Қоғам • 12 Сәуір, 2019

Әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуымен құнды

4932 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Орталық аппаратында өткізген жиналыс­та Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімді қолдап, осы бағытта партияға бірқатар нақты тапсырма берген еді.

Әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуымен құнды
Соған байланысты партия Төрағасы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Орталық аппаратының құрылымдық бөлім басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиынға бейнеконференция байланысы арқылы партияның облыстық филиалы төраға­ларының бірінші орынбасарлары мен партия аймақтық филиалдарының қыз­мет­керлері де қатысты. Іс-шара барысында партия Төрағасы берген тапсырмаларды орындау барысы талқыланып, оның нақты жолдары сөз болды.

Сөз басында Мәулен Әшімбаев кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімнің өте орынды әрі уақтылы қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президенттің бұл жауапты шешім бойынша Елбасымен ақылдасқанына, Парламенттегі қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңескеніне, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгінгеніне және Парламенттегі партия жетекшілерімен кездескеніне назар ауда­рып, Nur Otan партиясының аталған тари­хи шешімді қолдайтынын жеткізді.

– Бұл биліктің тұрақтылығы мен елдің бірлігін нығайту үшін қабылданған уақтылы әрі өте орынды шешім. Nur Otan партиясы сайлау науқанына тас-түйін дайын. Ол үшін біз өзіміздің ұйымдастырушылық, кадрлық, саяси және ақпараттық әлеуетімізді пайдаланып, заң аясында жұмыс істейміз. Сайлау еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің одан әрі күшеюіне оң әсерін тигізіп, халықты Елбасының саясаты аясында жаңа мақсаттарға жетелейді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол сайлауға Nur Otan партиясының белсенді түрде қатыса­тынын жеткізді.

– Еліміздегі жетекші саяси партия ретінде Nur Otan президенттік сай­лауға белсенді түрде қатысады. Партия Төр­ағасының тапсырмасына сәйкес пар­тиямыз сайлауға қатысу үшін өз кандида­тын ұсынады. Соған байланыс­ты Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жыл­­дың 23 сәуірінде партияның кезектен тыс XIX съезін шақыру туралы Қаулыға қол қойды. Сол съезде Nur Otan атынан сайлауға қатысатын кандидаттың есімі белгілі болады, – деді М.Әшімбаев.

Одан бөлек, іс-шарада Nur Otan партиясының Елбасы саясатының одан әрі жалғасуының басты кепілі екені туралы айтылды.

Nur Otanda өткен жиналыста Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл –  ел бесігі» және «Ха­лық­қа көмек» жобаларын тиімді жүзеге асыру мәсе­ле­леріне арнайы тоқталған еді.

Атап айтқанда, «Халыққа көмек» жоба­сы халықтың проблемаларына жан-жақты әрі жедел назар аудару керек дегенді білдіреді. Партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелері базасында 234 әлеуметтік терезе құрылса, оларға Қазақстан Республикасының кез келген азаматы өзінің басында бар мәселелерімен барып көмек сұрауы­на болады. Ал жобаны жүзеге асыру үшін мобильді топтар құрылған. Олар­ға жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері кіреді. Азаматтардың барлық өті­ніш-тілектері бірі қалмай «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша қарастырылады.

«Бақытты отбасы» жалпыұлттық жобасы көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларын жан-жақты қолдауға бағытталған. Аталған жоба аясында әлеу­меттік-экономикалық шаралар жүзе­ге асырылып, халықтың әлеуметтік жағы­нан әлсіз қорғалған жіктеріне құқықтық көмек көрсетіледі және отбасы институтын нығайтуға бағдарланған шаралар ұйымдастырылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамы­туға, мамандармен қамтамасыз етуге және ауылды жерлерде жастардың кәсіпкерлігін өрістетуге бағытталған.

Ал «Құтты мекен» жобасының мақ­саты инженерлік және әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамыту үдеріс­теріне партиялық бақылау жүргізу болып та­былады. Оларды жүзеге асыру үшін бақылаудың үш деңгейлі жүйесі құрыл­ған. Аудандық деңгейде мониторинг жүргізетін топтар бақылауды тікелей инфрақұрылымдардың нысандарында қамтамасыз етеді. Ал аумақтық деңгейде қаржының мақсатты жұмсалуын бақылап, ағымдағы жағдайға талдау жүргізеді және шектеулі сипаттағы ұсынымдамалар жасайды. Орталық деңгейде мемлекеттік органдар мен партия құрылымдарының жобаны жүзеге асыру барысындағы есептері тыңдалатын болады.

Жиын соңында М.Әшімбаев партия­ның Орталық аппараты мен барлық деңгейдегі филиалдарына және бастауыш партия ұйымдарына алдағы сайлау науқанына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Елбасы анықтап берген аталған төрт жобаның басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік жағда­йын жақсарту. Сондықтан қашанда ха­лық­­тың мүддесін бірінші кезекке қоя­тын Nur Otan үшін бұл басымдықтар партия жұ­мы­сының негізгі бағыты болып саналады.