19 Сәуір, 2012

Біліксіз кадрлардан арылмай болмайды

307 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біліксіз кадрлардан арылмай болмайды

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:53

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жар­лығы дер кезінде қабылданған құжат деп білемін. Мұндай ау­қымды шара елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанына қара­мас­тан, алға қойған мән-мақсаты жа­ғынан маңызы өте зор. Өйт­кені, аталмыш сала бойынша қордаланып қалған проблемалар әлі де көп.

Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:53

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы құ­қық қорғау органдарының қыз­мет­керлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жар­лығы дер кезінде қабылданған құжат деп білемін. Мұндай ау­қымды шара елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанына қара­мас­тан, алға қойған мән-мақсаты жа­ғынан маңызы өте зор. Өйт­кені, аталмыш сала бойынша қордаланып қалған проблемалар әлі де көп.

Солардың бірі білікті кадр, өз ісін жетік мең­гер­ген маман жайына қатысты. Бұл мәселе төңірегінде ой қозғасақ, кеңестік замандағы құқық қор­ғау органы қызметкерлерінің сым­ға тартылғандай түр-тұл­ға­сын, ішкі жан дүниесін сөз етпей болмайды. Жұртшылық бұл сала өкілдерін ала жіпті аттап өтпейтін әділдігі үшін шын пейілімен сыйлайтын, олар заңнан қия аттамайтын. Қазір заңға емес, кімнің қолы ұзын, кім бай, соған тәуелді секілді. Неге? Өйткені, бүгінгі құқық қорғау қызметкерінің қатарын «зама­ны­на қарай амалын тапқан» кез­дейсоқ адамдар көбейтіп жіберген. Үкімет берген өкілеттілік пен билікті жеке басына шексіз пайдаланып, алдына неше түрлі сауалдармен, өтініштермен келгендерді ұршықша үйіруге тө­се­ліп алған. Әрине, бәрін кінә­лау­дан аулақпыз. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақтың шірітуі» байқалады. Біреу айтыпты ғой, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына нали­мын» деп. Сол айтқандай, қаді­рін кетіріп жүрген – өздері. Өз­дері деп отырғаным – прокуратура, қаржы полициясы, кеден, ішкі істер саласының өкілдері. Иы­ғына погон ілгендердің өз­де­рі сыбайлас топ құрып, қыл­мыс­кер болып шықса, тамыр-та­ныстық жолымен жылы орын­дарды иеленіп отырса, кәсіптік біліксіздік танытып жатса, балықтың бастан шірігені осы болмай ма? Қазір шикіөкпе, боз­өкпелер құқық қор­ғау орга­ны­ның жалына жарма­суға еш именбейді. Қолынан келе ме, білімі жете ме – шаруасы жоқ. Бар ойлары – алдымен орналасып алайын, сосын бір жөні болар. Бірде жұмыс бабымен бір күш­тік құрылымға бара қалдым. «Қал­қам, бастығыңа жолы­ғай­ын деп едім» деп жөнімді айта бергенім сол еді, жоқ, тез ай­тыңыз, асы­ғыс­пын деп түйеден түскендей солқ еткізді. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, кірмей жа­тып мынасы етегімнен алса, шені үлкен, қызметі жоғары бастығы қандай екен деп қатты налыдым.

Бірде облыстық прокура­ту­ра­ның жылдық есебін оқып оты­рып, жағамды ұстадым. Ұмыт­пасам, М.Жұмабаев ауда­нында болу керек, ішкі істер органының тергеушісі жақ сүйегі, бірнеше қабырғасы сынған адамды өзі құ­лап, жарақат алды деген қоры­тын­ды шығарыпты. Кейін анық­тал­ғандай, оны бірнеше адам тепкілеп ұрған. Бірнеше куәлардың болғанына қа­ра­мас­тан басқаша ұйғарым шығаруы атқаратын лауазымына мүлдем сәйкес­сіз­ді­гін танытып тұрған жоқ па? Ай­ыртау ауданында бол­ған мына оқи­ға талайы­мыз­дың жағамызды ұстатты. Ішкі істер органының екі қызметкері араққа сылқия той­ып ал­ғаннан кейін түн ортасы ауа әлдебір азаматтың үйіне келіп, әңгір-таяқ орнатқан. Оның соңы адам өліміне ұрындырған. Мені құқық қорғау органдары қыз­мет­керлерінің жұмысқа ор­на­ласпай жатып-ақ, шетелдік кө­­лік мінетіні, зәулім үй сала­ты­ны алаңдатпай қоймайды. Демек, жең ұшынан жалғасқан жем­қор­лық тыйылмай отыр деген сөз. Сондықтан аттестаттау кезекті науқанға айналмас үшін оның құрамына қоғамдық ұйым өкіл­дері, ардагерлер, жастар көп­теп тартылғаны жөн. Өйт­кені, мұн­дай сынақ кезінде аттестаттаудан өтушінің адамгершілік қа­сиеттері де жан-жақты сарап­тау­дан барынша ашық түрде өтіп, біржақтылыққа үзіл­ді-кесілді тыйым салынуы тиіс.

Әрине, бір аттестаттау ар­қы­лы барлық құқық қорғау орган­да­рын­дағы кадр мәселесін шешу қиын. Десек те, осындай сүз­гілеуді жиі ұй­ымдастырып тұр­са, сала таза­рып, өз ісіне барынша адал адамдармен толыға түсері күмәнсіз.

Болат САҒЫНДЫҚОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Солтүстік Қазақстан облысы.