Қазақстан • 08 Сәуір, 2019

Заманауи студенттік емхана ашылды

1029 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жастар жылы» аясында және «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында заманауи студенттік емхананың ашылу салтанаты өтті.

Заманауи студенттік емхана ашылды

Шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Қ.Надыров, Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Ахметов пен З.Аманжолова, университет ректоры А.Қ.Күрішбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н..Нұркенов және бақса да қонақтар қатысты.

Университет ректоры Ақылбек Қажығұлұлы «Білім ордасында студенттердің әлеуметтік қолдауына үлкен көңіл бөлінеді. Республика бойынша ЖОО жанындағы студенттік емханалар тек Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғана бар. Ендігі кезекте біздің студенттеріміз де ешқайда бармай-ақ өз емханамызда қызмет алатын болады. Сонымен қатар, жаңа формат университет пен №5 қалалық емханасының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асып отыр»,- деді.

Студенттік емханада 13 мыңға жуық білім алушы тіркелген.  Оларға төрт аймақ бойынша 4 дәрігер-терапевт, невропатолог, кардиолог мамандары және 7 медбике қызмет көрсетеді. Дәрігерлерге жазылу «Смарт Астана» және «ДамуМед» электронды қосымшасы көмегімен жүзеге асады.

Дәрігерлік бөлмелер студенттік қалашықтың жатақханаларының бірінде 300 шаршы метр аумақта орын тепкен. Емханада жалпы практика дәрігері, салалық мамандар мен психологтың кабинеттері, емшара және тексеру кабинеттері, ЭКГ диагностикалық талдаулары мен тексерулерінің бөлмелері талаптарға сай жабдықталып, күту аймағы да қарастырылған. Студенттік емханада  процедуралық кабинет, қан алу бөлімі, электрокардиограмма (ЭКГ), ультрадыбыстық зерттеулер (УЗИ), дәрігерді үйге шақырту (студенттік жатақханаларға) қызметтері көрсетіледі.

Басқарма Төрағасы А.Қ.Күрішбаевтың бастамасымен ашылған жаңа емхана елорданың жоғары оқу ордасының студенттеріне сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуге ғана емес, сонымен қатар жастарға денсаулықты нығайту бойынша ұсыныстар беруге, салауатты және белсенді өмір салтын насихаттауға мүмкіндік берері анық.