Уақыт өткен сайын жаңашылдық керек
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:50
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы дәстүрлі Жолдауында айқындалып, көптің көңілінен шыққан алтыншы бағыт сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр. Бұл «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары ұлттық іс-қимыл жоспары» тұғырнамасындағы міндеттермен сәйкес келеді. Елдің әрбір азаматының қауіпсіздігі, ең алдымен, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуден көрініс табатыны белгілі.

Елбасы Жарлығына сәйкес кезектен тыс аттестаттау құқық қорғау саласындағы реформаларды одан әрі тереңдетуге ықпал жасайтыны кәміл. Әрине, бұл үшін тиімді кадр саясатын жүргізудің орны ерекше. Сонымен бірге, құқық органдары қызметкерлерінің кәсібилігін көтеру ісі де кезек күттірмейді. Бұған қоғамдық институттардың тартылуы аттестаттаудың сапалық деңгейін көтереді деп ойлаймыз.
Негізгі мақсат – құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту болып отыр.
Мемлекет мүддесін, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде асқан ерлік көрсетіп, ұрпаққа үлгі болған абзал азаматтарымыз құқық қорғау саласында жетерлік. Өз ісінің шынайы мамандары қандай жағдайда да жұмысын көрсете біледі, сынақтан шыңдалып басқаларға үлгі болатынына сенімім мол.
Құқық қорғау саласының қызметкері Отанын шексіз сүйетін, мемлекетшіл, әділдікті өзіне ұран еткен, тура жолдан таймайтын азамат болуы керек. Әрбір құқық қорғау саласының қызметкері өздерін мемлекеттік саясатты жүзеге асырушылар екендігін, халықтың олардың жұмысына баға беруі арқылы жалпы мемлекеттік саясатқа баға берілетіндігін яғни, бүгінгі әділ шешім халықтың ертеңгі өмірге сенімі екенін түсінуі керек.
Әрбір салаға уақыт өткен сайын жаңашылдық керек, ол заман талабы, сол үшін де құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу тәртіпті оңтайландыру бағытында дер кезінде қолға алынған реформа. Осы салада қызмет етіп жатқан азаматтардың жұмысына жалпыхалықтық баға беру саннан сапаға көшу керектігін тағы бір мәрте айғақтайды. Комиссия құрамдарына құқық қорғау саласының ардагерлерін, депутаттарды, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерін қатыстыру ісі де көңілден шығып отыр. Қолға алынған бастаманың ісі оңға басып, сапалы кадрлардың халық игілігі жолында жұмыс жасауына ықпалы тисін деген тілек бар.
Асланбек САРҚҰЛОВ, «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Орал.