«Күлтегін» мультфильмнің 2 сеансына 5 мыңға жуық бала, оның ішінде көп балалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мүгедек балалар да қатысты.
Бұл қайырымдылық шара отандық мультфильмдер арқылы жас көрерменнің ел тарихына деген қызығушылығын арттырады. Отандық анимациялық туындыларды көрсетудегі мақсат – даңқты батырлардың ерлігін, қазақ халқының мәдениетін анимация арқылы таныту, сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Ұйымдастырушылар атап өткендей, алдағы уақытта «Қазақконцерт» пен «Қазақфильм» ұйымдарының бірлескен бастамасы өз жалғасын тауып, «Қазақстан» ОКЗ кинозалында мультфильмдер және қазақ кино өнерінің басқа да озық туындылары балдырғандарға тегін көрсетілмек.
Осы орайда, «Аяла» қайырымдылық қорының Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі Салтанат Әскербекқызы өзінің лебізін білдірді:
– «Аяла» қайырымдылық қоры Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын көптеген мәдени іс-шараларға қатысады. «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімін Нұр-Сұлтан қаласының «Балалар үйі» МКМ тәрбиеленушілері тамашалады. Бұған дейін көрсетілген «Мұзбалақ» мультфильміне арнайы мектеп-интернаттардың 200-ге жуық оқушысы қатысты. Осындай бастамаларды біз әрдайым қолдауға дайынбыз.