Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Елбасы жолымен» тақырыбында ұйымдастырылған танымдық сапар барысында қонақтар, сондай-ақ келесі жылы туғанына 1150 жыл толатын энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Мысыр елін 18 жыл билеген даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың Дамаскідегі зираттарынан алынып топырақтары салынған кешен-тақта орнына тағзым етті. М.Сапарбаев атындағы университеттің студенттерімен кездесіп, Елбасының рухани жаңғыруға байланысты мақаласы аясында пікір алмасты. Аға буын мен жастар арасындағы әңгіме-сұхбатта Тұңғыш Президенттің ерен еңбектері де қамтылды. Сыныптастары Елбасының мектепте озат, алғыр, үлгілі бала болғандығын еске түсірсе, курстас достары намысқойлығы мен жігерлілігі, қайсарлығы, еңбектегі зор жетістіктері жөнінде ғибратты, әсерлі әңгімелер өрбітті.
Отырар ауданының әкімі Е.Айтахановқа шынайы меймандостық пейіл танытқаны үшін алғыстарын айтқан Елбасының достары сапарларын киелі Түркістанда жалғастырды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі тарихи жәдігерлер мен тұлғалар жайлы мәліметтермен танысты.