Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау және өңдеу туралы заң күшіне енгенін еске салды.
«2018 жылғы 19 желтоқсанда менің төрағалығыммен тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, қалдықтарды тасымалдауға байланысты бекітілген тарифтер бойынша және кәріз су жүйелерінен тасталатын лас сулардың қоршаған ортаға, адам денсаулығына кері әсері туралы мәжіліс өткізілді. Мәжілісте қала, аудан әкімдері мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бірқатар тапсырмалар берілді»,-деді аймақ басшысы.
Осы тапсырмалардың орындалу барысы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиев баяндады.
«Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды, өңдеуді, пайдалануды және кәдеге асыруды ұйымдастыру, қалдықтарды бөлек жинауға арналған жүйенің инфрақұрылымын дамыту бойынша Астана қаласындағы «Өндірушілердің Кеңейтілген Міндеттемелерінің Операторы» (Оператор-РОП) Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері арнайы шақырылды. «КазАгроГарант» акционерлік қоғамының шарты бойынша 85% дейін кепілдікпен қамтамасыз етеді. Мұндай қолдаулар жеке кәсіпкерлерге кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Алайда, аудандардағы кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті пайдаланбай отыр. Бұдан бөлек, макулатура, пластика қалдықтарын қайта өңдеуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкер «Август» әрбір мекемеде құралатын қағаз, пластика қалдықтарын өз есебінен жинап, тасымалдауға дайын. Басқа мекемелерге үлгі болу мақсатында «Август» жеке кәсіпкерімен облыстық мекемелер үйінің ғимаратына қағаз, пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған 300 дана экобокстарды орнатуға келіссөздер жүргізілуде»,-деді А.ӘАбдуалиев.
Қызылорда облысының экология департаменті басшысының айтуынша, мамандардың бағалауына сәйкес Белкөл кентінде тазаланбаған кәріз суларды төгу арқылы қоршаған ортаны ластап, атмосфералық ауадағы зиянды заттардың артуын тудырады.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық мекемелердің басшылары мен қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қалдықтарды жинау және кәдеге жарату үшін полигондар салу мәселелерін зерделеу және сарқынды суларды кәдеге жарату мәселелері бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.