Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-сі мен «САҚ» киностудиясы түсірген фильмде әлемге әйгілі ғұлама Әл-Фарабидің балалық шағы, білім жолындағы алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның өз еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Тарихи деректерге қарағанда, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген. Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойылған. 3D форматта әзірленген 25 минуттық фильмнің режиссері Нуриддин Паттеев жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту мақсатындағы фильмдерді түсіру жұмыстары жалғасатынын айтты. Ал «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая жақында көрерменге жол тартады.
Жалпы «САҚ» киностудиясы өткен жылы облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін, «Ордабасы – бірліктің туы» фильмдерін жұртшылыққа ұсынған болатын.
Түркістан облысы