Аймақтар • 10 Сәуір, 2019

Батыс Қазақстандағы шекара бекетінде киік мүйізімен ұсталды

1050 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым-Авто» шекаралық бекетінен Өзбекстан азаматы ұсталды. Оның қол сөмкесінен 148 дана киік мүйізі табылған.

Батыс Қазақстандағы шекара бекетінде киік мүйізімен ұсталды

- Сәуірдің 9-ы күні сағат 11:45 шамасында шекарашылар Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірге 1970 жылы туған шетелдік азаматты тексерген кезде, қол сөмкесінен мемлекет қорғауына алынған ақбөкеннің 148 дана мүйізі табылды» деп хабарлайды БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі. Оқиға өңірде жүргізіліп жатқан «Сайгак» жедел-іздестіру шарасы аясында анықталған.

Аталған оқиға бойынша Бәйтерек аудандық полициясы Приурал бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 339 бабы бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жою) іс қозғады.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы аумағында сәуірдің 1-30 аралығында ақбөкенді заңсыз аулаушылардың жолын кесу, киік мүйізі саудасына жол бермеу мақсатында «Сайгак» жедел-алдын алу шаралары өтіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, қазір Қазақстандағы киік популяциясының ең көп шоғырланған жері – Батыс Қазақстан облысы. 2018 жылғы әуе санағының есебінде БҚО даласында 135 мың ақбөкен тіркелген.