Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Солтүстік Қазақстан өңірі жоғары білімді жас дәрігерлермен толығады

1088 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс биыл жоғары оқу орындарын бітірген 60-қа жуық жас дәрігерді қабылдап, орналастыруға дайын.

Солтүстік Қазақстан өңірі жоғары білімді жас дәрігерлермен толығады

Олар үшін қаржылай көтерме ақы мен жалдамалы баспана қарастырылып қойылған. Қазір жергілікті медициналық мекемелерде салалық мамандар жетіспейді. Мәселен, аллерголог пен балалар пульмонологы мүлдем тапшы. Бұлардан өзге терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург және онколог сынды мамандар да қат. Осының салдарынан кезекті көп уақыт тосуға тұруға тура келеді. Мәселен, № 1-ші емханада терапевттің қабылдауына бару үшін кемі бір ай бұрын жазылу керек.  Науқасы ауыр бала қайда қаралу керек деген сауал ата-аналарды көбірек мазалайды. № 3-ші қалалық емханада балалар окулисі жоқтығынан басқа емдеу орындарына  болмаса көрші Ресейге баруға  мәжбүр.

Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы  проблеманың барын жасырмайды.  Бүгінгі күні 230-дай, оның ішінде ауылдық жерлерге  80 жоғары дипломды маман қажет.

«Өткен жылдан бастап  ауылдарға жолдама алған дәрігерлерге 1,5 миллион теңге мөлшерінде бір реттік көтерме ақы беріледі. 58 маманды қабылдадық, олардың  40 шақтысы  ауылдық жерлерге орналасты.Қалаға келген мамандарға  500 мың теңге беріледі. Жалдамады  пәтермен қамтамсыз етіледі», дейді басқарма басшысы Тимур Сұлтанғазиев.

Сондай-ақ облыс орталығында қызмет ететін мамандар «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша да баспаналы бола алады. Ал ауылға баратын ақ халаттылар үшін 30 жер үй  әзір тұр. Алайда осындай  қолдауларға қарамастан келіп жатқан кадрлар әлі аз. Тығырықтан шығу мақсатымен облыс әкімдік тарапынан  резиденттерге арналған 80 грант бөлінеді. Бұл жағдайда 2-3 жылдық резидентураны бітірген мамандарға  5 жыл бойы жұмыс істеу талабы қойылады.

Былтырдан бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да болашақ медицина қызметкерлері дәріс алады.