәстүрге айналған бұл шараның мақсаты - ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін, әлеуметтік белсенділігін дамыту, қоғамдық ортада өздерін еркін сезінуге көмектесу болатын. Фестиваль барысында қатысушылар «Вокал», «Хореография», «Ым-ишаратпен ән айту» номинациялары бойынша өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ фестивальдің «Бейнелеу өнері», «Көркем-қолданбалы өнер» аталымдары бойынша театр фойесінде үздік жұмыстардың көрмесі ұйымдастырылып, көрермен көңілінен шықты.

Осы кеште ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі аниматорлар мен «жасұландықтар» балаларға флешмоб ұйымдастырып, әдемі көңіл-күй сыйлады.

Фестивальдің сәтті өтуіне «Орал-Дез» ЖШС директоры Аслан Қарабалин, «Фирма Сервер плюс» ЖШС директоры Алексей Наумов, жеке кәсіпкер Күнсұлу Қиламбекова, «Стекло Сервис» ЖШС директоры Аркадий Рубцов, жеке кәсіпкер Нұржамал Қабақова, жеке кәсіпкер Аухат Оңғаров, жеке кәсіпкер, «Art dance» директоры Динара Мерғалиевалар демеуші болып, қолдау көрсетті.

Барлық қатысушылар Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының алғыс хаты мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Облыстық бірінші кезеңнен іріктелген балалар республикалық байқауға жолдама алды.