Президент • 10 Сәуір, 2019

Кәсіпкерлер Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізуді қолдайды

952 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Президентінің үндеуі жарияланған соң, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі бизнестің басын қосып, палата басқармасының кеңейтілген отырысын өткізді. Бұл туралы палатаның ресми сайты хабарлады.

Кәсіпкерлер Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізуді қолдайды

Жиынды ашқан басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президент өз  Үндеуінде ең ал­дымен айқындық пен тұрақты­лықтың маңызды екенін айт­қа­нына тоқталды. «Қоғамға да, биз­неске де айқындық керек. Жоғарғы билік Конституцияға сүйеніп, заң негізінде қадам жасады. Президентіміз Елбасымен де, еліміздегі басқа да саяси күш­термен, Парламент, Үкімет бас­шыларымен ақылдасқанын айтып өтті. «Атамекен» кәсіп­кер­лерді біріктіріп отырған ұйым болғандықтан, бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек екенін айтқым келеді. Кәсіпкер үшін  өз бизнесін дамыту, елдегі инвестициялық ахуалдардың оң болуы, ішкі бизнеске де, сырттан келетін бизнеске де елдің тұрақтылығы, қоғамның тұрақтылығы, ауызбіршілігі керек», деді басқарма төрағасы.

Президент шешіміне байланысты өңірлердегі кәсіпкерлер де қолдау білдіріп, өз пікірлерімен бөлісті. Мысалы, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Жетпісбай Едігенов бұл шешім уақтылы қабылданғанын айтты.

«Мен өз басым жылдам шешім қабылдағанды жақсы көремін. Неге десеңіз, зауыттың басшысы болған соң, кез келген шаруа­да нақтылық қажет. Бизнесті қолдауға бағытталған шешімдер жалғасын тауып, елімізде, тіпті отбасында тұрақтылыққа демеу болатынына сенімдімін. Бизнес өз кезегінде сайлауға белсенді атсалысуы керек», деп ойын білдірді  Жетпісбай Едігенов.

Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төр­ағасы, «Отау Құрылыс» холдин­гінің басшысы Қайрат Молда­сейітов Шым қаланың кәсіп­кер­лері бұл шешімді бірауыздан қолдайтынын, бұл тек бизнес емес, бүкіл халық күтіп отырған шешім екендігін жеткізді.  

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу инвестициялық климаттың тұрақтылығын қам­тамасыз ететінін айтқан ақтөбелік «Көкжар» агроөнеркәсіптік тауар-шикізат биржасының басшысы Есімхан Құрманғазин шетелдік инвесторлар осы төңірегінде ой қозғағанын да атады.

«Біздің өңірдегі шетелдік компанияның директорымен бірер күнде болған кездесуде олардың тарапынан алаңдаушылық барын байқадық. Әрине біз бизнес-әріптестерімізге басталған әрбір іс жалғасын табатынын айттық. Елде тұрақтылық болса, инвестициялық климат та тұрақты болады. Соны бәріміз қалаймыз, қолдаймыз», деді Есімхан Құрманғазин.

Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы ірі бизнес  өкілі – «Сем­Аз» ЖСШ бас директоры Әсем­қан Досқожанов ақтөбелік әріп­тесінің сөзін қолдап, кезек­тен тыс Президент сайлауы инвестициялық климаттың дұ­рыс қалыптасып, жалпы елдің эко­номикалық дамуына үлкен ық­палын тигізетінін айтты. Ал «Ата­мекен» ҰКП өңірлік палата дирекциялары атынан сөз сөй­леген Нариман Әбілшайықов бұл шешім елдегі әлеуметтік-эко­номикалық тұрақтылық үшін аса қажет екенін, халық болып сай­лауға белсенді түрде қатысуға дайын екендерін жеткізді.

Басқарманың кеңейтілген отырысында басқа өңірлердегі кәсіпкерлер де бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін, бұл ретте кезектен тыс Президент сайлауы  дұрыс шешім екенін атап өтті.