Жиынға видеоконференц байланысы арқылы партияның облыстық филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары және партия аймақтық филиалдарының қызметкерлері де қатысты. Іс-шара барысында партия Төрағасы берген тапсырмаларды орындау барысы талқыланып, оның нақты жолдары сөз болды.
Сөз басында Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімнің өте орынды әрі уақытылы қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президенттің бұл жауапты шешім бойынша Елбасымен ақылдасқанына, Парламенттегі қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңескеніне, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгінгеніне және Парламенттегі партия жетекшілерімен кездескеніне назар аударып, «Nur Otan» партиясының аталған тарихи шешімді қолдайтынын жеткізді.
– Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін толығымен қолдаймыз. Бұл биліктің тұрақтылығы мен елдің бірлігін нығайту үшін қабылданған уақытылы әрі өте орынды шешім. «Nur Otan» партиясы сайлау науқанына тас-түйін дайын. Ол үшін біз өзіміздің ұйымдастырушылық, кадрлық, саяси және ақпараттық әлеуетімізді пайдаланып, заң аясында жұмыс істейміз. Сайлау еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің одан әрі күшеюіне оң әсерін тигізіп, халықты Елбасының саясаты аясында жаңа мақсаттарға жетелейді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол сайлауға «Nur Otan» партиясының белсенді түрде қатысатынын жеткізді.
– Еліміздегі жетекші саяси партия ретінде «Nur Otan» президент сайлауына белсенді түрде қатысады. Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес партиямыз сайлауға қатысу үшін өз кандидатын ұсынады. Соған байланысты бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылдың 23 сәуірінде партияның кезектен тыс XIX съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Сол съезде «Nur Otan» атынан сайлауға қатысатын кандидаттың есімі белгілі болады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, іс-шарада «Nur Otan» партиясының Елбасы саясатының одан әрі жалғасуының басты кепілі екені туралы айтылды.
– Біздің саяси ұйым Елбасы анықтап берген жаңғыру жұмыстары мен еліміздің қазіргі даму қарқынының әрі қарай сақталуы үшін жұмыс істейді. Тұңғыш Президентіміздің тікелей бастамасымен қолға алынған ауқымды экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани жаңғырулар партия мен мемлекетіміздің алдағы жұмыс бағыттарының негізгі басымдығы болып қала береді, – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Жиын соңында Мәулен Әшімбаев партияның Орталық аппараты мен барлық деңгейдегі филиалдарына және бастауыш партия ұйымдарына алдағы сайлау науқанына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.