Аймақтар • 09 Сәуір, 2019

Оралда ономастика мамандары арнайы мектепте оқиды

941 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет «SCHOOL OF ONOMASTICS» (ономастика мектебі) жұмысын бастады. 32 сағаттық курстың алғашқы кезеңіне облыс аудандары мен Орал қаласынан 13 адам қатысып, нақты әдістемелік көмек алды.

Оралда ономастика мамандары арнайы мектепте оқиды

- Әрбір аудан мен қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде ономастика мәселесімен айналысатын арнайы маман қызмет етеді. Біз сол мамандарды жинап, олардың бойына әдістемелік дағдыларды қалыптастыру, өз білімін жетілдіру қажеттіліктері мен кәсіби идеяларын шыңдау бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында осы курсты ұйымдастырдық. Курстан толық өткен мамандар арнайы сертификат алатын болады, - дейді БҚО тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің жетекші маманы Зәмзәгүл Ғаббасова.

Екі күндік оқыту барысында тыңдаушыларға облыстық ономастикалық комиссияның мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, БҚО Әділет департаментінің өкілі, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің төрағасы және басқарма мамандары Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын аймақта жүзеге асыру, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әдістемелік көмек көрсету, ономастика саласындағы жұмыстарды жүргізу алгоритмі, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтауда кең ауқымды әрекеттесу бағытында теориялық және практикалық жұмыстар жүргізді. Сонымен қатар, мамандарға «Қарым-қатынас жарастығы», «Жетістікке қол жеткізу» тақырыптарында психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.

«School of onomastics» жұмысы соңында ұсынбалар қабылданып, қорытындыланды. Курстың екінші кезеңі 2019 жылдың ІІ жартысында жалғаспақ.