Сұхбат • 11 Сәуір, 2019

«Спорт қоғамы жеңісті жолды жалғастырып келеді»

1261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ спортының тарихынан сырт шертсек, әйгілі «Динамо» спорт қоғамын айналып өту мүмкін емес. Бір ғасырға жуық тарихы бар орталық жеңісті жолды жалғастырып келеді. Еліміздегі динамолық спортшылар Олимпия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарында атой салып, алтыннан алқа тағып жүр. Спорт қоғамының қазіргі жай-күйі қандай? Біз осы сауал төңірегінде «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Асқар ОМАРҚҰЛОВПЕН әңгімелескен едік.

«Спорт қоғамы жеңісті жолды жалғастырып келеді»

– Асқар Әлірахымұлы, «Динамо» спорт қоғамының қазіргі бағыт-бағдары қандай?

– Бір ғасырға жуық тарихы бар «Динамо» спорт қоғамы талай қиын­дықты бастан өткерді. Әрине Кеңес Одағы тұсында «Динамоның» даңқы, атағы жер жаратын. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары құр қол қарап отырмай, өз бетімізше өмір сүре білдік. Сөйтіп аяғымызды тіктеп, орнымыздан тұрдық. Қазіргі таңда қазақстандық «Динамо» қоғамы динамолық ұйым­дардың халық­аралық Үйлестіру кеңе­с­інің мүше­сі. Оның құрамында 17 мемлекеттің өкіл­дері бар. Олар өзге елдегі динамолық серік­тестерінің тәжі­рибелерін үнемі зерттеп, зерделеп отырады.  

Аймақтарда 18 филиалымыз тұрақты түрде жұмыс істейді. Біздің ұйым негізінен үш бағытта жұмыс атқарады. Басты бағытымыз – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дене және арнайы дайындықтарын дамыту. Бір сөзбен айтқанда, «Динамо» спорт қоғамы 90 мыңнан аса әскери қызметкер мен күштік құрылымдардың, қауіпсіздік қызметінің және құқықтық тәртіп қызметкерлерінің басын қосады. Маңызды бағыттардың бірі – жоғары дәрежелі спорт түрлеріне жіті көңіл бөлу. Динамолық спортшылар спорттың әр түрінен еліміздің ұлттық құрама командаларының 80 пайызын құрайды. Сондай-ақ Елбасымыз дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастырамыз деп айтып өткендей, қарапайым халықты спортқа  баулуға да ерекше мән береміз.

– Осы бағытта нақты қандай істер атқарылып жатыр?

– Жыл сайын әскери қызметкерлер және спортшылармен бірлесіп семинарлар, ерлік сабақтарын өткіземіз. «Динамо» ДШСҚ Спартакиадасы аясында қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінен 15 мыңға жуық қызметкер мен әскери қызметкерлерді қамтитын ведомствоаралық чемпионаттар мен турнирлер ұйымдастырамыз. Яғни, самбо және әскери самбо, қоян-қолтық ұрыс, президенттік көпсайыс, жауынгерлік қарудан оқ ату, бокс және басқа да спорт түрлерінен чемпионаттар өтеді. Ал тәуелсіздік жылдарында қазақстандық спортшылардың жазғы және қысқы Олимпия ойындарында алған 72 жүлденің 60-ы «Динамо» спорт қоғамының спортшыларына тиесілі. Оның ішінде 12 алтын, 19 күміс және 29 қола медаль бар. Сонымен қатар еліміздің алдыңғы қатарлы спортшыларының басым бөлігі «Динамо» ДШСҚ Орталық кеңесінің ұсынымымен 65 штаттық бірліктен тұратын ІІМ Ұлттық Ұланның спорттық командасының құрамына кірген.

– Жасөспірімдер мен балалар спортына қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Әлбетте, көңіл бөлінеді. Мәселен, 2017 жылы Ішкі істер министрлігінің бас­тамасымен жастар мен жасөспірімдерге арнап «Жас Динамо» жастар қозғалысын ұйымдастырдық. Жас динамолықтардың негізін еліміздің орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының, соның ішінде құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік органдары үшін резерв әзір­лейтін ІІМ, ІІМ ҰҰ, ҰҚК және ҰҚК ШҚ оқу орындарының, әскери-кәсіби лицейлердің спорттық лигалары құрайды. 25 мыңнан астам жастар мен жасөспірімдерден тұратын «Жас Динамо» жобасы еліміздің барлық түкпірінен еріктілерді жинап, олар әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып, алдарынан үлкен мүмкіндіктер ашылды. «Динамо» қоғамының барлық филиалында 187 үйірме күнделікті жұмыс істейді. Онда
6 мыңнан астам жас динамошы жат­тығады. Облыстық әкімдіктердің жастар саясаты жөніндегі басқармаларының қолдауымен «Динамо» филиалдары базасында жыл басынан бастап 8 аула клубы және спорт­тық ба­ғыттағы жастар тәжірибесі мектебі ашыл­ды. Сонымен қоса біздің ұйым 30 бала­лар үйі мен интернаттарға қамқорлық жа­сайды.

– Кезінде «Динамо» спорт қоға­мының бай материалдық базасы болатын. Қазір осының жағдайы қалай?

– Спорт қауымдастығы көп жылдан бері Білім және ғылым министрлігі Дене шынықтыру және спорт ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Соның ішінде көптеген мектеп спартакиадалары, студенттердің универсиадалары бар. Бұл жарыстарға еліміздің мектептері мен студент жастары, яғни ұзын саны 2 миллионға жуық бала мен жасөспірім қатысады.

Бұл ынтымақтастықтың жетістіктері көңіл қуантады. Дегенмен, спортшыларды дайындау бағытындағы осы жұ­мыстардың мемлекеттік жүйедегі дене шынықтыру және спорт қоғамдардың заң тұрғысынан белгіленген арнайы дәрежесі болса, аталған шаралар одан да зор жемісін беріп, тиімділігі артар еді. Өткізілген жарыстардың қорытындысы негізінде қаржылық және спорттық разрядтар беру мәселесін шеше алатын спорттық федерация дәрежесі болса, құба-құп.

Сонымен қатар спорттық қоғамдар мен клубтар үшін үлкен маңызға ие, балалар мен жасөспірімдердің спортын жаппай дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны бекітсе дейміз. Ең бас­тысы, 1992 жылдың 27 шілдесінде ІІМ алқасының №3 шешімімен облыстық және қалалық әкімдіктердің коммуналдық меншігіне өтіп кеткен еліміздің 14 қаласындағы «Динамо» спорт қоғамына тиесілі спорттық-мате­риалдық базаны қоғамның өзіне қайтару жөніндегі мәселе көтерілсе екен. «Динамоның» өзіне тиесілі спорттық кешендер Алматы, Орал, Қызылорда және Шымкент қалаларында ғана сақталып қалды.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт кешенін қайтару процесі бастал­ды. Мектеп оқушылары арасынан қыз­меткерлер резервін дайындау – бүгінгі таңның ең өзекті мәселесі. Құқық қорғау органдары мен өзге де құрылымдардың қызметкерлер құрамының сапасын арттыру мәселесі осыдан туындайды. Оған қоса, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мәселелерді шешу, ең бастысы, құқық қорғау және күштік құрылымдардың беделі мен абыройын қалпына келтіру сияқты мәселелерді де ұмытпауымыз керек. Елбасымыз Жастар жылы деп жариялаған осы бір жылда бізді қолдайды деген үміттемін.

 

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»