«Қарапайым заттар экономикасына» басымдық беріледі
Жиында алдымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов тиісті мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 210 млрд теңге қаражат бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қаражатқа 13 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қаржыландырылып, 10 мың жұмыс орны құрылды, 3,3 трлн теңгенің өнімі шығарылды.
− Бөлінген қаражаттың көп бөлігі, яғни 126 млрд теңге немесе барлық соманың 60,2%-ы несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға арналған. 53 млрд теңгесі немесе 25,2%-ы фабрикалар, зауыттар мен шағын және орта бизнестің өндірістік объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуге жоспарланған. Қалған бөлігі кредиттерді кепілдендіруге, гранттар беруге, оқытуға және кәсіпкерлерге консультациялық қызмет көрсетуге бағытталды. Бағдарламаны іске асыру кезеңдерінде қаражаттың толықтай игерілуі қамтамасыз етілді. Бұл ретте 2019 жылы қаржыландыруға 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық сома көзделген. 2019 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 715 жобаға қолдау көрсетіліп, 11,5 млрд теңге сомаға субсидиялар мен кепілдіктер төленді, – деді Р.Дәленов. Министрдің баяндамасында айтылғандай, жыл сайын 20 мыңға жуық кәсіпкер білім алып, біліктілігін арттырады, оған қоса 154 мың кәсіпкер тұрақты консультациялық және сервистік қызмет алып отыр.
Соңғы көрсеткіш бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікке жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8,3%-ға артық. Министр өз сөзінде «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қолжетімді несиелеу міндетін орындау үшін 600 млрд теңге бөлінгенін еске салды. Айта кетерлігі, 65-ке жуық экономикалық қызмет түрінен 365 тауарлық позиция айқындалған.
− Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды одан әрі ынталандыру үшін кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолайлы жағдайлар тудыруды көздеген бизнес-ортаны жетілдіру үшін заңнамалық түзетулердің 7-ші пакеті қабылданды. «БЖК – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту аясында қаржылай қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталған түзетулер әзірленген, – деді Р.Дәленов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында басым жобаларды жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын тиімді іске асыру үшін 2019 жылдың 18 наурызынан бастап «Атамакен» ҰКП базасында бағдарламаны іске асыру барысына мониторинг жасайтын Жобалық офис қызмет атқарып жатқанын атап өтті.
− Бүгінде жобалық офистің 7 отырысы өткізіліп, өңірлердегі 300-ден астам кәсіпорын тыңдалды. Жобалық офис жұмысында сомасы 306 млрд теңгені құрайтын 344 әлеуетті жоба бар, оның ішінде 6,1 млрд теңге болатын 10 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдады, сомасы 16,6 млрд теңге болатын 52 жоба екінші деңгейлі банктердің қарауында, – деді Р.Скляр.
Банктерде қаралып жатқан әлеуетті жобалардың негізгілері жеңіл, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларына арналған. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауылшаруашылық кешенін дамытуға бөлінген 200 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі өнімдерді қайта өңдеуді дамытуға жұмсалатынын жеткізді.
А.Мамин тақырыпты қорытындылап, алдағы уақытта шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.
− Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларын несиелендіруге бөлінген 600 млрд теңге қаражаттың игерілу қарқынын өсіру керек, мұны қатаң бақылауға алу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен және мемлекеттік органдармен бірге «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында құрылған жобалық офистің жұмысын жандандыру тапсырылды. Ұлттық экономика министрлігіне «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде басым жобаларға кепілдік беру механизмін бекіту және айналым капиталын несиенің 50%-ға дейінгі мөлшерінде қаржыландыру құқығын беруді көздейтін қаулы жобасын енгізу тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында АӨК саласындағы несиелерге субсидия беруді қамтамасыз ету жүктеледі, – деді Үкімет басшысы.
Баспана алуға мүмкіндік көбейеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевтың айтуынша, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге құжаттар барлық жерде қабылданып жатыр. Қазір 180 мыңға жуық адамның құжаты қабылданды.
− Биыл жергілікті атқарушы органдармен 821 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге 83 млрд теңге бағытталады. Жыл басынан бері 9,3 млрд теңге сомаға 282 мың адамға көмек көрсетілді. Бұған қоса, 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны құрылады, қазір 31,9 мың жұмыс орны ашылды, – деді министр.
Оның айтуынша, 58 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 500 млрд теңге бөлінбек. Елімізде 23,3 мың көп балалы ана 1 178 ірі кәсіпорында жұмыс істейді. Оның 15 мыңға жуығы тұрғын үйге мұқтаждар қатарынан. Министр сонымен қатар бизнестің өңірлерде іске асырып жатқан әлеуметтік бастамалары туралы баяндады. Мәселен, 2019 жылғы 1-тоқсанда меценаттардың, демеушілер мен жеке адамдардың қаражаты есебінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға
3 млрд теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді, 5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың ішінен 1,4 мың адам жұмысқа орналасты, 268 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
− Қазіргі таңда елімізде 340 мыңнан астам көп балалы ана бар. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін 93 млрд теңгенің әлеуметтік көмегі биыл 820 мыңнан астам адамға беріледі. 1-тоқсанның өзінде 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 280 мыңға жуық қазақстандық қамтылды. Жоспар бойынша 6 мыңға жуық жалдамалы пәтер жыл сайын көп балалы отбасыларға беріліп отыратын болады. Бұған қосымша тағы 16 мың пәтер «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен 2019-2021 жылдары беріледі. Жалпы жеті жылдың ішінде ең кемінде 40 мыңға жуық жалдамалы пәтер берілуі керек. Оған қосымша үш жылдың ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жеңілдетілген займмен кемінде 18 мың пәтер берілуі тиіс. Яғни осы уақыттың ішінде 54 мыңға жуық, пәтер берілуі керек. Оның 12 мыңы биыл беріледі, – деді Б.Сапарбаев.
Министр бизнес-құрылымдармен бірлесіп бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруды талқылаудың маңызын атап өтті, оның ішінде «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және тағы басқа бағдарламалары бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасыларға кемінде 10 пайыз субсидия берілетіні де атап айтылды.
Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» идеясын қолдап, нақты әлеуметтік бастамаларды іске асыра бастаған бизнес өкілдері болғанын айта кеткен жөн. Қызылорда облысында жеке қаражаттар есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арнап тұрғын үй салуға арналған «Баламекен» жобасының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М.Айтмағамбетов айтып берді. Маңғыстау облысында үйде өз ісін және шағын өнеркәсіптерді ашуды қолдауға бағытталған «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашы А.Нұрланова жан-жақты баяндады. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы А.Есімов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов азаматтардың әлеуметтік әлжуаз санаттарын қолдау, оның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин бизнес-бастамаларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшілікке тарату керек екенін айтты. Көптеген кәсіпкерлер табысы аз азаматтарды өз кәсіпорындарына жұмысқа орналастырып, бизнес негіздеріне үйрете бастады.
− Азаматтар мұқтаж жандарға көмек мемлекеттен ғана емес, бизнес қоғамдастығынан да келіп жатқанын білуі керек. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтарға өмірде өздері тап болған қиын жағдайдан шығуға көмек көрсету, – деді Премьер-Министр.