Қоғам • 11 Сәуір, 2019

Сенаторлар «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды

986 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова бастаған Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары мен Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева «Мүмкіндігі шектеулі балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге дайындық өткізу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды

Орталықтың қызметі ауыр соматикалық бұзушылықтарға ұласқан орталық жүйкенің сал ауруы, түрлі деңгейдегі эпилепсия, хромосомалық аурулар, аутизм, сөйлеу аппараты қатты бұзылған және психикалық ауытқулары бар олигофрениямен қатар ақыл-ойында кемістігі бар балаларға стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған.

Мекеменің негізгі міндеті баланың мүмкіндіктерін дамыту мен оны қоғамға бейімдеу үшін барынша қолайлы жағдай жасау болып табылады.

Қазіргі уақытта орталықта 283 бала бар, олардың ішінде күндізгі уақытта қаралатындар 159 тәрбиеленуші және стационарлық бөлімде тұрақты тұратындардың саны 124 бала. Орталық тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық және экономикалық қызметтерді көрсетеді.

Сенаторлар сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатта болды. Бүгінгі күні мектепте 435 бала білім алуда. Мектепте 125 орындық интернат бар және 375 оқушының білім алуына есептелген. Мектеп көру қабілеті төмен  балаларға арнайы жолақшалармен, ал тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін пандустар мен тұтқалармен жабдықталған.

Сенаторлар әлеуметтік нысандарды аралау барысында тәрбиеленушілердің білім алу, орналасу жағдайымен, оқу және медициналық кабинеттердің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Депутаттар сондай-ақ нысан басшыларымен проблемалық мәселелерді талқылады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мәселелерді жан-жақты талқылау және дөңгелек үстелге дайындық өткізу аясында депутат Н.Төреғаливтің Атырау қаласына іссапары жоспарлануда. Сапар барысында сенатор Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» баратын болады.