Фотосуреттер Б.Норжмааның жеке мұрағатынан алынды
Одан арғы жол Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Түркия, Болгария, Венгрия, Аустрия, Швейцария, Германия, Франция мемлекеттерімен жалғасады. Мақсат – Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың арасын жалғастырған көпір болған Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту. Моңғолияның жүрегінен Еуропа арқылы Лондонға жетіп, 12 мың шақырымды артқа тастамақ. Жүрек жұтқан саяхатшы қыздың есімі – Байгалмаа Норжмаа. Уақыт аздығына қарамастан бізді қызықтырған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Айтуынша, Қазақстанға алғаш рет келуі, әсем табиғат пен дала көрінісі көздің жауын алады. Әйтсе де елдегі туристік агенттіктер мен анықтамалық ақпараттарды бірден таба алмай қиналған екен.
«Интернеттегі және анықтамалық кітаптардағы телефонға қоңырау шала отырып, бізге сенімді ақпарат табу өте қиын болды. Менің ойымша, барлық турагенттіктер мен жеке меншік, әсіресе мемлекет меншігіндегі фирмалар тәулік бойы жұмыс істей бермейді. Қазақстанның бір ғана Алматы облысында туризмді дамыту үшін көптеген мүмкіндік бар. Қазақ жері – Ұлы Жібек жолының үлкен бөлігі, – деген ол халықаралық фестивальдер мен туристік іс-шараларды, экскурсияларды жан-жақты өткізудің нәтижелі екенін айтады.
– Біздер көшпенділер Ұлы Жібек жолын еске сақтауымыз керек. Көшпенділер мәдениетін насихаттау үшін осы жолды таңдап алдым. Осының барлығы сегіз жыл бұрын Tim Core есімді аустралиялық саяхатшының Моңғолия мен Венгрияға атпен барғанын естуімнен басталды. Мен оған ерекше қызығып әрі қызғанып қарадым. Көшпенділер мәдениетінен жырақ аустралиялық азамат емес, мына біз, көшпенділер істеуіміз керек емес пе?! Кейін ол адаммен танысып, жақсы араласып кеттік. Осылайша мен де түйемен әлемге саяхаттауды ойластыра бастадым, – дейді ол. Байгалмааның айтуынша, түйе малы Моңғолияда шаруашылық мақсатта әлі күнге кең қолданылады.
Жолға шығатын түйені әуелі сыртқы тұрқына қарап таңдаса, саулығын аузына қарап таниды екен. «Әке-шешем түйе өсіреді. Сондықтан түйе үйретуді жақсы білемін. Елде өркениет пен мал шаруашылығы қатар қанат жайған», деген пікірінен төрт түліктің бабын жақсы табатынын аңғардық.
– Түйелерді шекарадан асыру қиын болды. Мысалы, Қытайға жолға шыққан түйемізбен шекарадан өте алмадық, рұқсат бермеді. Сондықтан барған елімізден алдын ала түйе дайындап, сапарлауымызға тура келді. Түйе табуға әр елдегі жанашыр жандар барынша қолдау көрсетіп жатыр. Өзім әлеуметтік желілерде белсенді болғандықтан, көп адам хабардар болып, бастамамызға қолғабыс етіп жатыр, – дейді Байгалмаа.
Ал саяхат кезіндегі қиындықтар туралы сұрағанымызда, аса бір қиындықтардың болмағанын, табиғатқа таза жүрекпен ұмсынсаң, бауырына жатсынбай тартатынын айтады.
– Мен бір ғана нәрсені білемін, табиғатқа адал ниетің ғана керек. Өзімді табиғаттың ажырағысыз бір бөлшегі сезінемін. Әзірге ешқандай қиындық туған жоқ. Тек түйе ең әуелі аяқтан қалады. Дегенмен орташа жылдамдықпен тоқтаусыз 30 шақырымға шыдас береді. Сондықтан әлсін-әлсін тынықтырып, отырамын. Қандай жағдай болсын шешімін табуға болады, – деген Байгалмаа бес жыл бойы толғандырып келген саяхаттың жүзеге асқанына бек қуанышты.
Екінің бірінің қолынан келе бермейтін мұндай шешім ерлікпен пара-пар деп айтуға болатындай. Ал осы қиын да қатерлі ұзақ жолға шыдас беретіндер аз. Сондықтан жолаушы топтың құрамы жағдайға байланысты әрдайым өзгеріп отырады. Байгалмааның ержүректігі мұнымен ғана шектелмейді. Оның тау құмарлығы кәсіби альпиниске айналдырды. Моңғолия тауларын қойып, үлкен Кавказдың Бүйір жотасындағы ең биік шың Эльбрус пен Африканың Килиманджаросын бағындырған. «Адамды өлтіретін бірсарындылық, қауіп-қатерден қорықпаңыз», деген дала қызы көшпенді жұрттың мәдениетін әлемге әйгілеу жолында ештеңеден қаймығар емес.