Қоғам • 12 Сәуір, 2019

Қара құрдым шекарасының суреті түсірілді

2143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуір айының 10-ы күні әлем ғалымдары тарихта тұңғыш рет ғарыш кеңістігіндегі Қара құрдымдардың бірінің фотосын таныстырды. Дәлірек айтқанда, Қара құрдымның өзі емес, оның жиегінің фотосы. Өйткені Қара құрдымның өзін фотоға түсіру мүмкін емес.

Қара құрдым шекарасының суреті түсірілді

The Event Horizon Telescope жобасының мамандары бес құрлыққа орналастырылған 8 радиотелескопты екі жыл бұрын тұтас бір құрылғы тә­різді жұмыс істетіп, 2017 жыл­дың сәуір айында Құс жолы галактикасындағы Мер­ген А және Messier 87 галак­тикасындағы Қара құрдымды бақылаған. Нәтижесінде адамзат тарихында алғаш рет Қара құрдымның фотосы түсірілді. Әрине, жұртшылыққа таныс­тырылған фото біздің ұғы­мымыздағы сурет емес. Бұл радиотелескоптар арқылы жи­налған деректер негізінде жасалған дүние. Өйткені, Жерден 500 квинтиллион ша­қырым немесе 53 млн жарық жылындай алыста орналасқан Қара құрдымның стандартты фотосын түсіру мүмкін емес. Сондықтан, The Event Horizon Telescope командасы бірнеше телескопты пайдалануға бе­кінген. Жобаның авторы Шеп Доулман Қара құр­дымды бақылауға қажет теле­скоптың көлемі тым үлкен болуы тиіс екенін еске­ріп, бес құрлықтағы 8 телескопты атом сағаттары ар­қылы бір мезгілде жұмыс істету бастамасын ортаға тас­­­­тады. Осылайша Messier 87 галактикасындағы Қа­ра құрдымды көру үшін диа­метрі 12 мың шақырымды құрайтын виртуалды телескоп пайда болды. Яғни, 8 телескоп бір ғана нысан тәрізді жұмыс істеген. Бұл телескоптардың әр­қайсысы 500 террабайт ақ­парат жинағандықтан, оны интернет арқылы обсер­ва­торияларға жіберу мүмкін болмады. Сондықтан, деректер 1024 хард-дискге көші­ріліп, АҚШ-тағы Хайс­так обсерваториясы мен Гер­маниядағы Макс Планк инс­титутына жіберілді. 

Сәуірдің 10-ы күні жария­ланған жаңалықтың адамзат баласы үшін ең құнды тұсы – Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясын дәлелдеуге ықпал етуінде. Әрі тартылыс күші теориясын жетілдіруге де жол ашады. Өйткені, Қара құрдымдардағы тартылыс күші орасан зор болады. 

Messier 87 галакти­касын­дағы Қара құрдымның массасы Күннен кем дегенде 6,5 млрд есе ауыр, біз Қара құрдымның жиегі ретінде баға беріп отырған шеңбер­дің диаметрі 100 млрд шақы­рым­ды құрайды. Сонымен қатар бұл фото астрономия оқулықтарындағы бұрынғы су­реттерді алмастыратыны айтылуда. Өйткені бү­гінге дейін Қара құрдым ре­тінде көрсетіліп келген фо­толардың көбі иллюстра­циялар еді. Ал Қара құрдым дегеннің өзі ғарышта «отыны таусылған» жұлдыздардың жойқын тартылыс күшінің әсерінен материяны да, жарықты да «жұтып қоятын» аса ауыр дене. Кез келген жұлдыз Қара құр­дымға айнала алмайды. Массасы Күннен үш есе ауыр болатын жұлдыз ға­на Қара құрдымға айналуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00