Саясат • 10 Сәуір, 2019

Әлеуметтік қамқорлық мәселелері талқыланды

1055 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды.

Әлеуметтік қамқорлық мәселелері талқыланды

Жұмыс тобының құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Шамшидинова Күләш Ноғатайқызы, Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтаева Ләззат Мейрашқызы, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Жайымбетов Мархабат Жайымбетұлы бар Үкімет делегациясы облыс тұрғындарымен жүздесті.

Жұмыс сапары «Бәйтерек» шағын ауданындағы тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға арналған «Баламекен» жобасы негізінде салынған құрылыс алаңынан басталды. Мұнда облыстағы аз қамтылған және көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен қайырымдылық қорының көмегі арқасында тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Баспананың 1 шаршы метрінің құны 70 мың теңге деп белгіленген. Тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. «Болат Өтемұратов қоры» тұрғын үйлерді салу бойынша «Баламекен» жобасының жүзеге асырылуына 450 млн теңге бөлді. Ал жергілікті басшылық бұл уақытқа дейін барлық инженерлік инфрақұрылымдар - электр, газ, су, телефон байланысы мен автожолдар құрылысын аяқтауға, сондай-ақ әрбір үйге 6 сотық жер телімін бөлуге кепілдік беріп отыр.

Бұдан соң ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбіқалықова Б.Сапарбаевпен бірге 6 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы Зарина Хамзатованың үйінде болды. Ол облыс басшылығына көп балалы ананы жұмысқа орналастыруда жәрдемдесуге тапсырма берді.

Келесі жиын «Достық үйінде» өтті. Осы жерде үкімет делегациясы көпбалалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүгедектермен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, қоғам өкілдерімен кездесті. Өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік саясаттың басты басымдығы халықтың әл-ауқаты екенін баса айтты. Ол үшін бүгінгі күні өмір сапасы мен деңгейін арттыру бойынша қажетті шаралар қолдануда. Сонымен қатар басты міндет халықты жұмыспен қамту болып табылады, ал әлеуметтік әлжуаз санаттарға жан-жақты мемлекетпен қолдау көрсетіледі.

Елбасының жаңа әлеуметтік басттамаларына қолдау білдірген кеңеске қатысушылар түсіндіру сұрақтарынан басқа, әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Бұдан әрі жұмыс сапары қала және аудан әкімдері, кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақтардың басшылары қатысқан жиналыспен жалғасты. Онда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту, өңірдің аз қамтылған жұмыскерлері мен тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету мәселелері қарастырылды.

Гүлшара Әбдіқалықова экономиканың нақты секторларын, бизнес–қауымдастықтарды мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

Еркін форматта өткен жиында Қызылорда облысының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жайы талқыланды.

Вице-премьер білім беру министрімен өңірдегі білім беру саласындағы ағымдағы жағдайды, өзекті мәселелерді және оны шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар педагог қауымға 1 маусымнан бастап жалақыны 30%-ға арттыру бойынша түсінік берілді. Сонымен қатар, мұғалімнің қоғамдағы беделі мен рөлі арттыруға бағытталған «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланды.

Премьер-Министрдің орынбасары және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қызылорда қаласының Жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексерді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау алгоритмі толық қарастырылды. Жалпы, облыс орталығында 2018 жылы жұмыспен қамту шараларымен 3,6 мыңнан астам адам қамтылды, 7,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 225 адамға кредиттер мен гранттар берілді, 54 отбасы көшірілді.

Өңірдегі жұмыс сапары соңында Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдап түйінді мәселелермен танысты. Облыс әкімдігіне жағдайы ауыр отбасылардың мәселесін шешуді тапсырды.

Жұмыс сапарында Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова «Шағбан» балабақшасының, «IT-IMAQORDA» балалар технопаркінің, № 268 орта мектептің және «Атаменкен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының ұстаздар қауымымен кездесіп, проблемалармен танысты, шешу тетіктерін талқылады. Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Ақтаева балалар ауруханасының, №6 емхананың дәрігерлерімен және медбикелерімен кездесті. Ал Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаршуашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Сырдария ауданында болды.

Енді Үкіметтік делегацияның жұмыс сапары Шымкент қаласында және Түркістан облысында жалғасатын болады.