Заман талабы
Сенбі, 12 мамыр 2012 7:56
Мемлекетіміздің тарихында алғаш рет жүргізілгелі отырған құқық қорғау органдарының жаңа кадрлық әлеуетін қалыптастыру жөніндегі кең ауқымды іс-шара басталып кетті. Осындай кең ауқымды іс-шараға дайындық жұмыстары ретінде шетелдік мемлекеттердің тәжірибелері жан-жақты зерттелген болатын. Мәселен, 2010 жылы Ұлыбританияда құқық қорғау органдары қызметін оңтайландыруға бағытталған «Әлеуметтік жауапкершілік және полицияны реформалау туралы» Заң қабылданды. Нәтижесінде, 2011 жылы Ұлыбритания полициясы 3,2 пайызға қысқарған. Польшада құқық қорғау жүйесіне реформалар жүргізу нәтижесінде Польша полициясы қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттырудың сәті түсті.

Көршілес Ресей Федерациясының құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың стратегиялық бағыты «Полиция туралы» Федералдық заңда бекітілген. Аталған заңнамалық акт шеңберінде 2011 жылдың 1 наурызынан 1 тамызына дейінгі кезеңде Ресей ІІМ-нің барлық қызметкерлері кезектен тыс қайта аттестаттаудан өтті, соның нәтижесінде, ІІМ органдарынан 226900 адам жұмыстан шығарылды, ол жалпы санның 22 пайызын құрайды. Ресейлік тәуелсіз сарапшылардың пайымдауларынша, бұл шара ІІМ-нің кадрлық құрамын айтарлықтай қысқартуға және өзгертуге жағдай жасады, құқық қорғау жүйесін, әсіресе, оның басқарушы құрамын елеулі түрде қайта құрылымдау жүзеге асты, ал ол сыбайлас жемқорлықтың азаюына көп көмегін тигізді. Әлемдік тәжірибе құқық қорғау жүйесі сияқты үлкен де күрделі мемлекеттік жүйенің қызметін сапалық өзгерту мен тиімділігін арттырудың тез және барлық жерде бірдей жүзеге аса бермейтінін көрсетіп отыр.
Дәл қазіргі Қазақстандағы құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестаттау мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлерін жай ғана жұмыстарынан қысқарту емес, жаңа заман талабына сай құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және білімін анықтау, аталған органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы, мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту болып табылады. Органдарды бүтіндей алғанда мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін моральдық-өнегелілік сапасы төмен және жемқорлық пиғылдағы біліксіз қызметкерлерден тазарту да үлкен маңызға ие.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен деген пікір жиі айтылып келеді. Әсіресе, қарапайым халық тарапынан арыз-шағым көп. Осыған байланысты, халықтың құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне деген сенімін қалпына келтіру өте маңызды. Міне, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаппай аттестаттаудан өткізудің сыры да осында болса керек. Өйткені, құқық қорғау органдары басшыларын, өңірлік және аумақтық мамандарды кезекпен тексерістен өткізу бұл істің жоғары нәтижеге қол жеткізетініне кепілдік береді деген үміттемін. Осыған орай бұл саралау, таразылау барысында әділеттілікті басшылыққа ала отырып, кәсіби мамандар құқының тапталмауына, жеке мүдделерінің ескерілуіне бірінші кезекте мән берілуі керек деп есептеймін.
Бауыржан ОМАР,
құқық-заң магистрі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.