Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдымен «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов баяндады. Депутаттар Сенат енгізген ұсыныстармен толық келісті.
Тұрғындарды көптен бері толғандырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының бірінші оқылымы бойынша негізгі баяндаманы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жасады.
Заң жобасында «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасы бойынша коммерциялық емес ұйымның жаңа формасы – «меншік иелері бірлестігін» құру және оның басқару органдарының қызметін реттеу мәселесі қарастырылған. Ұсынылған қағидат бойынша енді әр үйді басқарудың жеке тәсілі болмақ. Әрбір меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындарға басқару тәсілін таңдау құқығы беріледі, олар басқаруды жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы жүзеге асыра алады. Заң жобасында кондоминиум нысандарына күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетіктері енгізілген. Тұрғындардан түсетін қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау арқылы күрделі жөндеуге мүмкіндік туады. Бұл жерде күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңілдетілген несие алу тетігі де қарастырылған.
Баяндамада министр заң жобасының лифт шаруашылығы мәселелерін де қарастыратынына тоқталды. Бүгінде олардың басым бөлігі нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен, осы мәселені шешу үшін лифтілерді ауыстыру және жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады, деді ол.
Баяндамашыға алдымен сұрақ берген депутат М.Айсина көппәтерлі үйлерді кондоминимум нысандары ретінде тіркеу өте көп уақыт алатынын, өзіне белгілі деректерге қарағанда қазір еліміздегі 78 мың көппәтерлі тұрғын үйлердің 27 пайызы ғана тіркелгенін айта келіп, осы жұмыстарды жылдамдату бойынша қандай шаралар жасайсыздар деп сұрады. Оған министр бұл жұмыстың тұрғындар есебінен емес, жергілікті атқару органдары арқылы жүргізілетінін, оларға тіркеу жұмыстары үшін бір жыл уақыт берілгенін, бұл уақыт жеткілікті екенін айтты. Депутат Серік Құсайынов күрделі жөндеу қорына қолданыстағы заңмен әрбір пәтер иесі ай сайын 1 шаршы метр үшін АЕК-тің 0,02 пайыз көлемінде ақша аударып тұруы қарастырылған, бүгінде ол 52 теңге. Осы талаптың өзі дұрыс орындалмай келді. Заң жобасында ол өзгеріссіз қалдырылды ма деп сұрады. Оған министр көптеген тұрғындар үшін бұл мөлшер көптік еткендіктен, енді 1 шаршы метр үшін 12 теңгеден алу жөнінде норма енгізілді деп жауап берді. Осы кезде талқылауға Спикер араласып, күрделі жөндеуге арнайы жинамағандықтан, барлық ақша пәтер иелері кооперативінің есебіне түсіп жатқанын, оны қайда, қалай жұмсау ПИК төрағасының еркінде екенін айта келіп, өзіне белгілі деректер туралы айтты. Мысалы, біздің астанада 2609 үйді біріктірген 488 ПИК бар. Әуелде бір ПИК-ке 2-3 үй ғана тіркелетін болса, қазір кейбіреулерінде 20-дан артық көппәтерлі үйлер бар. Солардың бәрінің тұрғындары өздерінің не үшін төлеп жатқандарын, төлемақыларының қайда жұмсалып жатқанын біле бермейді. Ал бұл дегеніңіз қосыла келе өте үлкен көлемдегі қаражат. Мәселен, 2 бөлмелі пәтер иелері айына 3 мың теңгеден төлейді. Ақшасының қайда кететінін білмегендіктен, тұрғындар төлемақы төлеуге де құштар емес. Осының кесірінен қарыздар, түрлі таластар пайда болады. Ал енді мына заң жобасында депутаттардың ұсынысымен бір үй бір есепшот ашады және ондағы қаражат ашық түрде жұмсалатыны туралы норма енгізіліп отыр. Заң жобасы бізге келгенде осындай мәселелер үстірт қарастырылған болатын. Депутаттар оны жетілдіру жолында көп тер төкті деп қорытты өзінің сөзін Төраға.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сапар Ахметов жасады. Ол жұмыс тобының шеңберінде заң жобасына депутаттардың көптеген концептуалды түзетулер енгізгенін жеткізді. Соның ішінде меншік иелерінің жиналысы ең жоғарғы мәртебеге ие болғаны, кондоминимум нысанының ортақ мүлкін басқару, тұрғын үйге қызмет көрсетуді реттеу, атқарушы органдарды сайлау және т.б. осы жиналыстың барысында шешілетіні айтылды. Сондай-ақ басқарушы органдар, оның ішінде басқарма мен төраға тұрғындарға есеп беруі үшін бір жылға сайланатыны енгізілген. Жалпы заң жобасы15 заңнамалық актіге, оның ішінде Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске (Салық кодексі), сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынған.
Осындай ұзақ талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы бойынша айтқан қорытынды сөзінде Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқаруды жетілдіру жөнінде Елбасы нақты тапсырмалар бергенін, сондықтан оның өте тиянақты әзірленгенін жеткізді. Депутаттар оған 509 концептуалды түзету енгізді. Осының бәрін біз Үкіметтің келісіміне жолдап отырдық. Бұл заң жобасының сапасыз дайындалғанын көрсетеді. Мұндайды басқа да министрліктер жіберіп отырады. Сондықтан Үкімет заң жобасын әзірлеуде тиянақты болуы керек. Енді мына заң жобасы екінші оқылымға айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескеріп, ыждағатты дайындалады деген үміттеміз, дей келіп, оны түсіндіру бойынша депутаттар Үкімет мүшелерімен бірге аймақтарға сапарға шығатынын айтты.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң бірнеше депутат орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жолдады.