Руханият • 08 Сәуір, 2019

«Жібек саты» операсының премьерасы аншлагпен өтті

1034 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

6-7 сәуір күндері алғаш рет көрермен назарына Дж.Россинидің «Жібек саты» бір актілі опера-фарсы ұсынылды. Осынау комедиялық спектакль «Астана Опера» Камералық залында өтетін көптеген классикалық опера қойылымдарына жол салды. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.

«Жібек саты» операсының премьерасы  аншлагпен өтті

Өзінің тарих беттерін 6 жыл бойы жазып келе жатқан жас театр үшін бұл өте маңызды оқиға. Енді Камералық зал репертуары одан сайын түрлене түсті. «PICCOLO» Камералық театры – студенттер, түлектер, жас вокалистердің танылған опера әншілерімен бірге өз шеберліктерін арттыруға арналған шығармашылық зертханасы іспетті.

Залда ине шаншыр жер жоқ. Жайлы камералық атмосферада, софит жарығымен қызықты оқиға орын ала бастады. Сюжет бойынша, Дормонттың (Рамзат Балакишиев, Руслан Совет) қамқорлығында тәрбиеленуші Джулия (Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова) Дорвильмен (Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов) құпия түрде некелескен, ал ол әр түні жібек сатымен әйелінің бөлмесіне көтеріледі. Дормонт болса, өзінің тәрбиеленушісін Бланзакка (Евгений Чайников) тұрмысқа бергісі келеді, ал оған Джулияның бөлесі Лючилла (Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини) ғашық. Ақкөңіл қызметші Джермано (Сүндет Байғожин) Джулияның түнде күйеуін күтетінін естіп әрі оны Бланзак деп ойлайды да, оған жібек саты түсірілетінін хабарлайды...

Кейіпкерлер қайта-қайта күлдіргі жайттарға тап бола берді, бұған тамаша әсер еткен көрермен күлкісін жасыра алмай, ду қол шапалақпен үн қатып отырды. Дарынды жас вокалистер мен опера сахнасының сұранысқа ие шеберлері өз партияларының нәзік вокалдық реңктерін беріп қана қоймай, бұл қойылым фарс болғандықтан, бір мезетте түрлі эмоцияларын ым-ишарамен, ойнақы көзқараспен білдірді.

Жаннат Бақтай мен Салтанат Ахметова өз мінез-құлықтары, өмірлік тәжірибелері арқылы әрқайсысы өздігінше бас кейіпкердің бейнесін сомдаған. Премьераның әр күнінде қос әртіс россинилік стильді, актерлік шеберлікті тамаша меңгергендерін көрсетті, олар желпуішті епті пайдаланып, сахнада кербез қозғалды. Жан Тапин мен Дамир Сәдуақасов осы қойылымда көңілдес кейіпкердің бейнесін сәтті сомдап шықты. Тенорлардың үндері жоғары деңгейде болды. Баритондар Сүндет Байғожин және Евгений Чайников те биіктен көрінді. Осы екі әртістің шеберлігін қос премьералық күн бойы рахаттанып тыңдауға мүмкіндік туындады. Сүндет Байғожин үлкен актерлік дарынын көрсетті, оның ойыны ерекше тартымды болды. Евгений Чайников көңілдес кейіпкердің бейнесін әрі күлдіргі, әрі әсерлі етіп жасады. Дормонт партиясындағы Рамзат Балакишиев пен Руслан Советке барлық жағынан оңай болғаны байқалды, екеуі де өз бейнелерін жақсы аша алды. Тамаша меццо-сопрано иелері әншілер Салтанат Мұратбекова мен Малика Минизини бельканто техникасын өте жақсы игергендерін көрсете отырып, Лючилла партиясын орындады.

Сахнаның керемет жиһаздарын сценограф әрі костюмдер бойынша суретші Манана Гуниа (Италия) жасаған, ол костюмдер мен декорацияларды венециялық карнавал стилінде, дәлірек айтқанда, кейіпкерлері капитан Фракасс, доктор Чума, арлекин және т.б. болған Комедия дель арте негізінде орындаған. Әртістер осы киім үлгілерінде ерекше көрінді, мұндай көздің жауын алатын алуан түсті экзотика әзірше салқын болып тұрған елордамыздың көрермендері тарапынан қызығушылықпен әрі таңданыспен қабылданды. Декорациялар, костюмдер және бейнепроекциялар XVIII ғасыр ортасындағы ыстық Италия еліне жетеледі.

Осы операдағы музыка мәтінмен тығыз байланыста болды. Қоюшы дирижер Абзал Мұхитдинов жетекшілік еткен оркестр музыканттары асқан шеберлікпен өнер көрсетті, оркестр құрамы оркестр шұңқырында емес, тыңдармандарға етене жақын болуы үшін залда орналасқандықтан, көрермендер өздерін қойылымның қатысушысы ретінде сезіне алды.

Премьера Жастар жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен үлкен жетістікпен өтті. Тыңдармандар әртістерге ыстық ықыластарын білдіріп, ұзағынан қол соғып, қошемет көрсетті. Осылайша, «PICCOLO» Камералық театры шығармашылық жобасы асқақ өнерді бағалаушылардың, сондай-ақ жетекші БАҚ-тың оң пікірін алды, демек, бұл – оны ұзақ та бақытты сахналық ғұмыр күтеді деген сөз.