Президент • 12 Сәуір, 2019

Маңғыстаудағы маңызды нысандар жұмысымен танысты

1231 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маң­ғыс­тау облысына келді. Сапар барысында ол Ақтау қа­ла­сындағы №2 емхана жұмысымен таныс­ты. Мемлекет басшысы аталмыш мекемеде емдеу және күндізгі стационар кабинеттерін және емхананың жедел медициналық жәрдем стансасын аралап көрді.

Маңғыстаудағы маңызды нысандар жұмысымен танысты

Емханада емделушілерге арнайы көпсалалы дайындықтан өткен тә­жі­рибелі дәрігерлер қызмет көрсетеді. Тұр­ғындарға сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек беруді мақсат еткен емханада ақпараттық қолдау жүйесі жұмыс істейді. Соның ішінде тәулік бойы қызмет көрсететін call-орталық, сенім телефоны және емхананың веб-сайты бар. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау Өңірлік кәсіпкерлер палатасына барды.

Мемлекет басшысына «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов облыстық Кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған, ел аумағында алғашқы «Бизнеске арналған Үкімет» жобасын таныстырды. Жоба мақсаты – «бір терезе» қағидаты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын бір орталықтан көрсету. 
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы ғи­ма­ратында қызмет көрсетудің 5 бағыты жұмыс істейді.

– «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы арқылы әр кәсіпкер өзінің бизнесін дамыту, біліктілікті жоғарылату мен қар­жыландыруға қатысты консультациялар мен қызмет көрсетудің кең ауқымын ала алады. Кәсіпкерлерге бар­лық қыз­мет­­терді бір жерден алуға жағдай жа­салған. Ең бастысы – кәсіпкерлер мәсе­ленің күрделілігіне қарамастан, қайда жүгіну қажет екенін нақты біледі. «Биз­неске арналған Үкімет» арқылы біз кә­сіпкерлерге арналған бірыңғай хаб құрамыз, бұл жұмыс, жалпы алғанда, ел экономикасына оң әсер ететін болады. «Атамекен» келешекте аталған жобаны республиканың барлық өңірлерінде та­ратуды жоспарлап отыр», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде «Бастау» жобасы арқылы кәсіп ашқан кәсіпкерлермен кездесті. Солардың бірі – Алтынгүл Қауқарова. Ол кәсіпкерлік негіздерінен білім алып, Шетпе ауылында балабақша ашты. «Атамекен» өңірлік мик­роқаржылық ұйымы 10 млн теңге несие бөлді. Түпқараған ауданынан Айтөре Бұхаева стоматологиялық ка­бинет ашты. Енді тұрғындар аудан аумағынан ұзамай-ақ кешенді ем қабыл­дай алады. Құрық ауылынан жас кәсіпкер Көмекбай Қойбағар түйе шаруашылығын қолға алды. Қазір ауыл халқын түйе сүті өнім­дерімен қамтамасыз етіп отыр.

2018 жылы «Бастау» бағдарламасы бойынша 1056 адам оқуға қатысты, оның ішінде 305-і жеке кәсібін бастап, 1 мыңға жуық жұмыс орнын ашты. 

Жалпы Маңғыстау облысында 2018 жылы кәсіпкерлікке берілген несие көлемі 11,9 млрд теңгені құрайды. Жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге 424 жоба субсидия­лан­­ды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­­дар­ламасы бойынша 168 жобаға 3,3 млрд теңге бөлінсе, «Нұр капитал» бағ­дар­ла­масы шеңберінде 44 жобаға 845,4 млн тең­ге жұмсалды. Ал шағын несие ре­тін­де 710 жобаға 7,1 млрд теңге ба­ғыт­талды.

Мемлекет басшысы Yessenov University-де болып, жастармен кездесті. Президентті университет басшысы бір топ оқытушылармен қарсы алды. Оқу орнында Мемлекет басшысына алдымен Студенттерге қызмет ету орталығы таныстырылды. 

Бұл орталықта барлық білім алу­шы­ларға қызмет көрсетіледі. Сту­денттердің толық ақпаратты бір терезеден алуға мүмкіндіктері бар. Анықтамаларға және транскриптке тапсырысты онлайн жүйе арқылы беріп, электронды кезек арқылы дайын тапсырыстарын ала алады. Сонымен қатар студенттерге қызмет көрсету орталығында 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Университет ректоры Берік Ахметов Мемлекет басшысына университеттің инфрақұрылымы жөнінде баяндап, университетте енгізіліп жатқан жаңа тың идеяларды таныстырды. 

Баяндамадан соң Президент Теңіз ака­демиясының жұмысымен таныс­ты. Мемлекет басшысының назарына нор­вегиялық Kongsberg компаниясының кеме жүргізушілерді және кеме механиктерін оқытуға арналған жоғары технологиялық тренажерлары көрсетілді. Тренажерларды жұмыс кезінде студент­тердің өздері таныс­тырған болатын. Қазіргі таңда Yessenov University студенттері Каспий теңіз және өзен көлігі институтында тәжірибеден өтуде. Аталған институт – теңіз, өзен және аралас «өзен-теңіз» суларында жүзетін барлық үлгідегі кемелерде жұмыс істеуге құқығы бар су көлігі үшін мамандар дайындайтын Каспий маңындағы жалғыз салалық білім беру кешені. Студенттердің ірі салалық кәсіпорындарда, сондай-ақ өзен және теңіз флотының кемелерінде практикалық дағдыларды алуға мүм­кін­дігі бар. 

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақтау халықаралық теңіз сау­да порты ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына барды.

Сапар барысында Мемлекет басшысына Ақтау теңіз портының қазіргі жұмыстары, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалын арттырудың перспективалары, сондай-ақ Ақтау қаласындағы шипажай аймағының инфрақұрылымын дамыту жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік міндеттерді толыққанды орындауға, соның ішінде жүк тасымалы операцияларын жүргізуге, кемелерді айлаққа қоюға және қызмет көрсетуге септігін тигізетін порттың техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Ақтау халықаралық теңіз сау­да портының жаһандық көлік дәлізінің қиылысында орналасуы, жылына 17,7 миллион тонна құрғақ жүктерді, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік беретінін баяндады.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі көрсетілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштерінің арнайы техникасымен, қару-жарақтарымен және киім үлгілерімен танысты.
Мемлекет басшысының Маң­ғыс­таудағы сапары жалғасуда. 

Маңғыстау облысы