Аймақтар • 09 Сәуір, 2019

Батыс Қазақстан облысында «Битрикс 24» сервисі қолданылады

950 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, бизнес-процестерді басқаруда қабылданатын шешімдерді жүйелеуге, бақылауда ұстауға және жұмысты жеңілдетуге арналған «Битрикс 24» сервисі қолданыла бастады. Бұл жөнінде өңір басшысы Алтай Көлгінов инвесторлармен кездесу барысында хабарлады.

Батыс Қазақстан облысында  «Битрикс 24» сервисі қолданылады

- Өңірімізге инвестиция тарту – біздің жұмысымыздың басым бағыты болып табылады. Облысымыз үшін барлық инвестициялық жоба маңызды. Олар «қарапайым заттар экономикасының» дамуына бағытталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, индустрияландыру мен инвестициялар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондай-ақ Президент мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығының сабақтаса жұмыс жасауы қажеттілігіне ерекше екпін қойды. Біз сіздер үшін жұмыс жасаудамыз, - деді облыс әкімі өңірде түрлі жобаларды жүзеге асырушы инвесторларға қарата.

Айта кетейік, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында бордақылау алаңдары құрылысы бойынша жалпы құны 6 млрд. теңге болатын 4 жоба, жылыжай кешені құрылысы бойынша 17,5 млрд теңгені құрайтын 2 жоба, 20 млрд теңгелік тұрғын үйлер құрылысы жобасы, 4 млрд теңгеге бағаланған сүт өнімдерін өндіретін кешен, 4 млрд теңге тұратын трансформаторларға арналған радиаторлар өндіру жобасы, кірпіш зауыты және т.б. инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «KAZAKH INVEST» АҚ ҰК Басқарма төрағасының кеңесшісі Марат Есенов жиынға қатысушыларды аталған жобаларды қолдайтынына сендіріп, ұлттық компания тарапынан барлық көмек берілетінін айтты. Кездесуге сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, «Даму», «Кәсіпкерлікті қолдау қоры», т.б. өкілдері де қатысып, өңірдегі жобаларды қаржылай қолдау жолдарын ортаға салды.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, «қарапайым экономика заттары бағдарламасының орындалуы және инвестициялық климатты жақсарту мәселесі әрдайым күн тәртібінен түспейді».

Келешекте іске қосылып, өңір экономикасын көтереді деп жоспарланған кейбір ірі жобаларға тоқтала кетейік: «Ет индустриясы» («Мясная Индустрия») ЖШС қолға алған бордақылау алаңында бір мезгілде 5 мың бас мал семіртілмек. Жоба құны – 2,5 млрд теңге. Ал «Ringo-Milk» ЖШС 4 млрд теңгеге жылына 7 мың тонна өнім шығаратын сүт кешенін салып жатыр. «Орал жылыжай комбинаты» («Уральский тепличный комбинат») ЖШС 7 млрд теңгеге жылыжай кешені құрылысын бастаған. Ал Бәйтерек ауданында қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенін «World Green Company» ЖШС қолға алыпты. Бұл жобаның құны – 14 млрд теңге. Сондай-ақ «K7 GROUP» компаниясы тұрғызатын тұрғын үйлер кешені 20 млрд теңгеге бағаланып отыр. Теректі ауданында 3 мың бас ірі қара бордақылайтын алаңды «Сырым KZ» шаруа қожалығы салмақ. Бұған да 1 млрд теңге көлемінде инвестиция керек. Ал бүгінге дейін елімізде ғана емес, шетелдерге танымал болған Орал трансформатор зауыты жаңадан іске қосқалы отырған радиатор зауыты да өңірге 4 млрд теңге инвестиция тартыпты. Бұл жобаларға жеке тоқталып, әлеуметтік желідегі жеке парағына жариялаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жергілікті билік тарапынан өңірде инвесторларға барлық жағдай жасалатынын айтып отыр.