Таңғажайып жобаның авторлары Арыслан Төлешев пен Владислав Крупец оны ең алғаш Қызылорда қаласында өткен «Наурыздағы кездесулер» атты ғылыми конференцияда ұсынып, жүлделі үшінші орынға ие болыпты. «Викинг» деген атауға ие аппарат операцияларды дербес орындайды. Қарапайым гаджеттердің көмегімен қашықтықтан басқарылады.
Робототехника және мехотроника пәнінің мұғалімі Дмитрий Алешин жас өнертапқыштардың талабын қолдап, көмектескен.
«Адамның көмегінсіз көптеген функциялар атқаратын мұндай аппараттар елімізде жоқтың қасы. Бұл машинаның көмегімен ғарыштан ақпараттар жинауға болады», дейді ұстаз.
Жас өнертапқыштар көпшілік тарапынан қолдау тапқан жобаны жетілдірмек ниетте. Ол үшін аппаратқа түрлі датчиктер орнатып, ғаламшарды зерттемек.