Наурыз айының соңында Маңғыстау өңірінің «Қаламқас» кен орнындағы 8237-ұңғымада газ бен судың бірнеше мәрте жойқын атқылауының соңы алапат өртке ұласқаны белгілі. Тілсіз жау стратегиялық маңызы бар нысанға ғана емес, Каспий аймағының экологиясына да айтарлықтай зиян келтірді. Осы орайда жуырда өткен Парламент Сенатының отырысында депутат Төлеубек Мұқашев Үкімет басшысының атына сауал жолдап, бұл жағдайдың «Қаламқас» кен орнында мұнай барлаумен және өндірумен айналысатын компаниялардың ғана емес, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, өрттен және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру мәселелері заң жүзінде жүктелген мемлекеттік органдардың олқылықтарына байланысты болғанын атап өтті. Сенатордың айтуынша, биыл 13 наурызда тіркелген апатты оқшаулауға қажетті уақытты өткізіп алған кәсіпорын апатты жоюға қажетті күштер мен құралдардың әлеуетін пайдаланбаған, ұңғыда өрт шыққаннан кейін ғана аталған мәселеге назар аударылған. Бұл арада ең басты ден қоятын мәселе – жер қойнауын қорғау мен пайдалану ережелерінің бұзылуы.
Сенатор депутаттық сауалында мемлекеттік және жеке өрт сөндіру күштерінің осындай апатты жоюға қажетті құралдары мен мүмкіндіктері жоқ екенін айтады. Сонымен бірге бұл өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы тиісті мемлекеттік қадағалаудың да жүргізілмегенін көрсетеді. Яғни, қауіпті өндіріс объектілері мен ұйымдардың апаттар мен оның зардаптарын жою және оқшаулау жұмыстарын жүргізуге дайындығын мемлекеттік бақылау әлсіз екені байқалып отыр. Сондай-ақ апатта құтқару қызметі мен құрылымдар жұмысының арасында, төтенше жағдайларды жоюға арналған қажетті күштер мен құралдарды жедел түрде тарту мақсатындағы мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің үйлесімі жоқ. Оған қоса, негізгі қызметі осындай деңгейдегі өртті жоя алатын, республиканың барлық өнеркәсіпті аймақтарында жұмыс істейтін әрі 13 филиалы бар еліміздегі жалғыз мемлекеттік кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі 2018 жылы жекешеленіп кетті, дейді Т.Мұқашев.
Сенат депутаты бұл ретте жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Үкіметтің белгілейтінін, сондай-ақ өрт пен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, жазатайым оқиғалардың себебін тергеп-тексеруді және айқындауды қажет санайтынын жеткізді. Сонымен қатар келешекте осындай жағдайға жол бермеу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отырғанын, еліміздегі құтқару қызметтері мен төтенше жағдайлар бөлімшелерінің республикадағы барлық қауіпті өндіріс нысандарына қызмет көрсету жағдайы, құтқару қызметтері мен құрылымдарының дайындығы, оның ішінде қажетті техникамен, жабдықтармен, сақтандыру құралдарымен және жеке қорғану аспаптарымен қамтамасыз етілу деңгейі туралы депутаттық сауал жолдады.
«Қаламқас» кен орнында өрт сөндіру жұмыстарына қатысқан «Семсер-өрт сөндіруші» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрамына кіретін кәсіпорындардың бірі. Аталған компанияның орталық кеңсесіне хабарласқанымызда, аты-жөнін айтудан бас тартқан кәсіпорын қызметкері өздерінің келісімшарт негізінде Қазақстанның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету нарығында алдыңғы қатарлы қызметті ұсынатындарын, негізгі мамандандырылған қызмет көлемі мұнай тасымалдауда, газ өндіруде, мұнай өнімдерін сақтауда, сондай-ақ энергетика секторында көрсетілетінін жеткізді. Яғни, бұл мекеме өрт сөндіру, нысанды өрттен қорғау, өртті ескерту бойынша ұйымдастыру жұмыстары, өртке байланысты алғашқы кезектегі апаттық-құтқару қызметі, төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша апаттық-құтқару жұмыстары, соның ішінде мұнайдың апаттық төгілуін жою, биіктікте, жабық кеңістікте жұмыс жүргізу сияқты міндеттемелерді орындайды. Ресми ақпарат көздеріндегі мәлімет бойынша, 2001 жылы құрылған кәсіпорында барлық филиалдарын есепке алғанда 1300-ден астам қызметкер еңбек етеді екен.
Жалпы, бүгінде ел аумағында өртке қарсы қорғану бойынша 422 өрт бөлімшесі, оның ішінде 113-і (27 пайыз) – республикалық маңыздағы қалалар мен облыс орталықтарында, 79-ы (19 пайыз) – облыстық маңыздағы қалаларда және 230-ы (54 пайыз) ауылдық елді мекендерде шоғырланған. Соңғы 13 жылда республикалық бюджеттің есебінен 18 өрт депосы кешендерінің құрылысы пайдалануға берілген. Төтенше жағдайлар комитетінің ресми сайтындағы ақпарат бойынша, кейінгі 12 жылда еліміздің өрт сөндіру қызметін жабдықтауда өрт сөндіру көліктерінің кең ауқымды модельдері, жеңіл, орта және ауыр өрт сөндіру автоцистерналары, өрт-сорғы стансалары, газ бен түтіннен қорғау қызметінің көліктері іспетті өртті сөндіру мен одан қорғауға арналған түрлі заманауи технологиялар алынғаны, бұл қалада, далада болсын тез әрекет етуге мүмкіндік беретіні, ықтимал қатердің бетін қайтаратыны атап көрсетілген. Осы бағытта ел көлемінде түрлі оқу-жаттығу жиындары да, инновациялық технологиялардың таныстырылымы да өтіп жатады. Алайда іс жүзінде бір ғана ұңғымадағы төтенше жағдай еліміздің өртке қарсы қызметінің шынайы бейнесін көрсеткендей болды. Әбүйір болғанда, «Қаламқастағы» қызыл жалын өздігінен сөнді.
Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізгенін айта кетелік. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажановтың айтуынша, аталған заң жобасы бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін заң бойынша өндірістік нысандарды қауіпті санатқа жатқызу нышандарын қайта қарастыру және қысқартуды көздейді. Яғни, бақылауға алынған нысандардың саны қысқартылады.
«Қазіргі таңда кәсіпорындар апаттық-құтқару қызметтерімен қызмет көрсету бойынша шарт жасасуы керек. Осыны ескере отырып, электр желісі шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім саласындағы нысандарды қауіпті өндірістік нысандардың санатынан алу, атом энергиясын қолданатын нысандарды, автокөліктерге жанармай құю стансаларын, нан қабылдау пункттерін кәсіби апаттық-құтқару қызметтерімен қызмет көрсету бойынша міндетті шарт жасасудан босату ұсынылады», дейді ол.
Бұл заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың және апаттық-құтқару қызметтерінің жұмысын реттеу үшін профилактикалық қадағалауды жүзеге асыру және оны жүргізу тәртібін белгілеу қарастырылған.
Заң жобасын әзірлеу барысында 300-ден астам ұсыныс келіп түскен бұл құжатқа байланысты мәселелер әлі де «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында кеңінен талқыланбақ. Әлбетте, бұл заңнама бизнеске қолайлы қолдау болғанымен, еңбек қауіпсіздігін сақтауға кері әсер етуі де мүмкін. Осы орайда салалық ведомстволар «екі шоқып, бір қарауға», өндіріс қауіпсіздігін қадағалау тетігі мен адам өмірін сақтаудың өзара сабақтастығын ұмытпауға тиіс.