Аймақтар • 09 Сәуір, 2019

Тараздық құтқарушылар әріптестеріне көмекке келді

910 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесе қимылдағанда ғана айтып келмейтін табиғат зардаптарын еңсеруге болады.

Тараздық құтқарушылар әріптестеріне көмекке келді

Тараз облысының  құтқарушылары жылдағы дәстүрмен биыл да Солтүстік Қазақстан жеріне табан тіреп, су тасқынын еңсеруге  белсене кірісіп кеткен. Жедел-құтқару жасағының жетекшісі Қуаныш Әбілқасымовтың сөзіне қарағанда, олар қолайсыз жағдай қалыптасқан жерлерге, атап айтқанда, Айыртау және Ғ. Мүсірепов аудандарына  өз еріктерімен сұраныпты.

Қысқа уақыттың ішінде  жергілікті атқарушы орындармен, тұрғындармен  ынтымақтаса отырып, көптеген іс-шараларға қатысыпты. Шарық және Жембарақ өзендеріндегі қауіпті су айдындары маңдарында бөгесіндер тұрғызылып, бір мың текше метрден астам мұз ойылған. Мұз қозғалысын тоқтатудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған.

Чистополье ауылының тұрғындары да көк түсті формадағы құтқарушыларды қуана қарсы алды. Ақанбұрлық өзеніндегі көпірді жөндеу кезінде халықтың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ете отырып, адамдар мен жүктерді қайықпен тасымалдауды жүзеге асырды. Сонымен қатар Константиновка, Гусаковка, Рузаевкада тұратын адамдардың қауіпсіздігі ойластырылып, қауіп-қатерлердің жолы кесілді.

«Мен Қызылжар өңіріндегі құтқару шараларына  2004 жылдан бері атсалысып келемін. Осы себепті жер жағдайын да, адамдардың мінез-құлқын да жақсы білемін. Өзімізді үйде жүргендей сезінеміз. Қалыпты жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер тудырылған», дейді  Қуаныш Әбілқасымов.